25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Асқар Әбітайұлы: Құрбан айт – қайырымдылыққа үндейтін мейрам

Асқар Әбітайұлы: Құрбан айт – қайырымдылыққа үндейтін мейрам

Сұхбат
Жарнама

Елдік деңгейде аталып өтілетін Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті мен мән-маңызы туралы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов газет тілшісіне әңгімелеп берді.

– Асқар Әбітайұлы, алдымен айт күнінің ар­тықшылығы туралы айтып берсеңіз…

– Құрбан айт – барша мұсылман әлемінің қадір тұтқан мейрамы. Биыл аталмыш мереке 21 тамыз күні айт намазын оқумен басталады. Жалпы, «Құрбан» сөзінің өзі «жақындау», «жақын болу» деген мағына береді. Діни термин ретінде бұл белгілі бір уақытта Алла Тағалаға ғибадат жасау ниетімен малды құрбанға шалу дегенді білдіреді. Сондықтан бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза киімін киіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін құшақтап, өкпе-реніші болса кешіреді. Алланың разылығы үшін ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, оның етін тұрмысы төмен, көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылатын отбасыларға, т.б. мұқтаж жандарға таратып береді.

Мал сою да – мәдениет

– Құрбандық малын шалу демекші, оның шариғаттағы үкімі қандай?

– Ханафи мазһабына сәйкес, құрбандық шалу шамасы жеткен мұсылманға, яғни 85 гр алтынның құнындай байлығы бар мұсылманға уәжіп (міндет) болып табылады. Оған «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деген Құран аятын, сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деген хадисін дәлел ретінде айтуға болады. Құрбан шалу міндет болу үшін ең алдымен ол адам мұсылман болуы керек. Жұмысқа қабілетті, кәмелеттік жасқа толған әрі зекет төлейтіндей негізгі қажеттерден тыс дүние-мүлікке (жоғарыда айтылғандай, 85 гр алтынның құнына тең немесе одан көп) ие болуы қажет.

Жалпы, құрбандық шалудың шариғи шарттарын біреу білсе, біреу білмейді. Мал союдың да өзіндік мәдениеті бар.

Ең алдымен, құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Содан соң қасапшы «Бисмилләһи, Аллааһу әкбар» дейді. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыз­дайды. Малды бауыз­дап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қой­са, ол малдың етін жеу­ге болмайды.

Құрбандықты айт намазынан кейін шалу керек. Бірақ, қандай да бір себептермен бірінші күні құрбандық шала алмаған адам, екінші күні және де үшінші күні, күн батқанға дейін құрбан шалуына болады.

– Құрбандыққа мал соймай, орнына малдың құнын ақшалай садақа ретінде берсе бола ма?

– Құрбандық шалу – бұл Аллаға құлшылық жасау әрекеті. Бұл рәсімнің тарихы сонау Ибраһим Пайғамбардың кезінен бастау алады. Алла Тағала Ибраһим Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) сынау үшін және барлық мұсылмандарға Аллаға бағынудың үлгісін көрсету үшін оған ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуға әмір етеді. Ибраһим Пайғамбар
ұлын құрбандыққа шалуға дайын тұрғанда, Алла Тағала оның өзіне қалтқысыз бой ұсынуына риза болып, құрбандыққа шалуға жерге бір қошқарды түсіріп, Исмаилдың өмірін сақтап қалған. Мінеки, құрбан шалу ар­қылы адам Аллаға түгелдей бағынатынын және Пайғамбарлардың жолы­мен жүретінін көрсетеді. Сол себепті, құрбан шалу үрдісінің өзі маңызды. Малдың құнын ақшалай беруге болмайды.

Киіз үйлер тігіліп, жәрмеңке өткізіледі

– Осы ретте «Нұр Астана» орталық мешітінің бастамасымен «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал!» атты қайырымдылық шарасы басталғаны белгілі. «Жетеудің бірі бол» дегеннің мағынасын ашып айтсаңыз.

– Мешіт ауласында бір­қатар спорттық-мәдени, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Қалалық әкімдіктің қолдауымен қол күресі, гір көтеру, арқан тарту, асық ату сияқ­ты ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылып, ар­наулы қайырымдылық жәр­меңкесі өткізіледі. Онда еріктілер дайындаған тағамдар саудаланып, түскен қаражат мұқтаж жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға жұмсалады. Ал «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал!» шарасының жөні бөлек. Бұл – қаламызда жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі шара. Онда шариғатымызға сай, жеті адамның атынан бір қара мал шалынады. Шараға қатысушы адам ірі қара малды жалғыз өзі немесе жеті адамның бірі болу арқылы ортақтасып шалуға болады. Құрбандық шалу бағасы әрбір адам үшін 35 000 (отыз бес мың) теңгеден. Базардағы мал бағасының көтерілгеніне қарамастан біз шараға қа­тысушылардан құрбан­дық ақысын былтырғы бағамен жинап отырмыз. Шараға қатысушы өзінің құрбандық ақшасын өткізеді және арнайы түбіртек алады. Құрбан айт күндері аталған түбіртек арқылы барып, құрбандық малдың шалынғанын көзімен көруіне болады. Жинал­ған ет қаламыздағы көп балалы, әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты ана­ларға, асыраушысы жоқ отбасы мүшелеріне үлес­тіріледі. Мешіт ұжымы құрбандық шалуды және мұқтаж адамдарға таратуды ұйымдастырады.

– Бүгін астаналықтар құрбан айттың алғашқы күні демалады. Қаламызда қандай шаралар өтеді?

– Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қаладағы көрікті орындар мен көшелерге және барлық мешіт маңдайшаларына «Құрбан айт мерекесі құтты болсын!» деген мәтіндегі құттықтау билбордтар мен баннерлер ілінді. Құрбан айт күні қаламыздағы «Нұр Астана» орталық мешіті, «Әзірет Сұлтан» мешіті және «С.Ғылмани» мешіттерінің аулаларына киіз үйлер тігіліп, спорттық-мәдени шаралар мен айттық жәрмеңкелер ұйым­дастырылады. Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының тапсырмасына сай, айт күндері мешітке келген халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсету қамтамасыз етіледі. Құрбан айт мерекесіне және құрбандық шалу рәсіміне қатысты арнайы ақпараттық-түсіндірме буклеттер мешітке келген халыққа тегін таратылуда.

– Соңғы сауал, әрбір адам құрбан айтты қалай өткізген жөн?

– Құрбан айтта мерекелік ас пісіріп, туған-туысқандарыңызды, достарыңыз­ды шақырған абзал. Өз­де­­ріңіз де ағайындары­ңыз­дың үйлеріне қонаққа баруыңызға болады. Ең бас­­тысы, адамдар оның мейрам екендігін сезінуі тиіс.

Сұхбаттасқан: Гүлмира Аймағанбет

"Астана ақшамы" газеті

Бөлісу: