Намаз және басқа да діни мәселелерде баланың түсінбеген бірқатар сұрақтары болуы мүмкін. Әсіресе, тұйық мінезді балалар дінге қатысты көкейіндегі сауалдарын ата-анасына ашып айта бермейді. Орайы келгенде, баланың ішкі ойларын біліп отыру ата-ана үшін маңызды. Есейген сайын өзі түсінбеген ұғымдар балаға күрделене береді. Кейде қандай да бір ойындағы күмәндар жара секілді тез ұлғайып, оның ақиқатқа барар жолын тұмшалап тастайды. Күндердің күні көңілін күпті еткен күдіктен қалай сүрінгенін өзі де байқамай қалады.
Баланың болашағын ойлап, беделді оқу орнына түсіргеніңізбен, жат қылықтарын дер кезінде түзеп отырмасаңыз, ертең жаныңызға қаяу түсіруі мүмкін. Сол себепті оның жан дүниесін жас шамасына қарай рухани нәрмен үнемі байытып отырған дұрыс. Ертеректе балалар рухани ұстаздарға табысталатын. Ұстаздар балалардың жан дүниесіне үңіліп, рухани сырқаты болса сылап-сипап емдеуге тырысатын. Әсілінде, мұндай тәрбиені ата-ананың өзі де қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бір ескеретін жайт, балаңыздың Құдайға деген құлшылығы мінсіз, мінезінің көркем болуы, сіздің осындай игілікті істерге жұмсаған күш-жігеріңізге байланысты. «Бала тәрбиесіндегі жайттардың ең маңыздысы – ішкі тас түйін сенім (ақида) екені күмәнсіз. Бұл Алланың бар екендігіне қатысты сіздің оқыған, зерделеген, көрген-білген дәлелдеріңізге, сондай-ақ өз таным-түйсігі деңгейінде балаға да қатысты. Кейде бұл дәлелдер сіздегі күмәндерді жоятындай мықты болғанымен, бірақ бұған әлі жас болғандықтан балаңыздың түйсігі жете бермеуі мүмкін, ондайда анағұрлым мықтырақ тәсілдерге жүгіну қажеттілігі туады.
«Барша ғаламды Алла жаратса, ал Алланың өзін кім жаратқан?» деген секілді қыңыр сұрақтардың көптігі оларға Алла жайында орнықты пікір берілмегендігін аңғартады. «Пайғамбар неге көп әйел алды?» деген сұрақтың астарында да Алла елшісі жайлы баланың жарытып ештеңе білмейтіндігі жатыр.
Жаралардың көлеміне қарай оларды дер кезінде дұрыс емдеп жазбаса, ертең қабынып, қанды іріңге айналып, жазылуы қиындай түседі. Олай болса, баланың ойындағы «Алла» жайлы сенімін күшейтуге күш салуымыз керек. Мысалы, «ине шеберсіз жасалмайды, иненің өздігінен жасалғанын ойлау қисынсыз. Олай болса, жаратылысты да жаратқан біреу бар, ол − Алла» деген қисынды уәж баланың сол жасқа тән күмәндарын сейілтуі мүмкін. Сіз осындай ем-тәсіл арқылы санасын күмән торлаған жанға көмекке жүгірсеңіз, оның ойындағы күдік атаулыны ұлғайтпай сылып тастайсыз.
Бізге жеткен діни мәліметтерге қарағанда, отқа табынатын мәжусилер Имам Ағзам Әбу Ханифаға бірталай сұрақ қойып, одан қанағаттанарлық жауап алған. Ғылым, едәуір алға жылжып жаратылыстану мен техника саласында қызу пікірталастар болып, құқық, фыкыһтың маңызы артып, елеулі жаңалықтар ашылып жатқан сол кездің өзінде отқа табынатын мәжусилер Әбу Ханифа хазіретке «Біз Аллаға сенбейміз» деді. Әбу Ханифа тұсында мәжусилер көп еді. Өйткені, Куфа ертеректе мәжусилер көптеп мекендеген аймақ болатын. Әбу Ханифа оларға жаратылыстың барлық қыр-сырын өз білгенінше өте қарапайым әдіспен түсіндірді: «Асау толқындарға қарамастан, ешқандай кедергісіз алға жүріп бара жатқан бір кемені көрсеңіздер, оны басқарып әрі жүргізіп келе жатқан біреудің бар екендігіне күмәнмен қарайсыздар ма?» дегенде, олар бірауыздан «Жоқ» деп жауап қатты. Ұлық имам осы кезде: «Олай болса, мына жұлдыздар, бүкіл ғалам мен Жер шары дәл бір теңізде келе жатқандай өзінің жүрісінен, бағытынан ауытқымастан, жаңылмастан жүзіп келе жатыр, мұны өздігінен жүзеге асуда деп қалай айта аламыз?» деп өздеріне қарсы сауал қоя отырып, оның жауабын тікелей осы сұрақтың өзінен табуға болатынын аңғартып, аз сөзбен көп нәрсені ұқтырады. Оның ұшқыр ойы мен ұтқыр жауабына тәнті болған мәжусилер «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммадун расулаллаһ» деп иман келтірді.
Бұл – әр адамның деңгейіне қарай сөйлесудің, сендірудің жарқын мысалы. Кейбіреулер мұндай тәсілге қанағаттанбаса да, кейбіреулер үшін осының өзі жеткілікті. Мұның артықшылығы – қарапайымдылығында, яғни белгілі бір танымы бар адамдар үшін әбден жеткілікті болуы мүмкін. Ал баланың жасы ұлғайған сайын мәселелерге одан да тереңірек тоқталып, оның сенімін нығайтуға күш салу керек. Мәселен, адамның миы, көзі, ішкі механизмі, жасуша жүйесі, анатомиясы, физиологиясы өте ғажап жаратылған. Бұлардың барлығы да Алланың құдіретін көрсететіндігі балаға өз тілінде жете ұғындырылуы тиіс. Дәлелмен айтылған, тұшымды жауаптар баланың Аллаға деген сенімін нықтай түседі».
материал «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды,
ummet.kz