30
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Бүгінгі жұрт кім үшін той жасайды?

Бүгінгі жұрт кім үшін той жасайды?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Адамдар үйленіп, бақытты болуды қалайды. Жүрегі қобалжып, өмірдегі ең маңызды қадамын жасауға бел буады. Баласының осынау игі қадамына қуанған əке-шеше барын алып той қамына кіріседі. Жанашыр атаулы қарбаласып, біреу сынамасын деп жанталасады, біреу қалып қоймайық деп шама-шарқынша тақымға басып қам-қарекетін жасайды.

Құдаға жағалы киім, құдағиға алтын дейді, ал босаға аттар келінге сырғасын іздейді. Той өткізетін мейрамхана тапса, күні сəйкес келмейді, ақырында тойды асабаның бос күніне белгілейді. Мұның қатарында алдына гүл байланған сəнді көлік, тойда билегендерге сыйлық, қалыңдық пен күйеудің киімі деген секілді шығыны қаншама. Бұл қарбалас тек жігіттің үйінде емес, мұндай шашылып, төгілуден қыз берген жақ та қалыс қалмайды. Олар да тапқанын дорбасына сықап салып, көтергенінше қыздың жүгін тиеп келеді. Сандыққа санап киімін салады. Құдалыққа шабаданына дейін алады. Қыздарына тағатын алтындары өз алдына бір дүние.

Тойға ағайын-тума, бала-шаға, көрші-көлем, жолдас-жора, əріптес-серіктес түгел шақырылады. Əні-міне, кешігіп той басталады, алғашқы сөзді атақтары дырдай дөкейлер алады. Екі жастың бақыты үшін алып қойғандардың кейбірі сол жастардың атын да білмейді. Енді біреулердің тойдан кейін екі жас өмірінде көрмейді. Осылайша біреу бар дүниесін шашып, біреу белшесінен қарызға батып той өткізеді. Құдағилар құрбыларына бір жыл есеп береді. Осылайша, дүрілдеген той өтеді де кетеді. Тойдан кейін де бұл қазақтың өкпесі бітпейді. Белшеден батқаны соншалық, алынған қарыздың түбі көрінбейді. Үйдегілердің еңсесі су көтермейді. Ененің үрейі жас келіннің уайымынан асып түседі.

Екі жас бір-біріне үйреніседі, үйдегі күйбің тірлікке кіріседі. Келіннің көңілі құлазыса үйдегілер елеңдейді, ененің қабағы шытылса, бала-шаға жағы күйзеледі. Ене мен келін тіл таппай қалса, күйеу жігіт үйден безеді. Бірін-бірі сыйлап, қадірлемесе, кикілжіңнің кесапаты шаңырақты айналшықтаумен болады. Бөлек тұрса, кейде жүгі жеңіл дейді, ал ажырасатындар көп ұзамай ажырасып тынады.

Сонда бүгінгі жұрт кім үшін той істейді? Есеп беру ме, əдейі шашылу ма, бұл жағын түсіну қиын. Келінін жас қой деп енесі кешіре салмаса, енем жарымның анасы ғой деп келін кішіреймесе, сонша шашылып не қажет? Пендешілік түсінікпен кей аналар мəпелеген ұлын келінінен қызғанады,ал келінді басқа үйге үйренісу жағы қинайды. Егер адамдар бір-бірінің бақыты үшін екі ауыз сөзді көтере алмаса, сонша ақша шашуда қандай мағына бар? Баласының бақыты үшін келіннің бастапқы уақыттағы еркелігі мен олақтығына көз жұмып, түсіністікпен қарай алмайтын ата-анаға той жасап, əлекке түсіп не керек? Екі жас өз шамасын біліп, той қажет емес десе де, тыңдамай, дүрілдетіп жиын өткізіп, той қарызын өмір бойы мойнына ілу дұрыс па? Бақытты болу үшін той жасап қана қоймай, жағдай да жасай білу керек. Мүмкін екі жастың түсінісіп, үйренісіп кетуіне бір жыл керек болар. Əркім осыған талпынуы тиіс. Өз қолынан келгенінше жаңа отбасын демеп, қанатын түзеп отырған ата-аналарға не жетсін...

материал «Ислам жанұясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: