Ислам дінінде жүктілік Алланың берген ең үлкен рақымы ретінде қарастырылады. Адамның ең маңызды функцияларының бірі – ұрпақ жалғастыру. Мұндай миссияны жүзеге асыруды Алла Тағала әйелдерге жүктеген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Әйел жүктілік кезінде, босану кезінде немесе нәрестені емізу кезінде Алланың жолында тұрған күзетші ретінде болады, ал егерде осындай кездерде ол қайтыс болса, онда оның сауабы шейіт сияқты болады» (Табарани).
Кез келген жүкті әйел эмоционалды ауытқуларды, қорқыныш пен дәрменсіздікті сезінеді. Және дәл осы кезеңде (бұрынғыдан да көп) оған жұбайының қолдауы мен тіреуін қажет етеді.
Хадисте Әсуәд Айша анамыздан Пайғамбарымыздың үйде қандай істермен айналысатынын сұрағанда: «Ол әрдайым өзінің зайыптарына көмектесіп жүретін. Ал намаз уақыты басталған кезде, ол мешітке баратын», – деп жауап берген болатын (Бұхари)«Бірде қажылық парызын өтеген кезде түйе кенеттен алдыңғы аяқтарына түсіп кетті. Жануардың бұндай ісін күтпеген Сафия жерге құлап, түйенің бұл ауыртпалығынан, жылап жіберді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жанына келіп, көзінің жасын өз қолымен сүртіп оны жұбатты» (Хайсами).
Осының өзі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым әйелдеріне жақсы қарағандығын, мейрімділігін көрсетеді. Біз әкелерге немесе болашақ әкелерге қажет болуы мүмкін бірнеше кеңестер келтіреміз:
- Әйелді барлық жүктілік кезінде қолдап, оған көмектесіңіз;
- Босанғанға дейінгі клиникаларға бірге барыңыз;
- Жүктілік және босану туралы кітаптардан, жүктілік туралы жаңалықтар бағдарламасынан, жүкті әйелдерде болатын физиологиялық және психологиялық өзгерістер туралы көбірек біліңіз;
- Баламен жатырда сөйлесіңіз;
- Тоғыз айда баланың туылуына қаржылай ғана емес, психологиялық тұрғыдан да дайындалуға тырысыңыз;
- Сіздің сыйлықтар жасап, назар аудару белгілеріңіз арқылы әйеліңізді босанудың қиын кезеңінен өткенімен құттықтаңыз;
- Бала туылған кезде рәсімдер мен дәстүрлерге көмектесу керек;
- Жұбайыңызға және балаларыңызға, туылған және әлі құрсағындағылар үшін үнемі дұға жасаңыз.
Ислам әйелдердің еркектерге қарағанда нәзік, сезімтал және эмоционалды табиғаты бар екенін, ал ер адамдар оларға сәйкесінше қарым-қатынас жасауы керек деп санайды. Бұл өз кезегінде ерлі-зайыптылардың өз араларында одан да күшті сүйіспеншілігінің артуына, отбасының денсаулығына, бақыты мен болашағына деген сенімділікке кепілдік береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйе мініп бара жатқан әйелдерді көріпті. Түйе жетектейтіндер түйелерді жылдам айдаған кездерінде, оның түйеде отырған әйелдерге ыңғайсыздықтар тудырғанын көріп, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған былай деп айтыпты: «Сен нәзік шыны сандықтарды апара жатсың, сондықтан оларға абай бол» (Бұхари).
материал «Некеге тұратын жастарға арналған жаднама» кітабынан алынды,
ummet.kz