Алла тағаланың құлдарына қойған талаптары бар. Бұларды міндетті түрде орындаулары керек. Мұны парыз дейді. Бес уақыт намаз оқу, рамазан айында ораза ұстау, шамасы келетіндердің қажылыққа баруы секілді құлшылықтар парыз ғибадаттар. Парыз құлшылықтарды орындағандарға зор сауаптар жазылады. Орындамағандар күнә істеген болып саналады.
Парыздар – Алла тағала тарапынан құлдары үшін бекітілген ең негізгі ғибадаттар. Парыздарды орындағаннан кейін қосымша ғибадаттарды да орындауға болады. Осы қосымша ғибадаттарды «нәпіл ғибадаттар» дейміз. Мысалы ауқатты адамға өмірінде бір мәрте қажылыққа бару парыз болса, шамасы келіп тағы да баруы нәпіл ғибадат болып табылады. Адам баласының нәпіл ғибадаттармен өміріне сән кіргізуі нұр үстіне нұр. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінде баяндалғандай, құлдарды Алла тағалаға ең көп жақындататын парыз амалдар. Егер құл парыздарын орындап, қосымша нәпіл ғибадаттарды да орындауға тырысса, ол құлдың рухани дәрежесі көтеріліп, жүрсе де, сөйлесе де, не істесе де тек қана Алла тағаланың разылығы үшін әрекет ете бастайды. Әрбір әрекеті Алла тағаланың қалауына сай орындалған құлдың барлық іс-қимылы ғибадат ретінде қабыл болады.
Мұндай адамдар әрдайым айналасындағыларға сырттан қарағанда-ақ Алла тағаланы естеріне түсіріп тұратын нұрлы жолбастаушыға айналады. Көшеде, базарда жүргенде оның жүзіне қараған адамның ойына Алла тағала оралады. Ол адам үнсіз тұрса да дене пішімі, бет әлпеті Алла тағаланы еске түсіріп тұрады[1]. Нәпіл ғибадаттар құлдың діни өміріндегі кем-кетіктерді толтырады. Оны Алла тағалаға жақындатып, Жаратқанның құдіретімен дарыған бөлекше ізгі мінезін кемелдендіруге сеп болады. Нәпіл ғибадаттардың діндегі орны осыншалық маңызды болғанына қарамастан ата-ана ақысы одан да бір сүйем биік тұрады. Осыған байланысты бір оқиға былай баяндалады:
Бір күні Хишам ибн Хассан ғұлама Хасан Басриден:
«Құран үйреніп жүрген едім. Сондықтан үйге кеш қайтамын. Құптан намазына дейін анам мені үйде күтіп отырады. Осы әрекетім дұрыс па?» – деп сұрайды. Сонда Хасан Басри:
«Құптанның уақытында үйіңде болып, анаңды қуантып, оған көңіл бөлуіңді нәпіл ғибадат ретінде жасалған қажылықтың сауабынан артық көремін», – деген екен.
Малики мәзхабының имамы Малик ибн Әнәс ата-анасының рұқсатынсыз нәпіл қажылыққа баруға болмайтынын айтады. Ғалым имам Ғазали:
«Халал немесе харам екені анықталмаған шүбәлі мәселелерде ата-ананы тыңдау – парыз. Ал Алла тағаланың нақты харам деп үкім берген мәселелерінде ата-ананы тыңдау парыз емес. Ата-анаң өздерімен бірге отырып тамақтануыңды талап етсе, олардың айтқанын орындауың керек. Сол секілді, нәпіл ғибадат мақсатымен саяхатқа шығарда міндетті түрде олардың рұқсатын алуың керек. Сен үшін парыз болып саналатын қажылық жасауда ата-анаң қарсы болып тұрса, кешіктіргенің абзал. Ғылым-білім үйрену мақсатымен де жолға шығатын болсаң, олардан рұқсат алуың керек»[2], – дейді.
Демек, имам Ғазали де ата-ананы тыңдауды нәпіл ғибадаттан үстем деп қарайды. Оның көзқарасы бойынша тіпті егер бір адамға парыз қажылықты өтеуге ата-анасы қарсы болса, қажылығын кешіктіріп, кейіннен баруына болады дейді ғұлама.
материал «Жұмақтың кілті жаныңда» кітабынан алынды,
ummet.kz