Адамзат қоғамы ұшқан құстай дамыған сайын дүниенің барлық пайдалы жақтарын адам үшін дамытқан сайын, техника мен технологияның адамзат үшін әкелетін қолайлығын айтып тауыса алмайсың.
Алайда адамзат өмірінде көп нәрсе техника мен технологияның немесе ақшаның көмегімен шешім тапқанымен кейбір рухани құндылықтары мен жан қуаты, әрине, ақшаның немесе дамыған техника, технологияның көмегімен шешілмейді. Мысалы, бала тәрбиесінде үлкенді сыйлап, кішіні аялау, ата-ананы құрметтеп, қартайса оларды дұрыстап бағу т.б. істердің барлығы заман талабына сай техника мен технологияның көмегімен бірге ең маңыздысы аялау, құрметтеу, мейірімділік таныту, көңіл бөлу сынды ешқандай жерде ақшаға сатып ала алмайтын жан қуаттарына сүйенеді.
Тура сол сияқты үйлену мен жар таңдау, отбасы құрудың барлық үдерісіне техника мен технологияның болымсыз бір пайдасы болғанымен отбасылық құндылықтар негізінде қараған кезде берер пайдасы аз.
Себебі адамдар техника немесе технологиялармен әсіресе қазіргі заманның байланыс құралы болған әлеуметтік желілерді адам өмірінің уақытын үнемдеп, байланысу себептерін тездетуіне, күнделікті өмірдегі тұрмыстық мәселелердің шешілуін тездетуге, жеңілдетуге арналып жасалғанын ұмытып кетеді. Кейбір адамдар өмірдің нағыз бейнесі осы екен деп күн сайын, сағат сайын осы желілердің ішіне кіріп алып, өздерінің қызықты сәттері мен ләззатты уақыттарын, боямалы өмірлерін жұртпен бөлісіп, оған бармақ көрсеткендерге риза болып, өзін бақытты сезінгенімен, өзімен-өзі қалған сәтте өзінің көз алдына шынайы бет-бейнесі келгенде, өзін сондай әлсіз, бақытсыз сезінетін, жұрттың алдында басқа, шынайы өмірде басқа, яғни жалған мен ақиқаттың ортасында шаршаған бір бейшара, бақытсыздарды көресіз.
Қанша ма сұлулық салондарын тоздырған, әлеуметтік желілердің, сахнаның, теле арналардың гүлі болып жүрген өздерін бақытты, сәулетті, дәулетті көрсетуге тырысқан қаншама жұлдызlар бар,олардың әр қайсымен жеке сөйлесе қалсаң жеке өмірі тас-талқан болған, не дұрыс отбасы жоқ, не дұрыс бала тәрбиелей алмаған, жарынан ажырасқан, туыстарын танымайды, әншейінде өз ұлтының жанашыры, өнерінің қорғаушысы сияқты көрінгенімен үйде баласымен, жарымен бір ауыз өз ана тілінде сөйлеспейтін, жалған патриот адамдар жетерлік. Бұны айтып отырған себебіміз біреуді ақтап, біреуді даттау емес. Кез келген адамның шынайы жүзі өте маңызды екенін басқалар үшін емес, ең әуелі сол адамның өзіне керек екенін айтқымыз келеді.
Бұған дәлел ретінде төмендегі оқиғаны мысалға алайық. Әлеуметтік желілер мен интернет сайттарына тіркеліп, өздеріне жар іздеген ер мен әйел түрліше мазмұндағы анкеталарды толтырады, әрі өздерінің болашақ жарының бойында болуы керек қалаған жақсы қасиеттерді ескере отырып, сұрақ-жауап парағын толтырады.
Белгілі бір уақыт өткеннен кейін өздері ұсыныс жасаған «үйленуге кеңес беру орталығының» адамдары оларды кездесуге шақырады. Ер де, әйел де алдарынан қандай тосын сый тұрғанын білместен шақырылған мекен жайға келеді. Шынында, алдарынан олар күтпеген тосын сый шығады. Екеуі таныстыру салонына кірген кезде бұдан жарты жыл бұрын ажырасқан өз жарларын кездестіреді.
Демек, технология қанша қолайлы болғанымен, айналып келіп адамның шынайы, адамдық түсінігіне бәрі бір әсер ете алмасы анық.
Әрине, адамзат өміріне қажетті азық-түлік, құрал-сайман, машина, үй т.б. нәрселерді интернеттің көмегімен қарау, көптеген ұсынылған нұсқалардың ішінен технологияның көмегімен жақсысын таңдап алу бүгінгі заман талабының жетістігі болып саналады. Сонда да таныс адамнан алған үй мен машинаның сенімді болатынын бәріміз білеміз. Ал адам баласының ішкі мінез-құлқын техника мен технология қалай білсін.
Ендеше, жар таңдау сынды аса жауапкершілікті істе интернет сайттарының көмегіне сүйену аса қауіпті тәуекелдің бірі болып саналады. Әрине, интернет арқылы жолығып, үйленіп, бақытты болғандар жоқ емес. Алайда соңында қалай болғаны белгісіз. Сондықтан біздің ойымызша, интернет сайттары мен теледидар бағдарламалары, әлеуметтік желі парақшалары – барлығы ақша табу үшін адамдарды алдап шақыратын «тұзаққа» айналғандары қаншама. Бұндай тұзақтар адамдардың ақшасын ғана алып қоймай сенімін, уақытын, сезімін – барлығын ұрлайтын қорқынышты бір орта. Әрине, бұндай себептер арқылы үйленуде жақсы жарға жолығып қалу адамға мыңнан немесе миллионнан нәсіп болатын бір іс, болмаса қандай арлы, намысты, инабатты адамдар бұндай тұзақтан жар іздеуі мүмкін.
Ендеше, адамның адамға махаббаты, сүйіспеншілігі тек қана құр сөзбен, жазылған SMS-пен емес, шынайы амалмен, яғни, ауырғанда, қиналғанда, қуанғанда қасында болып, қуанышы мен қайғысын бөлісумен шынайы болады. Қазіргі замандағы техника мен технологияның дұрыс қолданбағанымыз үшін бізге әкелген пайдасынан зияны көп екенін ескерсек, тіпті осы әлеуметтік желілердің әсерінен туыстың халін сұрамайтын, балаларымыздың жағдайын ойламайтын, басқалардың шынайы өміріне бас қатырып, олар туралы ойламайтын, тіпті өз отбасымызда өз баламыз бен жарымыздың шынайы кімдер екенін ұмытқан халге келгенімізді мойындайтын заман жетті.
Қорыта айтқанда, жар таңдау мәселесі, сөзіміздің басында айтқандай, қазіргі заманғы техника мен технология алғаш танысуға себеп сезім сияқты бір құрал болғанымен, ол – өмірдің басты көрсеткіші, негізгі қозғаушы күші емес. Негізгісі – шынайы адамдық бейне.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz