Тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, жылдар бойы мәпелеп ер жеткізген ұлы мен бой жеткізген қызының болашақ жарының кім болуы кез келген ата-ананы алаңдатары белгілі. Әрине, ең алдымен әлдеқайда қатты алаңдайтын қыздың ата-анасы екенінде дау жоқ.
Қыздың ата-анасы қыздарын жар етіп алатын болашақ күйеу баладан күтетін ең басты қасиеті, әрине, жоғарыда айтқанымыздай, қыздың ары мен намысын азамат ретінде өзіне аманаттап, тапсырып алатын «сенімділік» қасиетінің басым болуы. Себебі қазақ ұлттық болмысында қыз өмірге келген күннен бастап оны «кісінің адамы», «біреудің аманаты» деп аса жауапкершілікпен қараған. Сондықтан оны жар етіп алатын күйеу жігіт те сол аманатқа қиянат жасамайтын, көрер қызығын көргеннен кейін жауапкершіліктен қашып орта жолда тастап кетпейтін болуы шарт.
Сенім болған жерде иман мен адалдық, ізгілік пен адамгершілік болатыны белгілі. Сондықтан қыз ұзатылар сәтте қазақ салтында әкесі қызы мен күйеу баласын қатар отырғызып, күйеу баласына «бұл қызды қазір мен саған Алланың аманаты ретінде тапсырамын, ары қарай бұл аманатты аман-сау сақтап, арыңа сай, сенімділікті ту еткен азаматтығыңа тапсырылатын іс» деп шығарып салуы содан қалған дәстүр болса керек. Тіпті бұл әдет христиандарда да сақталған күйеу жігітке қызын өзінің әкесінің ертіп әкеліп беруінің арқасында қыз қашанда да еркектерге аманат, нәзік жаратылған қыз ғұмыры қайда болмасын еркектің жанында ғана өзін сенімді, бақытты сезінеді, ендеше, туғалы әкенің қарауында, асырауында, қорғауында болған қыз бүгіннен бастап күйеу жігітке аманат деген сөз жатқаны белгілі.
Ал жігіттің ата-анасы қазақ дәстүрі мен түсінігінде әлдеқайда көбірек келіндерінің арлы әрі ұятты болғанын қалайды. «Ұят – иманның жартысы» деген хадиске сүйенер болсақ, бабалар дәстүрінде ұятты келінде ар мен намыс болады. Ары мен намысын қорғай білген адамның өн бойынан адамдыққа қатысты барлық жақсы ерекшеліктерді табуға болады. Сондықтанда атақты Бауыржан Момышұлының әйгілі батасында:
Кеудесін керген келіннен сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Жалқау бала пасық, намыссыз,
Ожданы жоқ ұлыңнан сақта, – деп, келіннің өн бойында болатын ең басты қасиет арлы, ибалы, ұятты, инабаттылықтың белгісі – кішіпейілділік екенін баса айтқан, әрі Алладан соны тілеген.
Сан ғасырлық ұрпақтан ұрпаққа қызмет етіп келе жатқан өз мәдениетіміз бен тарихымыздан айырылып, тамырсыз, сусыз қалған ағаштай бодан болған халқымыз тәуелсіздік алып, заман талабына сай ел құру үшін әр нәрсеге дамығанның жөні осы екен деп басты тың жетістіктерін үлгі еткен бүгінгі таңда, кейбір адамдар тек техника мен ғылымға ғана емес адами құндылықтарға да, мәдениетке де Батыстан үлгі алуды әдетке айналдырған. Уақытқа құрмет, үнемдеу, ғылым мен техниканы дамыту сынды нәрселерде кімнен болса да ұялмай үлгі алудың айыбы жоқ, маңызы зор. Алайда отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесінде батыстан үлгі алатын жер қалмағаны белгілі.
Алайда бодандықтың астында жүріп, ата-бабаларымыздың сан ғасырлықмәйекті мәдениетінен айырылып қалған, бүгінгі қазақ даласындағы кейбір ата-аналарымыз өмірдегі ең маңызды шешім саналатын ұлы мен қызының бас құрауын дәстүрлі ата-ананың тәжірибесіне сүйене отырып, ақылдасып шешім қабылдауды бір жаққа тастап қойып, бұл істі заман талабы деп, өмірге әлі дұрыс көзқарас орнатпаған, бұғанасы қатпаған, ақылы толыспаған екі жастың еркіне қалдыру, оны адамдық құқық пен бостандықтың, демократияның талабы деп өздерін алдау арқылы жауапкершіліктен қашуының салдарынан қаншама жастар жыл уақытына жетпей ажырасудың жолын таңдап жатыр.
Заманында бабаларымыз ажырасуды тек қыз бен жігіт немесе олардың ата-анасы ғана емес әулеттің, рудың ар-намысы санап, жұрт болып жұмылып екі жастың ары қарай бақытты болып кетуіне қолдан келген көмектерін аямаған. Ал бүгінгі техника мен технология дамыған, жағдай жақсы заманда ажырасудың біздің елімізде 30%-ға жақындауы, әрине, тек жастардың кінәсі емес, қайта ата-аналардың балаларының үйлену процесіне деген жауапсыз қарауы мен жастардың үйленуге, үй болуға дайын еместігі.
Демек, осындай трагедиялық үйленудің алдын алудың жалғыз жолы ата-бабаларымыздың жолына оралып, жастардың үйленуіне тек екі жасты ғана жауапты етіп қарап отырмай, барлық екі жақтың әулеті болып, тіпті ұлт болып, қоғам болып жұмыла жүк көтеріп, аса маңызды жауапкершілік сезіммен қарағанда ғана ертеңгі жас жұбайлар өмірге нық сеніммен аяқ басары даусыз.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz