Ғасырлар бойы айтылып, талқыланып келе жатқан бір енжар көзқарас бар. Ол да болса келіп шығуы надандықтың белгісі.
Алайда Исламның жауһары Құран кәрімнің ең алғашқы аяты «Оқы» деген сөзбен түскен болса да, «білім алу – ер мен әйелге парыз» деген хадиске сүйенсек те, әсіресе Ислам дінін ұстанатын мемлекеттердің болашақ өмірге бала әкеліп, оны тәрбиелеп, адам етіп қатарға қосатын болашақ бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ел аналарының «оқымаса да болады» немесе «байтал шауып бәйге алмас» деген керітартпа психологиядан 21 ғасырда да айырыла алмай келе жатқаны өкінішті. Егер аналары оқымаған, надан болса Абай мен Алтынсариндер қайдан өмірге келер еді.
Демек, білім алу деп тек қана университет бітірген, қолында дипломы бар адамдарды ғана айтпаймыз. Себебі қолында 2-3 дипломы бар көшеде сумкасын мойнына асып, қара жұмыс іздегендер мен маскүнем атанып қаңғыған қаншама доктор бар қоғамда. Асыл мәселе Ыбырай Алтынсариннің «Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық» дегеніндей, тоқу өте маңызды болып саналады.
Жоғарыда айтып өткендеріміз болашақ үйленетін жастардың еркек, әйел демей білім алуы заман талабына сай өнерлі болуы шарт екенін айттық. Алайда еркектер үшін болашақ таңдайтын жарының міндетті түрде оқыған, заман талабына сай білімі болуы маңызды. Себебі отбасы дегенде ер мен әйел көп нәрселерде таразы сияқты. Тепе-теңдікті қажет етеді. Еркектер қалай отбасын асырау үшін, нәпақа тауып, оларды қорғау үшін әрі физиологиялық күшті, әрі білімі жағынан күшті болуы керек болса, әйелдер де заманға сай білімі болуы шарт.
Бұл жерде ескере кететін ең маңызды мәселе – әйелдер оқыған мамандығының соңына жетіп, сол мамандық үшін өмірінің барлық мақсаттарын мен міндеттерін ауыстыруға, сол мамандығына қарай шешім қабылдауға тырыспағаны дұрыс. Мысалы, астроном, кен қазу немесе инженер мамандығы әйел адам үшін өмірінің мақсаты болмауы керек. Өйткені әйел адам үшін одан да маңызды ұлы мамандық – ана болып, өмірге бала әкелу. Оны бағып-қағып, тәрбиелеп, адамзат қатарына адам етіп қосудан ұлы мамандық жоқ әлемде. Себебі адамзат қоғамы үшін мамандық пен жұмыс маңызды болса, ал «ана болу» жауапкершілігі бұлардың барлығынан маңызды. Бұл жерде мұғалім жоқ жерде мұғалім болу, дәрігер болу сынды адам өмірімен тікелей байланысы бар, тек қана сол маманның ғана көмегіне жүгінетін мамандықтарға «ана болу» бақытына кедергі келтірмейтін дәрежеде атқарса мәселе жоқ. Ал мамандық, жұмыс деп өзінің отбасы мен балаларын, жарын ұмытса, онда мәселе күн сайын ұлғая береді.
Сондықтан әйелдің нәзік жаратылған табиғаты өмірге бала әкелу мен оны бағып, қатарға қосу сынды ұлы міндеттің үстіне құрылған. Демек, бұндай ұлы міндетті ақша табу, карьера жасау, мамандығын ақсатпау т.б. жолдарға құрбан еткен кез келген қоғам адамзаттың өркениетті қоғамы ретінде дамуы тоқтайды, жоғалады. Сол себепті қыз бала өмірге келген күннен бастап оның алатын білімі мен көретін тәрбиесі, қоятын мақсаты мен жететін жетістігі – барлығы болашақ ана болуына бағытталады.
Ақша табу, отбасыны асырау, сыртқы шаруаларды басқару, отбасыны қорғау т.б. еркектің міндеті болғаны сияқты, отбасының ұйытқысын қалыптастыру, бала тәрбиелеу, еркегінің тапқанын дұрыс жолға жұмсау – әйелдің міндеті.
Қорыта айтқанда, әйел адамның білім алуы, оқуы, бай болу, ақша табу, карьера жасау мақсатында емес, болашақ ақылды жар, асыл ана, ибалы келін, өнегелі жұбай болуға бағытталуы тиіс.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz