24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Күйеуі әйеліне ұстаздық ете ала ма?

Күйеуі әйеліне ұстаздық ете ала ма?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Медреседе оқитын Әсем әпкем бірде әлеуметтік желіде мынадай сұрақ қойды: «Ер адам, яғни күйеуі әйеліне ұстаздық ете ала ма?» Сонда көпшілік әпкелер «ұстаздық ете алмайды» - деп жазыпты, ал үйленіп, тұрмыс құрмағандары «ұстаз бола алады» - депті.

Ол кісі бұл сұрақтың туындау себебін былай түсіндіреді:

Осыдан екі күн бұрын фиқһ дәрісінде отырғанбыз, топтағы жаңадан тұрмысқа шыққан бір қыздың жағдайына байланысты, осы тақырып қозғалды. Сонда ұстазым (әйел кісі): «күйеуі ешқашан әйеліне ұстаз бола алмайды, себебі ер адам түздің адамы, ол күні бойы көшеде жұмыс жасап жүреді, кешке жұмыстан шаршап келгенде, сенің тамағың дайын болу керек, үйдің атмосферасы оған ұнайтындай болу керек, сен оның, былайша айтқанда, мына дүниедегі жаны тыныштық табатын жәннат мекенісің» - деді. «Одан қала берсе, егер күйеуің имам немесе ұстаз болатын болса, ол саған өтетін шариғи ілімдерді адамдарға, жамағатқа күні бойы өтіп келеді, ол кешке үйге келген соң, сенімен басқа тақырыпта сөйлескісі келетін шығар. Енді айтшы, ол кезде сенің ілім алуға мүмкіндігің бола ма? Мүмкін әйеліне ұстаздық етіп жүргендер бар шығар,бірақ олар 1000/1.2», - деп әдемі түсіндірді.

Ақмешітте жүргенімде Еңлік ұстазымның дәрістерінің бірінде: «Hocamnan hoca çıkmaz», мағынасы – «Күйеуімнен ұстаз шықпайды», - деген түріктің бір мақалын айтып, әбден күлдіріп еді. Ол кісі де «Күйеуі әйеліне ұстаздық ете алмайды, тек оған ілім алуына жағдай жасап бере алуы мүмкін» - деген.

Қазір тұрмыс құрмаған көп намазхан хиджабтағы қыздар, мейлі медреседегі талабалар болсын, мейлі жай мешіттен сауат ашып жүрген қыздар болсын, қари, хафызға не шейхқа тұрмысқа шыққысы келеді. Мұндағы мақсат – ертең күйеуі алған ілімін әйеліне де үйретеді деп ойлайды. «Күйеуім ілімді болғанын қалаймын, ертең маған да үйретеді» немесе «Күйеуім өзім үйретіп аламын деп айтты» деп жүрген қыздар өте көп.

Сондай ойда жүрген ханшайымдарға айтар әпкеміздің насихаты: ілімді тұрмыс құрғанға дейін алып алыңыздар!

Күйеуге дұрыс итағат ету, оның ата-анасының қызметін жасау, балаға жақсы тәрбие беру үшін де әжептеуір ілім керек. Сіздердің бұл ойларыңыз құдды «зейнетке шығайын, сосын намаз бастаймын», - деген адамның әңгімесі сияқты.

Некеде бастысы – білім», - деп ойласаңыздар – қателесесіздер. Медреседегі бір ұстазым: «Некеде ең бастысы – үйлесімділік, бір-біріңді түсіну» деп айтушы еді. Тұрмыстық өмір болған соң, әртүрлі жағдай болады, таңнан қара кешке дейін күйеуіңнен ілім үйреніп отыра алмайсың, кейде баланың қажетін таситын да адам керек. Сол үшін, қыздар, ілім үйренуге бүгін мүмкіндігіңіз бар ма, соны дұрыс пайдаланып қалыңыз.

Халал мен харамды ажыратпай жатып, ертең қалай балаларыңызға адал ас бермекшісіз? Тұрмысқа шыққан соң, күйеуіңіз сіздің мешіт-медреселерге барып, ұстаздардан ілім алуыңызға мүмкіндік жасап бере алуы мүмкін немесе таныс әйел ұстаздарды тауып беруі мүмкін. Фиқһтан шамалы халал-харамды үйрететін шығар. Бірақ өзі сізбен отырып араб тілінен, тәпсір, хадис т.б. шариғи ілімдерді үйретуі екіталай.

Жоқ, мен жәй намазымды оқып, біреуге жар болсам болды деп, мүмкіндік бола тұра, білімге селқос қарау – білімге деген үлкен қиянат!

Қазіргі таңда кейбір ислами шешімі табылмай жатқан мәселелерде әйелдердің ықпалы көбірек керек. Гай Кавасаки айтады: «Кез келген мәселені шешуде қиналсаң, үш әйелден кеңес сұра.» Ерлер қазір үшін, ал әйелдер келешек үшін жұмыс жасайды.

материал «Әйел және ілім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: