22
Жұма,
Қараша

һижри

Ислам дініндегі әйел образы

Ислам дініндегі әйел образы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жаратылыс тұрғысынан ер кісі де, әйел кісі де Алла Тағаланың пендесі. Алла Тағала қалағанын ер, қалағанын әйел етіп жаратады. Дегенмен, ер мен әйел тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек-әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі етіп жаратар еді.

Еркек пен әйел өздеріне тән табиғатындағы ерекшеліктерін ескергенде ғана екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары, яки ақылды жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады.

Бірінші аят:
«Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық»

Қысқаша түсіндірме: Алла Тағала адам баласын өте көркем, сұлу бейнеде жаратқан. Бойына көркем сипаттарды дарытқан. Оның көркем түрде жаратылғанының белгісі – дене-мүшелерін кемшіліксіз жаратып, ерекше үйлесімділік берген. Оны тек көркем жаратып қана қоймай, оған түсінік, ілім, ақыл, пайым, сөйлеу, әдептілік қабілеттерін берген. Мужаһид «керемет бейнеде» деген Құран аятындағы сөзді: «ең жақсы түрде, жаратылғандардың кемелі» деп, түсіндірген.

Екінші аят:
Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол» екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар»

Қысқаша түсіндірме: Сендерді бір Адам (ғ.с.) атадан жаратқан Алладан шынайы түрде қорқыңдар. Сол адамнан барша адамзаттың анасы Хауаны жаратты. Адам мен Хауадан бүткіл еркек, әйелден тұратын халықтарды өрбітті.

Үшінші аят:
Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар Қысқаша түсіндірме: Бұл жердегі міндет – ер адамның жанұя напақасын табу, әйелге көркем мінезбен қарым-қатынас жасау, зиян келтірмеу.

Әбу Узайна әс-Садфи (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Әйелдеріңнің ең жақсысы – күйеуін жақсы көретін, жиі бала туатын, ерін мақұлдайтын әрі оған бойұсынатын әйелдер. Ал әйелдеріңнің ең жаманы – өзінің сұлулығын басқаға көрсететін және менменшіл, тәкаппар әйелдер. Олар – екіжүзді мұнафықтар тәрізді. Олардың тек, тұмсықтары немесе аяқтары қызыл түсті шәуқарғаларға ұқсаған аз бөлігі ғана жұмаққа кіреді».

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Қандай әйел ең жақсы?», – деп сұрағанда, Ол: «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын, ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел», – деп жауап берді.

Ибн Адий: «Базардан жеміс-жидек алып үйіне әкелген адам садақа сауабын алады. Әкелген жемісті ұл балаларынан бұрын қыз балаларына берсін! Әйелдерді, қыздарды қуантқан адам Алладан қорқып жылағандардың сауабын алады. Ал Алладан қорқып жылағандардың денесі тозаққа харам болады» деп қызды қадірлеуді өсиет еткен екен.

Айша (р.а.) анамыз айтады: «Бір күні маған пақыр, кедей әйел екі қызымен келіп, тамақтандыруын өтінді. Мен олардың әр біріне бір құрмадан бердім. Әйел өзіне тиесілі құрманы аузына сала бергенде балалары құрма берші деді. Құрманы өзі жеместен екіге бөліп, қыздарына берді. Бұл жәйт мені қатты әсерге бөледі, мен оны Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айттым. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, сол әйелдің істеген жақсы ісі үшін Алла оны жәннатқа кіргізіп, тозақ отынан аман сақтайды», – деді (имам Муслим риуаяты).

Тағы бір хадисте: «Үш қызына қажеттіліктен құтылғанға дейін жақсы қараған, ішіп-жегізіп, киіндірген адам әлбетте жәннатқа қол жеткізеді» деген (Әбу Дәуд).

Демек, қыз бала әке-шешесінің жәннаты, тозақ отына қалқан. Міне, ислам бізге оның мәртебесін осылайша баяндайды. Сондықтан үйімізге қыз келсе, ол үшін қуанып, Аллаға мадақ айтуымыз керек. Әрине, оның өскенде тәрбиесі әке-шешесінен сұралады, солар жауапты болады.

материал «Әйел энергиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: