Бала тәрбиесінде оның айналасындағы әлеуметтік және заттық ортаның алатын орны ерекше. Баланың өмір сүретін үйі, ауылы, қыры, сайы, тауы, тасы, тіпті желіне дейін жас жеткіншектердің қалыптасуына әсері бар. Сондай-ақ перзенттеріміздің айналасындағы адамдар – ата-анасы, бауырлары, туған-туыстары, көршілері, достары – бәрі де бала тәрбиесіне үлкен үлес қосатын факторлар. Бұл жағынан алғанда, қоршаған ортаның әдепті баланы әдепсізге немесе тәрбиесіз баланы әдептіге айналдыратындай ықпалы бар екенін естен шығаруға болмайды.
Аяттар мен хадистерде «жамағат», «көпшілік», «қауым» деген ұғымдарға көбірек тоқталуының бір сыры осында. Жамағаттың сау болуы үшін оны құрайтын жеке адамдар қандай қағидаларға бой ұсынуы керек? Міне, бүкіл діни құндылықтар осы сұрақтың айналасына құрылған десек артық айтқандық емес. Сол себепті баласының екі дүниеде бақытты болуын қалаған ата-ана барынша мұсылмандықты ұстанатын, бес парызын орындап жүрген ортада тіршілік етуге тырысқаны жөн. Мысалы, уәдесінде тұрмайтын, аманатқа қиянат жасайтын, сенімсіз көршілер баланың рухани болмысын әлсірететін себепке жатады. Ислам тарихында тек тәрбие мақсатында бір жерден екінші жерге қоныс аударылатын жағдайлар аз кездеспеген. Мысалы, жүз кісінің қанын мойнына жүктеген қылмыскер бір данышпаннан ақыл сұрағанда, оның тәубе етіп, кешірім сұраумен бірге «пәлен деген елге көш» деп кеңес беруі бекер емес. Сондықтан, Имам Мәлик: «Жаманшылық ашық жасалатын мекеннен көшу керек. Өйткені жамандық жасырын жасалса, ол жасаушының өзіне ғана зиян. Ал жария жасалса және тоқтатылмаса, әркімге де залалы тиеді» деген тұжырым жасаған. Мысалы, бір ауылда арақ, шарап ашық түрде ішілетін болса, оның бүкіл қоғамға, әсіресе жас балалардың келешегіне үлкен кесір келтіретіні анық. Имам Мәлик ондайды тоқтату керек деп бекер айтып отырған жоқ.
Кейбіреулер «Бізде демократия, әркім өз білгенін істейді» деген ойды алға тартуы да мүмкін. Жоқ. Олай емес. Шын демократияның заңдылығына келсеңіз, бір ауыл немесе бір аудан бір ғана жеке адамның сатып алған жері емес. Бүкіл тұрғындардың игілігіне жарауға тиіс ортақ мекен. Сондықтан ешкім де ішкен арағымен, жасаған ұрлығымен, айтқан бейәдеп сөздерімен біреудің жақсы баласына зиян келтіруіне құқы жоқ. Қылмысы мен күнәсін үйінен шықпай отырып жасауы керек. Міне, нағыз демократия деген осы. Ендеше, перзентінің келешегіне жаны ашитын адамдар шамалары келгенше өз ауылдарында ашық жасалып жүрген жаманшылықтарға бөгет болуға тиіс. Біздіңше, Төле би, Қазыбек, Әйтекелер, Абай, Шәкәрім, Ахметтердің көздері тірі болса, өздері өмір сүретін ортаға тәртіп орнатар еді. Аузы көпірген маскүнемдерді тыяр еді, бейпіл ауыздарды әдепке шақырар еді. Жартылай жалаңаш жүрген қыз-келіншектерге бір тосқауыл қояр еді. Тек олар емес, бұрынғы көнекөздердің қай-қайсысы болса да осындай «ауылдық терапия» жасар еді. Өйткені келешектің жарқын болуы бала тәрбиесінен басталады. Ал бала тәрбиесі қоршаған ортаға тікелей қатысты.
Әлемге әйгілі психолог Артур Томас Джерсильд «Бала психологиясы» деген еңбегінде былай дейді: «Баланың физикалық денесі сырттан алынған азық-түлік арқылы қоректенетіні секілді ақыл-ес бітімі қоршаған ортасынан алынған және тумысынан берілген нәрселердан нәр алады».
Әрине, қоршаған ортаның шеңбері өте кең. Мысалы, әр баланың өз отбасы қоршаған ортасына жатады. Ендеше, бір үйде әке мен шешенің арасындағы татулық-бірлік, балалар арасында бауырмашылдық, олардың біріне бірі бағынуы, бірінің айтқанына екіншісі көнуі, барлығы бірге құлшылық жасауы, кітап оқып білім іздеуі, Аллаға дұға жасауы, жүйелі түрде уағыз айтылуы – бәрі де осы ортаны жақсы етудің шараларына жатады.
Алла Тағала әрбір перзенттің қоршаған ортасын иманды, әдепті, пайдалы етсін!
материал «Отбасы гармониясы» кітабынан алынды,
ummet.kz