Бірде Осман ибн Мазғунның әйелі Хаула бинт Хаким Айша анамызға келеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның қаужыраған хәлін көріп:
– Айша, Хаулаға не болған? - деп сұрайды.
– Күйеуі күні бойы ораза ұстап, түні бойы құлшылық қылады екен. Содан ол өз-өзін тастап жіберген, - дейді Айша анамыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Османға адам жіберіп, өзіне шақыртады:
– Сүннетімнен безгенің бе? - дейді түсі бұзылып. Сонда Осман:
– Алланың атымен! Сүннетіңді орындап жүрмін, - дейді.
– Мен ұйықтаймын, намазды да оқимын. Оразаны ұстаған да, ауызымның ашық болған да кездері бар. Үйдегілерге көңіл бөлемін. Алладан қорық!
Отбасыңның да сенде ақысы бар! - дейді сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Бұл – туралық, тепе-теңдік діні. Ғибадатқа берік болған – жақсы нәрсе. Бірақ маңайыңдағы адамдардың да, өзіңнің де ет пен сүйектен тұратын пенде екендеріңді ұмытпаңдар!
Балаларыңды, әйеліңді үйдегі жиһаз сияқты жансыз деп ойлама! Олар да өзін олай сезінбесін! Әр нәрсенің өз ақысы бар. Орнымен жасауды үйрен! Бәрі менің қасымда жүруі керек деген өзімшілдіктен арыл!
материал Аслан Орақбаевтың «Компас» кітабынан алынды,
ummet.kz