06
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ата-анаға жақсылық жасау нәпіл құлшылықтан жоғары

Ата-анаға жақсылық жасау нәпіл құлшылықтан жоғары

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын):

Пайғамбар (с.а.с.): «Бесікте үш-ақ (сәби) сөйлеген: Мәриямның ұлы Иса, Журайждың оқиғасындағы нәресте (және тағы бір сәби). Журайж ғибадатшыл кісі еді. Ол өзіне ғибадатхана тұрғызып алып, сонда болады. (Бір күні) ол намаз оқып жатқанда, анасы келіп: «Ей, Журайж!» – дейді. (Журайж): «Уа, Раббым! Анам және намазым...» – деп, намаз оқуын жалғастыра береді. Ал (анасы) кетіп қалады. Ертеңіне (анасы) ол намаз оқып жатқанда, (тағы) келіп: «Ей, Журайж!» – дейді. (Журайж): «Уа, Раббым! Анам және намазым...» – деп, намаз оқуын жалғастыра береді. (Анасы) кетіп қалады. Ертеңіне (анасы) ол намаз оқып жатқанда, (тағы да) келіп: «Ей, Журайж!» – дейді. (Журайж): «Уа, Раббым! Анам және намазым...» – деп, намаз оқуын жалғастыра береді. Сонда (шешесі): «Уа, Алла! Оны салдақылардың жүздерін көрмейінше өлтірме», – деп (теріс дұға етеді). (Бірде) Исраил ұрпақтары Журайж бен оның ғибадатын әңгіме етеді. (Олардың арасында) сұлулығы мысалға келтірілетін жеңіл жүрісті бір әйел бар еді. Ол: «Егер қаласаңдар, мен оны сендер үшін азғырамын», – дейді. Сөйтіп, (әйел) оны айналдырады, (бірақ Журайж) оған мойын да бұрмайды. Сосын (әйел Журайждың) ғибадатханасын паналап жүрген бір қойшыға келіп, оған өзімен (жақындасуға) мүмкіндік береді де, (қойшы) онымен жақындасады. Содан (әйел) жүкті болады. Ол (баласын) босанған соң: «Бұл Журайждан», – дейді. (Адамдар) келіп, оны төмен түсіріп, ғибадатханасын қиратады және өзін сабауға кіріседі. (Журайж оларға): «Бұларың не?» – дейді. Олар: «Сен мына жезөкшемен зина жасап, ол сенен бала туыпты», – дейді. Ол: «Сәби қайда?» – дейді. Олар оған (баланы) алып келеді. (Журайж): «Мені жібере тұрыңдар, намаз оқып алайын», – деп, намаз оқиды. (Намазын) аяқтаған соң (әлгі) сәбиге келіп, ішінен нұқып: «Ей, бала! Әкең кім?» – деп (сұрайды. Жөргектегі бала): «Пәленше қойшы», – деп (жауап береді). Сонда (адамдар) Журайжға келіп, оны сүйе бастайды және оған қолдарын тигізіп, өздерін сипауға кіріседі. Олар: «Біз сенің ғибадатханаңды алтыннан тұрғызып береміз», – дейді. (Бірақ Журайж): «Жоқ, оны бұрынғысынша лайдан қайта (тұрғызыңдар)», – дейді. Олар солай жасайды. Сондай-ақ бір сәби анасын еміп отырғанда, (жандарынан) ойнақтаған мініс көлігіне мінген, көрінісі сұлу бір кісі өтеді. Анасы: «Уа, Алла! Баламды осы тәрізді ет», – деп (дұға қылады). Сонда (бала шешесінің) емшегін тастай сала, (әлгі кісіге) бұрылып қарап: «Уа, Алла! Мені бұл сияқты етпе», – дейді де, (қайта) бұрылып, емшек емуге кіріседі», – деген. (Әбу Һурайра): «Мен (сәбидің) емшек емгенін әңгімелеп тұрған Алла елшісінің (с.а.с.) сұқ саусағын аузына салып, оны сора бастағанын (қазір де) көріп тұрғандаймын», – дейді.

(Пайғамбар (с.а.с.) әңгімесін әрі қарай жалғастырып): «Және (олардың жандарынан адамдар) бір күңді алып өтеді. Олар (күңді) сабайтын және: «Сен зина істедің, ұрлық жасадың», – дейтін. Ал ол: «Алла маған жеткілікті, Ол – қандай жақсы Қамқоршы!» – дейтін. (Сәбидің) анасы: «Уа, Алла! Баламды бұл сияқты етпе», – деп (дұға етеді. Бала тағы да) емуін тастай сала, (әлгі күңге) қарап: «Уа, Алла! Мені осы сияқты ет», – дейді. Сонда (анасы мен баласы) бір-бірімен сөйлесуге көшіп, (шешесі): «Тамағың ауырсын! (Жанымыздан) көрінісі сұлу бір кісі өткенде, мен: «Уа, Алла! Баламды осы тәрізді ет», – деп (дұға жасадым). Ал сен: «Уа, Алла! Мені бұл сияқты етпе», – дедің. Және (адамдар) мына күңді сабап: «Сен зина істедің, ұрлық жасадың», – деп алып өтті. Мен: «Уа, Алла! Баламды бұл сияқты етпе», – деп (дұға қылдым). Ал сен: «Уа, Алла! Мені осы сияқты ет», – дедің», – дейді. (Сонда бала): «Ақиқатында, әлгі кісі зорлықшы еді. Мен: «Уа, Алла! Мені бұл сияқты етпе», – дедім. Ал мына (күңге адамдар): «Зина істедің», – дейді, бірақ ол зина істемеген. (Оған): «Ұрлық жасадың», – дейді, бірақ ол ұрлық жасамаған. Сондықтан мен: «Уа, Алла! Мені осы сияқты ет», – дедім», – деп (жауап береді)», – деген3 (2550/8).

материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: