Құран Кәрім некелесуді әмір етеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» және «Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» делінеді.
Олай болса, қиылған ақ некенің жарамды болуы үшін төмендегі шарттар толық орындалуы керек:
Бірінші шарты – Еркек пен әйел некелесу жайлы байлам жасау.
Яғни, тұрмысқа шыққалы тұрған әйелдің басы бос болуы шарт. Өзге біреудің некесінде немесе толық ажыраспаған яки болмаса күйеуі қайтыс болғалы идда мерзімі бітпеген әйел. Идда әйелдің күйеуімен ажырасқан соң күту мерзімі. Бұл - әйелдің үш рет етеккір көріп, толық тазару уақытын қамтитын мерзім.
Екінші шарты – Қыздың тұрмысқа шыққанда: «разымын», - деуі. Ал, жігіттің некеге алғанда: «қабыл алдым», - деп өткен шақ формасында берген жауаптары.
Үшінші шарты – Уәлидің, яғни қамқордың келісімі. Демек, қыз теңін тауып тұрмысқа шығар болса әуелі әкесінің батасын алуы міндет. Уәли, яғни қамқор - қыздың әкесі және еркек кіндікті бауырлары деген ұғымды білдіреді. Қыздың тағдырына тікелей жауапты да осы уәли. Өмірдегі ең жауапты да, шешімді белес бұл - отбасын құру. Мұндай күрделі мәселені қыз өз бетінше шешуі қайта түзетуге келмейтін, орны толмайтын қателікке алып барары сөзсіз.
Айша (р.а) анамыздың жеткізген хадисінде: «Қайсыбір әйел уәлисіз (яғни қамқоршысыз) тұрмысқа шықса, оның некесі заңсыз (деп үш рет айтқан). Ал, егер ер кісінің шаңырағын аттап, шымылдыққа кірсе әйелге маһр беріледі. Уәлилер қызды тұрмысқа беру кезінде тартысып қалса, Үкімет уәли болады[1]», - деген.
Қыздың қамқорлары (яғни әкесі мен бауырлары) қыз таңдауына келісе алмай қалса. Ал, қыздың шыққалы тұрған жері өз теңі және иманды болып тұрса мұндай жағдайда Үкіметке жүгіну қажет. Қысқаша айтқанда АХАЖ-ға тіркелуі тиіс. Өйткені Үкімет некеге тұру мәселесін осы мекемеге яғни АХАЖ-ға тапсырған. Хадистегі Үкімет уәли дегені осы АХАЖ.
Төртінші шарты – Куәлардың қатысуы.
Талақ сүресінің 2-аятында: «...Куәлікті Алла үшін толық орындаңдар»,-деген.
Неке қию кезінде куәлардың қатысуы шарттығы жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уәлисіз және екі куәсіз неке жүрмейді[2]», - деген.
Бұған қоса Абдулла бин Аббас (р.а) баяндаған хадис шарифте: «Ешбір дәлелсіз (яғни куәсіз) өз бетінше некеге тұратын әйелдер жезөкше[3]», - деп айтылған.
Некеге куәгер болатын адамға қойылатын шарттар[4]:
- Ақыл-есі дұрыс. Жүйкелік науқасы бар, маусым сайын қозатын жүйкелік сырқаты бар немесе түбегейлі жынды адам куәлігі қабыл етілмейді;
- Куәгер балиғат жасына жеткен болуы;
- Бас бостандығы бар адам болуы;
- Мұсылман кісі. Діні ислам болмаған кісі некедегі куәлігі заңсыз болып табылады;
- Куәгердің есту қабілеті дұрыс болуы. Екі куә да некелесуші екі жақтың берген жауаптарын естуі тиіс.
- Куәлардың әділ болғаны абзал. Алайда, қатаң талап етілетін шарт емес. Яғни, жоғарыдағы қойылған талаптарға сәйкес адам болып тұрса, куәгер ретінде некеге қатысуына рұқсат етіледі.
Маһр мәселесі:
Маһр жайлы «Ниса» сүресінің 4-аятында: «Әйелдердің маһрін (қалың малын) ықыласпен беріңдер...», - делінген.
Шариғатта маһрдің мөлшерін айнымайтындай етіп бекітпеген. Мұның сыры адамдардың барлығы материалдық тұрғыда тең бола бермейді. Сонымен қатар күн көру деңгейінің өзі әр өңірде әр түрлі. Маһрдің ең төмен мөлшері он дирһам. Он дирһам жеті мисқалға тең (1 мисқал – 4,68гр.)[5]. Біздің өлшем бірлікпен алғанда 32,76гр күміске тең келеді.
Айша (р.а) анамыздың жеткізген хадисінде: «Шығыны жеңіл болған неке – берекесі мол неке» (имам Ахмедтің риуаяты) делінеді. Тағы бір хадисте: «Жақсы әйелдің маһрі жеңіл, некесі оңай және мінезі көркем болады. Жаман әйелдің маһрі қымбат, некесі қиын және мінезі жаман болады», - делінген.
Жоғарыда айтылған маһр мөлшері жеңіл түрге жатады. Одан да төмен болуы мүмкін егер әйел рұқсат етсе. Алайда, ер жігіттің намысы да болуы керек.
Үйлену тойы
Ұлын үйлендіріп, келін түсірген үй алыс-жақын туыстары мен көрші-қолаңды шақырып беташар өткізеді. Келінің құтты болсын! - деп тілек айтып, келіншекке көрімдік беріп, сәлем салдырып қайту қазақи дәстүр. Ақын жігіт келінге қайын атасы және енесінен бастап түгел қайын жұртымен таныстырып, барлығына сәлем салғызады. Келін басын иіп, сәлем береді.
Мұхаммед бин Хатыб (р.а): «Харам мен халал арасын бөліп тұрушы дабыл мен дауыс[6]», - деген хадис риуаят еткен. Демек, домбыра секілді аспаппен ән айтып той тойлау шариғатта рұқсат етілген амал.
Үйлену тойын жасау мұстахаб. Музыкалық аспаптармен ешбір бұзықтыққа шақырмайтын және әдептен шықпайтын өлеңдермен тойлауға болады. Бұл қуанышты сәтке байланысты. Бұл некені жариялау және жастарды үйленуге үндеу болып табылады[7].
Айша (р.а) анамыз Асъадқызы Фариъаны ұзатып, күйеу жігіттің (Нубайт бин Жабир әл-Ансари) үйіне алып барады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «ей, Айша! Қандай ойын-сауық болды? Ансарлықтар ойын-сауықты ұнататын халық[8]», - деп той-томалақ жасаудың дұрыс екендігін аңғартқан.
Материал «Неке кітапшасы» кітабынан алынды.
Авторы «Нұр Астана» орталық мешіті сауат ашу бөлімінің
Директоры Руслан Қамбаров.
[1] Әл-Ихтияр литаълил әл-Мухтар 2-том, Абдулла бин Махмуд бин Маудуд әл-Маусили әл-Ханафи, Бейрут, «Дарул Арқам бин Әбу Арқам», Неке бөлімі, уәли және өкілдік тақырыбы, 112-бет
[2] Фиқһул Ханафи уә әдиллатуһу, шайх Асъад Мухаммад Саъид Сағиржи, 2-том, Дамаск, «Дарул Калим Таиб» 2008-жыл, неке бөлімі, неке қию шарттары, 153-бет
[3] Фиқһул Ханафи уә әдиллатуһу, шайх Асъад Мухаммад Саъид Сағиржи, 2-том, Дамаск, «Дарул Калим Таиб» 2008-жыл, неке бөлімі, неке қию шарттары, 153-бет
[4] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», неке, куәларға қойылатын талаптар, 34-бет
[5] Әл-Лубаб шарх әдабил китаб. Ғұлама шайх Абдулғани әл-Ғунайми Димашқи Ханафи (Майдани атымен танымал). Дамаск, «Мактабат илмул хадис» 2002-жыл, Неке бөлімі, 385-бет
[6] әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, Неке бөлімі, некені жариялау, 301-бет
[7] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», некеге қатысты мұстахаб амалдар, 59-бет
[8] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», некеге қатысты мұстахаб амалдар, 59-бет