«Әйелі мен күйеуі бір-біріне сүйіспеншілікпен қараса, Алла Тағала да оларға мейіріммен қарайды. Ал, ері жұбайының қолынан ұстаса, олардың күнәлары саусақтарының арасынан төгіледі»[1], делінеді хадисте. Ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластыққа Алланың құрметін осыдан-ақ байқауға болады.
Дегенмен, отбасындағы үйлесімділік тек сүйіспеншілікпен келе қоймасы анық. Сүйіспеншілікті де үнемі маздатып отыру керек. Барлық нәрсенің шешімі мен үйлесімін көрсеткен асыл дінімізде ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббатты сақтаудың шешімі де берілген. Ол үшін ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдындағы міндеттеріне мұқият әрі көңілдеріне абай болуы керек.
Ер азаматтың міндеті: Ер кісінің міндеті діни және дүниауи болып екіге бөлінеді.
Діни міндеттері:
- Ер азаматтың жұбайына жақсылық етуі
- Іс-әрекетімен құрмет көрсетуі
- Сөйлеген сөзі жұмсақ болуы
- Көңіліне шаттық беруі
- Әйелінің кейбір сөздері мен әрекеттеріне сабырлық танытуы. Бұл жайлы Ниса сүресінің 19-аятында: «...Сондай-ақ олармен жақсы мәміледе болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген хайыры болуы мүмкін», - деп баяндалған.
Ер кісінің әйелін құрметтеп, қадір тұтуы оның жоғары көркем мінез иесі екендігін білдіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Муминдердің иманы кәмілдері – көркем мінезділері. Ал, сендердің ең көркем мінезділерің әйелдеріне жақсы болғандарың[2]», - деп айтқан.
Ер азаматтың өз әйеліне деген қамқорлығына оның қадір-қасиетіне, ар-намысына тиетін өсек-аяңдардан және іс-әрекеттерден қорғауы да жатады. Өйткені мумин кісі өз жұбайын және бала-шағасын өзгенің орынсыз сөзі мен ісінен қызғануы қажет.
Сахаба Аммар бин Ясир (р.а) айтқан хадисінде: «Үш түрлі адам жәннатқа мәңгі кірмейді: дәис, еркекшора әйел және араққа салынған адам, - деді. Сахабалар: уа, Алла Елшісі! Араққа салынған кісі дегенді білеміз. Дәис деген кім? - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Үйіне (әйелі мен бала-шаға алдына) кім кіріп-шығып жатқанына мән бермейтін кісі, - деп жауап берді. Сахабалар: ал, еркекшора әйел кім? - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): ол (сыртқы көрінісі, киім киісі, жүріс тұрысы мен сөйлеу әдеті) ер кісілерге ұқсаған әйел[3]», - деп жауап берді.
Дүниауи міндеттеріне:
- Жұбайының азық-түлігін, киім-кешегін, дәрі-дәрмегін және де басқа қажеттілігін қамтамасыз етуі отағасы ретіндегі міндеті. Бұл жайлы Талақ сүресінің 7-аятында: «Алланың бергені бойынша нәпақа берсін. Алла ешкімге бергенінен артық жүктемейді...», - деп әмір етілген.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында ер кісілерге: «Әйелдер алдындағы міндеттеріңе (немқұрайлы болудан) Алладан қорқыңдар. Сендер әйелдерді Алланың сөзімен некеге алдыңдар. Алланың сөзімен адал жар еттіңдер. Сендер (жұбайларыңнан) ұнатпаған кісіні үйлеріңе жуытпауды талап ете аласыңдар. Егер кіргізер болса (әйелдеріңді) жөнімен тәртіпке шақырыңдар. (Әйелдер) сендерден өздерін азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етулеріңді талап ете алады», - деген. Бұл имам Муслимнің сахих жинағында айтылған хадис.
Муғауия бин Хайда (р.а) «мен Алла Елшісінен (с.ғ.с.): Уа, Расул! Әйелдеріміздің бізде қандай құқығы бар? - деп сұрадым. Пайғамбарымыз: егер тамақтансаңдар, оларға да тамақ беру, егер киім алсаңдар, оларға киім алып беру, (тәрбиелейтін болсаңдар) бетінен ұрмау. Оларға жамандық жасамау, (ұрысып қалған жағдайда) үйден шығып кетпей, бөлек жату,-деп жауап берді (Әбу Дауд риуаяты).
Ер кісі зайыбын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті. Мына жағдайларда ғана ер азамат жарына материалдық жағынан қараспауға құқылы:
- Жұбайы рұқсатсыз күйеуінің шаңырағынан басқа үйге көшіп барса
- Рұқсатсыз жолға яғни сапарға шықса
- Рұқсатсыз қажылық етсе
- Жолдасының рұқсатынсыз жұмысқа орналасса.
Әрине, ер азаматтың әйеліне және бала-шағасына беретін қаражат мөлшері жеке басының мүмкіндіктеріне және қоғамдық жағдайына қарай болады. Күйеуінің берген қаражаты әйелдің шығынына жетпесе, ал, жолдасы жоқшылықтан емес сараңдығынан бермесе, жары рұқсатсыз мөлшерлеп және ысырап етпей қаражат алуына шариғат рұқсат береді. Айша анамыз (р.а) риуаят еткен хадисте: сахаба әйел Һинд пайғамбарымызға: уа, Алла Елшісі! Әбу Суфиян сараң кісі. Маған берген қаражаты өзіме де, бала-шағама да жетпейді. Тек өзім оған білдіртпей алсам ғана, жеткізіп отырамын, - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзіңе және балаңа жететіндей етіп шамамен ал», - деп жауап берді. Бұл хадис Ахмед, Бухари, Муслим, Әбу Дауд және Насаи еңбектерінде бар.
Әйелдің міндеті
Алла Тағала әйел затына өз күйеуінің шариғатқа қайшы болмаған барлық бұйрықтарын бұлжытпай орындауға әмір етеді. Жұбайының күйеуі алдындағы міндеттері:
- мал-мүлкін,
- абырой-намысын сақтау
- үйіне тек күйеуі рұқсат берген кісіні ғана кіргізу
- өмірдің қуанышы мен қиыншылығында Құдай қосқан қосағының қасында болу
- күйеуінің сырын ешкімге ашпау
- шынайы сүйіспеншілік таныту
- сөзінде шыншыл болу
- күйеуі жақсы көрген затты жақсы көру
- жолдасына ұнамайтын әрекеттер мен сөздерден аулақ болу.
Зайд бин Арқам (р.а) риуаят еткен хадисте, осы жайлы: «Әйел заты күйеуінің барлық ақысын өтемейінше Алланың ақысын өтей алмайды. Егер күйеуі әйелін қалап шақырса, әйел түйенің үстінде отырса да баруы тиіс», - деген.
Әбу Һурайра (р.а) риуаят еткен хадисте: «Әйел бес уақыт намазын оқыса, ар-намысын сақтаса және күйеуіне мойынсұнса жәннаттың қалаған есігінен кіреді», - деген. Айша анамыз (р.а) айтады: «Мен Алла Елшісінен: адамдар арасында әйел кімге көбірек борыштар? - деп сұрадым. Пайғамбар: күйеуіне, - деп жауап берді. Сосын мен: ер кісі адамдар арасында кімге көбірек борыштар? - деп сұрадым. Алла Елшісі: анасына, - деп жауап берді[4]».
Материал «Неке кітапшасы» кітабынан алынды.
Авторы «Нұр Астана» орталық мешіті сауат ашу бөлімінің
Директоры Руслан Қамбаров.
[1] Сахих әл-Джамии’ ас-Сағир, 1977
[2] Термизи және Ибн Мажаһ риуаяты
[3] Кабаир әз-зунуб, Юсуф Ахмад, Ибн Хажар баспасы, 2007ж. 31-үлкен күнә, 433-бет.
[4] Ахмед, Насаи