Дініміз ислам тазалыққа өте қатты көңіл бөледі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде тазалықты әспеттеп: «Тазалық — иманның жартысы», «Тазалық – намаздың кілті», деген.
Жыл сайын қала бойынша ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстарына белсене қатысатын «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің жамағаты үшін бүгінгі күн сондай сауапты күндердің бірі болды. Пайғамбар (с.ғ.с) парасатынан тағылым түйген мешітінің ұжымы «Жасыл Астана» күзгі экологиялық айлығы аясында өткен қалалық сенбілікке жұмыла атсалысты.
Бас имам Нұрлан Рамазановтың бастамасымен мешіт ұжымы құлшылық үйінің маңына сенбілік шарасын жүргізді. Жалпықалалық сенбілікке атсалысқан «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің қызметкерлері мен жамағаты мешіт айналасын, оның аумағындағы саябақты ретке келтірді. Ал, әйелдер жамағаты мешіттің ішін жиыстырды. Шаң сүртіп, есік-терезелерді жуып, күндегісін күнде жайнап тұратын мешітті одан сайын мұнтаздай етті.
ummet.kz