Бүгін күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт басталды. Таңғы сағат 6:00-де елордадағы барлық мешітте айт намазы оқылды.
Күллі мұсылман жұртының ұлық мейрамы – Құрбан айттың алғашқы күні оқылатын айт намазына асыққан жамағат «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіне де жиналды.
Таң сәріден ұлық мерекеде ізгі ниетімен, мешітке ағылған астаналық жамағат сүннетке амал етіп, хош иіс себініп, әсем киініп, қуанышты көңіл-күймен бірін-бірі құттықтап, мәз-мейрам күйде болды.
Мерекелік мінәжат үшін Құрбан айт намазына жиылған қауымға мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімнен аяттары оқылды. Мешіттің Бас имамы Нұрлан Рамазанов ұлық мерекемен мұсылман қауымын құттықтап, құрбан шалудың мән-мағынасы, ұлық мейрамның қадір-қасиеті жайлы көркем насихатпен бөлісті.
Мешітімізге арнайы келген ҚМДБ Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі, Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков Айт намазына жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауын жеткізіп, Құрбан айт мейрамы туралы уағыз айтты.
Уағыз барысында «Қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінде «Тек Раббыңның разылығы үшін намаз оқып, құрбан шал» делінген. Бұл оның Алланың бұйрығы ретінде (жағдайы барларға) уәжіп екенін білдіреді» деді Смайыл Сүйерқұлұлы.
Екі рәкәғат айт намазы оқылғаннан кейін, арнайы Құрбан айт құтпасы оқылып, құтпа соңында елімізге тыныштық, әр отбасына амандық-саулық, береке-бірлік, екі дүниенің жақсылығын тілеп дұға жасады.
ummet.kz