12 сәуір. АСТАНА. Ummet.kz - Бүгінгі түн Исламдағы қасиетті түндердің біріне тура келеді деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Сәуір айының 13-нен 14-не қараған түн Исламдағы қасиетті түндердің бірі, яғни, Миғраж түні (Исра кеші). Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ұлы сапарда болған түні. Бұл иләһи сапар Ислам тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі «қайғы жылы» деп аталатын пайғамбарлықтың он екінші жылында болған еді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ережеп айының 26-нан 27-не қараған түнінде Меккеден Иерусалимге жасаған түнгі сапары - Исра және жеті қабат көкке көтерілуі - Миғраж деп аталады.
Бұл күн мұсылман қауымы үшін дініміздің тірегі – намаз құлшылығының парыз болуымен де қымбат. Сонымен бірге, осы түннің құрметіне нәпіл намаздар оқып, Алладан еліміздің бірлігі мен ынтымағының артуын тілеп, дүние жүзіндегі мұсылмандарға күш-қуат беруін сұрап, шынайы ықылас-ниетпен дұға жасаған абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраж түні «Үмбетім, үмбетім» деп жылап, өзіне ерген барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасап, кешірім сұрады. Сондай-ақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Уа, Жаббар ием, миғраж мұғжизасымен мені нығметтендірдің. Үмбетім үшін де осындай бір нығмет тілеймін», - дегенінде, Алла Тағала: «Намаз – момындардың миғражы», - деп Мұхамед (с.ғ.с.) үмбетіне миғраж дәрежесіндей бес уақыт намазды сыйлаған.
Исра және миғраж оқиғасы туралы толығырық осы жерден оқи аласыздар.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі