Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында өңір имамдарымен кездесті.
«Қарашаңырағымыз – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына да 35 жыл толды. Айтулы мерекемен баршаңызды құттықтаймын. Ширек ғасырдан астам уақытта қаншама шаруалар атқарылды. Біздің әрбір жұмысымыз Алланың дінін дәріптеуге бағытталған. Сондықтан біз бұл саланы өз жүрек қалауымызбен таңдағандықтан әрбір ісімізде ыждағаттылық пен ерекше ықылас танытуымыз тиіс.
Өйткені имам – қоғамды тәрбиелеуші, ағартушы ұстаз. Отаншыл, еңбексүйгіш, аманатқа адал, ата-анасын қадірлейтін иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Аллаға шүкір, халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді» деді Бас мүфти.
Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы діни салаға қосқан үлесі үшін қала имамдарына алғыс хат табыстады.