Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият қызметкерлеріне өткізген арнайы жиналысында наиб мүфти қызметіне тағайындалған Ермек Мұқатайды таныстырды.
«Өздеріңізге белгілі, жыл басындағы Бағдарлық баяндамамда бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруды тапсырып, Төралқа мәжілісінде биылға көптеген игі істерді жоспарлаған болатынбыз. Осы ретте, жұмыстарымызды одан әрі жетілдіріп, дамыта түсу мақсатында ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти лауазымына Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Ермек Қасболатұлы Мұқатай мырзаны тағайындау туралы шешімге қол қойдым. Діни салада мол тәжірибесі бар Ермек Қасболатұлы алдағы уақытта мүфтияттың игі істеріне сүбелі үлес қосады деген сенімдемін» деді Бас мүфти.
Айта кетейік, Ермек Мұқатай бұған дейін Алматы және Астана қаласының мешіттерінде, сондай-ақ 2015 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының және «Халифа Алтай» орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарды.