Меню

22
Сенбі,
Наурыз
21
Рамазан
1446 һижри

Мүфтият Елордада ауызашар берді

Мүфтият Елордада ауызашар берді

Жаңалықтар
Жарнама

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдеріне, мұсылман мемлекеттерінің елшілеріне, мүфтият жанындағы Ақсақалдар, Сарапшылар мен Жастар кеңесінің мүшелеріне, сондай-ақ қарттар үйіндегі қариялар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ауызашар берілді.

Алдымен кеш қонақтары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Дін мен дәуір» фотокөрмесін тамашалады. Дастарқан басында Құран аяттарын оқылып, ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығын тілеп, ауызашар дұғасын жасады.

Ауызашар дастарқанының құрметті қонағы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жиналған көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, дін қызметкерлері мен имамдарға алғысын білдірді. Бұдан кейін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сөз алып:

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, жуырда Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай мүшелеріне берген ауызашар дастарқанында: «Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі. Дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі. Дәстүрлі ислам – қараңғылықтан ада, мейірім мен жасампаздықтың діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген» деп атап өтті.

Расында дін мен дәстүріміз сан ғасырдан бері ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі болып келеді. Асыл дініміз Ислам адамдар арасындағы мейірімділікті, бірлікті қалыптастыруда қуатты күшке айналды. Бұл құндылықтар қасиетті Рамазан айында айрықша көрініс табатыны белгілі» деді.

Өз кезегінде рухани кештің құрметті қонақтары, ел ағалары Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс айтып, Діни басқарманың руханият саласындағы ауқымды істеріне тілектестігін білдірді. Жас өнерпаздар қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлап, Жарапазан жырын айтты. Кеш соңында ауызашар қонақтарына Рамазан сыйлығы табыс етілді, одан бөлек қарттар үйінен келген қариялар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы сый-сияпат жасалды.