11 қыркүйек. АСТАНА. Ummet.kz – Қазан қаласында ХІV халықаралық мұсылман киносының фестивалі өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Қыркүйектің 4-10 аралығында өткен кинофестивалға Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Мысыр, Испания, Италия, Иран, АҚШ, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан, Жапония және т.б. елдерден келген қатысушылар өз кинотуындыларын қазылар алқасына ұсынды. Конкурстық бағдарламаның фильмдерін 11 елден шыққан 12 эксперт бағалады. Фестиваль аясында Мысыр киносының күні, Швейцарияның шығыс тақырыбына арналған фильмдері күні, Діни кино фестивалі, танымал әртістермен кездесулер, мастер-кластар және тағы басқа да іс-шаралар өтті.
Кинофестивальдің гран-при жүлдесі «Әлемнің мейірімді енжарлығы» («Ласковое безразличие мира») фильміне берілді. Қазақстан мен Франция елдері бірлесіп түсірген фильмнің режиссері Әділхан Ержанов.
Осы фильмде басты рөлді сомдаған әртіс Қуандық Дүйсенбаев «Үздік ер бейнесі» аталымына лайық деп табылып, марапатталды.