20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Парыз қажылықты қайта-қайта өтеу шарт па?

Парыз қажылықты қайта-қайта өтеу шарт па?

Сұрақ-Жауап

Қажылық – Ислам дінінің бес парызының бірі. Оны мүмкіндігі болған адам өмірінде бір рет орындауы парыз. Ал, екінші рет жасаған қажылығы нәпіл қажылық болып табылады.

Қасиетті Құранда: «Ол жерге баруға шамасы жеткен барлық адамға Алла үшін Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасау парыз» («Әл-Ғимран» сүресі, 97-аят) делінсе, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед (с.а.с) Оның елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару» деген. Аталмыш аят, хадистер шамасы жеткен адамның өмірінде бір рет қажылық жасауы парыз екендігін білдіреді.

Қажылық міндетін өтеу әрбір мұсылманның арманы. Тіпті, бір рет қажылық жасаған адам қасиетті Қағбаға тағы да баруды көксеп тұратыны сөзсіз. Алайда, құлшылықтағы мақсат Алланың разылығы болғандықтан, қолында қаражаты бар адам тағы да қажылық жасасам деген ынтызарлық, сол қасиетті жерге болған сағынышын басты мұратына айналдыруға болмайды. Адам қолындағы қаражатын, мүмкіндігін Алланың берген аманаты деп білу, сол негізде құлшылық-ғибадат өтелу керек. Әрине, бұл адамның нәпсісіне жақпауы мүмкін. Өйткені, қайта-қайта қажылық жасап елдің қошаметіне бөлену, ел қатарлы Меккеде болып қайту өз алдына бір тартымды іс. Алайда, бір рет қажылыққа барып, парыз міндетін өтеген адам үшін өзге де кезекте тұрған парыз құлшылықтарды әуелі орындау міндет екенін естен шығармаған жөн. Яғни, екінші рет қажылыққа бару – нәпіл амал (еркіті амал). Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю – парыз айн (әркім қолынан келгенше орындауы тиіс парыз) амал. Бұл екі ғибадат қатар келсе, екіншісінің үкімі парыз әрі сауабы мол болғандықтан әуелі парыз орындалады. Мұсылман адам нәпіл қажылық ғибадатын орындағаннан гөрі сол қаражатын Хақ Исламды насихаттау жолына жұмсау керек. Сондай-ақ, әлем мұсылмандары үшін мерекелі де, берекелі Құрбан айт күндерін өзгелердің Хақты танып, тура жолға түсуі үшін бір мүмкіндік ретінде тиімді пайдалануға да болады. Мысалы: нәпіл қажылық үшін дайындаған қаражатына Ислам дінін көркейту жолына жұмсау, құрбан шалып экономикалық жағдайы төмен адамдарға, ағайын-туыстарына және өзге дін өкілдеріне де тарату арқылы олардың көңілдерін жібіту, Ислам дініне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, т.б. игі шараларды істеуі жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю ісіне, яғни, мұсылмандық парыз міндеті болып табылады.

Қасиетті Құранда: «Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы болған Алла үшін» – де» («Әнғам» сүресі, 162-аят) делінеді. Адам құлдығымен, таза мұсылман болып ғұмыр кешуімен Алла Тағаланың разылығына бөлбек. Мұсылман – екінші күні әуелгі күніне ұқсамаған жан. Әрдайым Жаратушы Хақты таныту, адамдарды Ислам құндылықтарынан хабардар ету идеалымен өмір сүріп, өзгелердің иманға келуіне себепкер болудан, көптің қызметіне жараудан бағалы игі іс жоқ. Ал, жеке мүддесін өзгелердің бақытынан жоғары қою таза мұсылмандыққа жатпайды. Сол себепті, қайта-қайта қажылыққа барудың орнына қолындағы сол қаражатын дін насихаты жолына сарп еткені жөн.

Самет Оқанұлы
Исламтанушы

Бөлісу: