21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Ұшақпен барып өтеген қажылық қажылық болып саналмай ма?

Ұшақпен барып өтеген қажылық қажылық болып саналмай ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Ассаламуғалайкум. «Жаяу бармаған, сапар барысында қиыншылық тартпаған қажылық дұрыс болмайды. Бұрынғылар арып-ашып, айлап-жылдап жүріп қиындықпен барып, машақатпен келетін. Нағыз қажы солар. Бүгінгі қажылар ұшақпен барып, жиырма күн жүреді де қайтады. Ол дұрыс емес» деген пікірлерді жиі естимін. Осы пікірдің ақ-қарасын айырып берсеңіздер. Шынында, ұшақпен барып-қайтқан қажылық қажылық болып саналмай ма?

Жауап: Уағалайкум әссәлам. Бұл сұраққа жауап табу үші мына екі мәселені ескерген жөн.

Әуелі, «қиындық көруі» тұрғысынан. Шынында, ерте кездерде қазақ даласынан қажылық сапарына баратындар әлде неше ай жол жүріп жететін еді. Ондағы жол азабы туралы қазақ даласының әр өңірінде «қажыбаян» жазған ақын қажылардың қиса-дастандарынан мәлім. Айталық, әйгілі дін ғұламасы Ақыт қажы Үлімжіұлының «Қажыбаян» деректі дастанында ХХ ғ. басындағы қазақ қажылары мен Орта Азия, Батыс Еуропа қажыларының көрген машақаты, жол бойы тартқан не бір қиыншылықтары баяндалады.

اَلْحَجًّ مَشقة

«Әл хажжу – мәшққат» деген хадис бар екені шын. Яғни, Пайғамбарымыздың (ﷺ) «қажылық дегеніміз машақат» деген өсиеті болған. Анығында қажылық өтеудің өзіндік қиындықтары бар. Бүгінгі таңда хадисте айтылған «қиындықтың» әр кезеңде әр түрлі екенін біле аламыз. Мәселен, өткен ғасырдың орта шеніне дейінгі қажылардың баратын жолы қиындықтарға толы болды. «Жол азабы – көр азабы» дегендей жол бойы тонаушылық пен қарақшылық, оба, шешек сынды жұқпалы ауру, карантин, аштық пен теңіз дауылы, т.б. өте көп қиындықтары көріп жететін еді. Бірақ, ол кезеңде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қажылардың саны аз болғандықтан барғаннан кейінгі қажылық рүкүндерін өтеу барысында аса қатты қиындық болмайтын.

Ал, бүгінгі таңда бұл «қиындықтар» керісінше екенін байқаймыз. Атап айтқанда, қажылардың бару жолында аса қиындық жоқ болғанымен (6-7 сағат жоғары кеңістіктің қысымы, аз уақытта бір климаттан бір климатқа ауысу, әуежайда күту, т.б. бұлар да қиыншылық), қажылардың санының көптігіне байланысты (бірнеше миллион) қажылық рүкүндерін өтеуде қиындық өте көп. Тауап, сағи жасау, Сафа мен Мәруә арасында жүгіру, Минаға жету мен төрт күн бойы сол жерде болу, Арафа тауына бару, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату, құрбандық шалу, т.б. парыз-уәжіп болған рүкүндерді өтеу барысында көптеген қолайсыздықтар мен машақаттар кездеседі. Сол себепті де бүгінгі таңдағы қажылық сапарын қиындықсыз деп айтуға болмайды. Жоғарыдағы хадисте де «машақат» қажылықтың белгілі бір барысына ғана байланысты емес, жалпылама айтылып тұр. Сондықтан, бұл қиындықты қажылық сапарының барып-қайтуына ғана қатысты деп ойлауға болмайды.

Ал, шариғи тұрғыдан айтар болсақ, қажылық – белгілі бір шарттармен, парыз, уәжіптермен өтелетін құлшылық (бес парыздың бірі). Кімде-кім сол шарттар мен рүкүндерді өтесе, ол қажылықты мойнынан түсірген болып саналады. Алайда, қажылықтың шарттарында, парыздары мен уәжіптерінің ішінде  міндетті түрде қиындық көрсін деген шарт, парыз немесе уәжіп жоқ екенін де айта кеткен жөн.

Сондықтан, бүгінгі таңдағы қажыларды қиындық көрмейді, олар нағыз қажы емес деп айту негізсіз.

Ummet.kz

Бөлісу: