Сұрақ: Кейде адамның өз намазын ұрлайтыны туралы естідім. Соның анық-қанығын білгім келеді.
Жауап: Бізге жеткен сенімді хадистерде адам намаз оқу барысында өз намазына қиянат жасауы жайында жеткен хабарларлар бар екені шын. Мына бір хадиске назар салайықшы:
لحديث أبي قتادة - رضي الله عنه -، قال: قال رسول الله - صلى الله عليه وسلم -: »أَسْوَأُ النَّاسِ سَرِقَةً الَّذِي يَسْرِقُ مِنْ صَلَاتِهِ« قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَكَيْفَ يَسْرِقُ مِنْ صَلَاتِهِ؟ قَالَ: »لَا يُتِمُّ رُكُوعَهَا وَلَا سُجُودَهَا«، أَوْ قَالَ: »لَا يُقِيمُ صُلْبَهُ فِي الرُّكُوعِ وَالسُّجُودِ[1]« .
Әбу Қатадан (Алла разы болсын) жеткен хадистерде Алла Елшісі (ﷺ) : «Адамдардың ең жаманы – өз намазын ұрлағаны» деген. Сонда Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі (ﷺ)! Намазды қалай ұрлайды?» дегенде: «Рукуғ пен сәждесін толық орындамаған», немесе «Рукуғ пен сәждесін жасағанда рукундерін тұп-тура орындамаған кісі» деп жауап берген.
Бұл мәселе «тағдил-арканға»[2] қатысты айтылып отыр. Яғни намаз рүкіндерінің дұрыс орындалмауы жайында сөз етілген.
Намазды асығыс оқу қиям, қырағат, руку, сәжде және отырыс сияқты рүкіндердің кем орындалуына, басқаша айтқанда, тағдил-арканның нұқсандығына себеп болады.
Алланың бұйрығын орындау әрі разылығына қол жеткізу мақсатында оқылған намаз, тәртібіне және рүкіндеріне сай орындалмаған кезде нәтижесіз әрі бос әурешілікке айналады. Оның үстіне иесіне қарыз болып жазылады. Бір хадисте бұл туралы былай делінген: «Хушуғпен оқылмаған, руку, сәждесі толық орындалмаған намаз (ақыретте) қап-қара түнек күйінде көрініс беріп, иесіне «Мені құртқаныңдай сені де Алла құртсын!» дейді. Алланың қалаған уақыты келген кезде осылай оқылған намаздар ескірген киімдей бүктетіліп иесінің бетіне лақтырылады»[3].
Асығыстықпен тез оқылған намаз тек шайтанды ғана қуантады. Шайтан өзі сәжде етуден бас тартқанындай адамдардың да сәждеге бармағанын, намаз оқымағанын қалайды. Бар күшімен намаз оқитын адамдармен арпалысып, ғибадаттарына кедергі келтіруге тырысады. Егер оған күші жетпесе, онда намаздағы хушуғ, жан тыныштығы, тәртібі мен рүкіндеріне кесір тигізуге әрекеттенеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде: «Азан мен қамат айтылған кезде шайтан оны естімейтіндей ұзақ жерге қашады. Кейін қайтып келіп намаз оқыған адам мен жүрегінің арасына кіреді. Оған «Мынаны есіңе түсір, ананы ойла» деп, бұрын ойына келмеген нәрселермен азғырады. Осыған алданған адам тіпті қанша рәкат оқығанын (және не оқығанын) білмейтін жағдайға келеді»[4].
Бұдан да сорақысы, намаздан ұрлау, яғни намаз ұрысы болудың орын алуы. Бір хадисте былай деген: «Адамдар бар, намазын оқып бітірген кезде намаз сауабының тек онда бірі жазылады. Кейбіреулеріне тоғызда бірі, сегізде бірі, жетіде бірі, алтыда бірі, бесте бірі, төртте бірі, үште бірі не болмаса жартысы жазылады»[5]. Міне, осылайша адам өз намазының ұрысына айналады екен.
Сіздің сұрағыңыз осы мәселелерді меңзесе керек. Анығын Алла біледі.
Iлияс Отаров
ummet.kz
__________
[1] أخرجه أحمد في المسند 37/ 319، برقم 22642، واللفظ له، وابن خزيمة، 1/ 332، برقم 663، والحاكم، 1/ 229، وابن حبان في صحيحه، برقم 1888، والبيهقي، 2/ 386، والطبراني، برقم 2347، وصححه محققو مسند الإمام أحمد، 37/ 319.
[2] Тағдил әл-аркан (тағдил әл-әркән) – намаз парыздарын дұрыстап, әрбір парызды өз орнымен толық орындау. Имам Әбу Ханифа мен Мұхаммед әш-Шәйбәнидің пікірінше, намаз барысында «тағдил әл-аркан» – уәжіп. Ал Әбу Юсуф пен имам Шафиғидің пікірінше, бір тәсбих айтатын уақыттың көлеміндей «тағдил әл-аркан» жасау – парыз.
[3] Табарани, «әл-Мұғжамул-аусат», VII, 183.
[4] Бұхари, «Сәһу», 6; Мүслим, «Солат», 19.
[5] Әбу Дәуіт, «Солат», 124