21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Адасушылық неден басталады?

Адасушылық неден басталады?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Ассалаумағаликум! Жақындарының басқа діни ағым өкіліне айналғаны жайында әңгімелерді естіп қалып жатамыз.  Адасуына себеп болатын жағдайларды айтып берсеңіздер.

Жауап: Уағалайкум әссәләм. Білімнің қайнарына көңіл бөлмеу. Яғни, қайдан, кімнен білім алып жатқанына мән бермеу. Құранда Кәрімде:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ

«Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) дейді. Яғни, білімді шынайы білетін адамнан, дұрыс қайнарлардан үйрену керек. Ғаламтор желісінен дұрыс емес сайттардан келсе-келмес білім алу, түйткілді мәселелер мен мазалаған сұрақтардың жауабын діни білімі таяз адамдардан сұрау, солардың ғана жауабын қанағат тұту, дінді білетін бекітілген имамдардан емес көшедегі көлденең көк аттыдан үйренудің адасушылыққа бастайтынын бағамдаймыз.

«Жәбірейіл хадисі» атанған әйгілі хадиске назар салатын болсақ, адам кейпінде келген Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) алдында отырып сұрақтар қойып, жауабын алады. Біз бұдан екі түрлі ғибрат аламыз. Біріншісі, білімді нағыз маманы болған және сол саладағы жауапты тұлғадан алу керек. Құран Кәрімде:

فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«Егер  білмесеңдер, білім  иелерінен сұраңдар» («Нәхл» сүресі, 43-аят), - дейді. Бүгінгі таңда күнделікті практикамызда да шетелдерде тиісті орындардың қадағалауынсыз өз бетінше білім алған азаматтардан дін үйренудің, ютубтағы ресми емес каналдардағы белгісіз тұлғалардың діни уағызын тыңдаудың, ҚМДБ-ның сараптау комиссиясының мақұлдауынан өтпеген діни әдебиеттерді оқудың да салдары теріс ағымның жетегінде кету екенін көреміз. Екінші, ұстаз бен шәкірттің бетпе-бет отырып білім алуы керектігін бағамдаймыз. Бүгінгі таңда білім алудың осы заңдылығына мән бермей ғаламтор желісіндегі сенімсіз дерек көздері мен әлеуметтік желілерді таралған тұлғасы белгісіз адамдардың уағызы мен келу қайнары белгісіз діни мәтіндерді, діни көзқарастарды ұстану, насихаттау, олардың айтқанын амалға асыруға ұрыну да адасушылыққа алып келіп жатады.

Құран аяттары мен хадистерді өз бетінше, жүйелі білім болмастан түсінуге тырысу да адамды жат діни көзқарастарға жетелейді. Қала берді, Алла Елшісі (ﷺ) бір хадисінде адамның досының дінінде болатынын айтып, дос таңдау мәселесіне де көңіл бөлуді насихат етеді. Бұл да көңіл бөлуге тиісті мәселе.

Міне, біздің заманымызда күнделікті өмірде жиі кездесетін азматтарды діни адасушылыққа жетелейтін жайттар деп айтуға болады.

Руслан Байзақов

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: