22
Жұма,
Қараша

һижри

Мәзһабты тәрк еткенің – жолдан қиыс кеткенің

Мінбер

Аят: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер». (3. Әли-Имран сүресі, 103-аят)

Хадис: Хазреті Абдулла ибн Амрдан (р.а) келген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с) былай дейді: «Исраил ұрпақтары жетпіс екі тармаққа бөлінген. Үмбетім жетпіс үш тармаққа бөлінеді. Бұлардың біреуінен басқа бәрі тозақтық болады». Сонда сахабалар жұмақтық болатындардың кімдер екенін сұрағанда, Расул Алла (с.а.с) былай деген екен: «Мен сахабаларыммен қай жолда болсам, сол жолдағылар». (Тирмизи, Иман 18,(2643)

Хазіреті Муауиядан (р.а) жеткен хадисте: «Хабарларың болсын, сендерден бұрынғы кітап йелері жетпіс екі ағымға бөлінді. Мұсылмандар жетпіс үш ағымға бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тозақта, тек бір тобы ғана жұмақта болады. Жұмақта болатындар – жамағат». (Әбу Дәуд, Сүннет 1,(4597)

Әлем діндерін зерттеп қарасақ, әрбір діннің ішінде түрлі ағымдар мен ұйымдардың барын көреміз. Сол секілді, әлемдік діндердің бірі болған, 1,5 миллиардтан астам ұстанушысы бар Ислам дінінің ішінде де түрлі теріс ағымдардың бары тарихи шындық. Сөз басында ашып айта кетейік, мұсылман әлемінің көпшілігін құрайтын «әһлу суннә уал жамағат» (сүннет жолын ұстанушы және жамағатпен болушы) жолы ғана шынайы Исламды ұстанады1.

Тарқатып, түсіндіре кетсек, бұл жерде тармаққа бөліну деп сенім (ақида) тұрғысындағы бөлінуді айтты, яғни фирқа. Ал  құқық (фиқһ) тұрғысындағы тармақтар ол мәзһаб деп аталады. Фиқта Әһлу сунна уал жамағатқа жатқызылатын, дұрыс деп танылған, әлем мойындаған төрт мәзһәб бар. Олар – Ханбали, Мәлики, Шафиғи және Ханафи. Ақидадағы фирқалар, яғни бүлікшілер сонау сахабалар заманынан бері бар және қияметке дейін болмақ. Қазіргі олардың ізбасарлары біздің елде де бары анық.

Енді негізгі қозғаған тақырыбымызға келсек. Әуелі, біздерді мұсылмандардан еткен Аллаға сансыз мадақ, мақтауымызды білдіреміз. Иә, ислам ол адам баласына берілген ең ұлық нығмет. Ал енді сол ақиқат дінді ең жетік түсіне білген, барша мұсылмандардың ұлағатты ұстазы – адамдардың арасынан болған Алланың сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммад Мұстафа (с.а.с).

Сол дәуірдің барша мұсылмандары өз араларында болған қандайда бір сұрақтың жауабын Пайғамбарымыздан сұрап білетін еді.

Одан кейінгі қатарда Исламның алдыңғы қатарлы азаматтары олар – Алла Елшісінің көзін көрген және дінді ең таза бұлағынан үйренген ардақты сахабалар, олардың ішінде де ғалымдары болмақ. Міне, осы сахабалар қалыптастырған көпшілік Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз сөзінде келтірген: «Мен сахабаларыммен қай жолда болсам, сол жолдағылар»(Тирмизи, Иман 18,(2643) деген жамағат. Бұл еш даусыз сөз.

Сахабалар және олардан кейінгі дінді қабылдағандар өз кезегінде араларында туындаған сұрақтардың жауабын ғалым сахабалардан сұрап білетін. Ал олардан кейінгі кезекте діннің терең түсінігіне жете білген Құран мен хадистен және сахабалардың берген түсіндірмелерінен нәр алған табиғиндер мен табаға табиғиндер болмақ. Әрине, олардың ішінде де ислам ілімінен терең сусындаған мужтаһид ғалымдар. Міне, осы ғалымдардан қалған діни үкімдерді ұстанып, сенім сараптамаларын алға тартқан мұсылмандар негізгі жамағат. Жоғарыдағы айтылған әлем мойындаған төрт мәзһәб басшылары да осы замандағы ғұламалардан шыққан «Аһлу сунна уал жамағаттың» ұлы ғалымдары. Дәстүрлі діни жол деген термин осыны меңзейді, яғни діннің тұнық бұлағынан еш үзілместен, көпшілікпен бірге болған, солардың ішіндегі ұлылары болған ғалымдардың сөздерін басшы етіп, артынан ерушілер. Міне, осы аталғандар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан жәннәтта болатын топ. Дәстүрлі діни жолды бидғат деп айту – күллі дінді жоққа шығару. Біздер бұл жерде айтылған дәстүр сөзін ұлттық дәстүрімізбен астастыру қате пікір. Әрине, біздерге ата-бабаларымыздан келген дәстүр бізге дейін ислам дінін сақтап жеткізді, сол аталарымыздың артынан еріп тақлиди иман ету2 арқылы исламмен қауышқанымыз белгілі, бірақ біз талқылап отырған дәстүрлі жол ол – Пайғамбарымыздан үзілмей келген, Ислам дінінің тұнығын сақтап еш адасушылыққа жол бермеген, мәзһәб үкімдері кітаптарда сақталған, Құран мен хадистен үкім шығару тәсілдері нақтыланған, сондай-ақ қазірге дейін ғұламадан ғұламаға, ұстаздан шәкіртке беріліп келген сенімді діни жол. Бұл сөздерімді ғалымдардың сөзімен нақтылап өтсем. Ғұлама Нәфрауи «Фәуақиһу Дәуәни»3еңбегінде: «Ислам ғұламалары, халыққа: төрт мәзһәбтің бірін ұстану парыз, бұлардан өзге ғалымдарға еруге рұқсат жоқ, тіпті тура жолда болсада төрт мәзһәбтан өзгеге еліктеу харам. Өйткені төрт мәзһәб имамдарынан басқасының фиқһи қағидалары бізге жетпеген  және олар өздері қайтыс болып кеткен» деген.  

Ендігі кезекте «Дәстүрлі емес діни жол» терминін талқылап өтсек. Пайғамбарымыз с.ғ.с. хадисінде: «Біреуден екі кісі, екеуден үшеу жақсы. Ендеше жамағатпен бірге болыңдар. Алланың разылығы мейірімі, жәрдемі жамағатта болады. Жамағаттан бөлінген тозаққа түседі»4, және де «Үмметімнің ғалымдары ешқашан адасушылықта бірікпейді. Егер қайшылықтар көбейсе көпшілікке (ислам ғалымдарының көпшілігі көрсеткен жолына) еріңдер»5-деген.

«Мәуаһибул-Жалил» кітабында Ал-Қарафи былай дейді: «Тақиаддин ибн Солахтың былай дегенін естідім: төрт мәзһәбты ғана ұстану керек. Өйкені, бұл төрт мәзһәб әлемдегі мұсылмандарға кеңінен таралып, тіпті қандай мәселе болмасын оған берген үкімдері егжей-тегжейлі түсіндіріліп бізге жеткен, қай мәселе болмасын оған берілген үкімнің қайдан алынғаны белгілі. Ал бұл төрт мәзһәбтан өзгелердің берген пәтуалалы бізге жетсе де оны қайдан алғандығы  (үкім шығару тәсілдері) бізге беймәлім. Сондықтан, бұлардың жолымен жүру – белгісіз, күмәнді жолмен журу болып табылады. Ал төрт мәзһәбты ұстану – нақты тура жолды ұстану болады»6.

Сондай-ақ, Ибн Нәжим «әл-Әшбәһ уан-Назаир» кітабында: «Кімде кім төрт мәзһәб имамдарына қарсы келсе, ислам ғұламаларының бір ауыздан келіскен үкіміне қарсы шыққаны»7.

Имам Заркаши «Бархул-Мухит» еңбегінде: «Ақиқат тек төрт мәзһәбта, бұлардан өзгеге еріп, олардың жолын ұстану дұрыс емес екендігін ғалымдар бір ауыздан келіскен»8, -дейді.

Ендеше, мәзһәбсыздық – қайда бара жатқаныңды білмей көр соқыр болудың нақ өзі, ал көпшіліктен бөліну – адасуға апарар жол болмақ.

Қонысбек МАНАРБЕКҰЛЫ,

«Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы

1  Мәзһәбтар тарихы, Смайыл Сейітбеков, 6-бет.

2 Тақлиди иман- дәлел-дәйегін түсінбей, тек өмір сүрген ортасының ықпалы мен әсерінен пайда болған және Ислам қоғамында туып өсуінің тәбиғи нәтижесі арқылы туындаған сенім.

3 Ахмад ибн Ғунайм ибн Салим ибн Миһна ан-Нафрауи ал-Азһари; әл-Фауакиһ ад-Дауани, Дарул фикр, Каир 2том, 3656.

4 Ибн Асакир.

5 Ибн Мәжәһ.

 Әл-Хаттаб әр-Рағини; Мәуәһибул-Жалил, Дарул фикр, Каир 1том, 30-бет.

7 Ибн Нәжим, әл-Әшбәһ уан-Назаир 1том 360-бет. 

8 Али ат-Тартиб, Китабул фуруғ, Дарул Муайиад Каир 12том 374-бет. 

Бөлісу: