22
Жұма,
Қараша

һижри

Форум жүктеген міндет мол

Мінбер

Атадан мирас болған асыл дінімізге қызмет етіп жүргенімізге де жиырма жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында еліміздің өсіп-өркендеу баспалдақтарынан жұртпен бірге жұмыла жүк көтеріп, қал-қадарымызша еңбек етіп келеміз.

Айта кетер дүние, еліміздің бір заманда көз жазып қала жаздаған асыл мұрасы – дін-ділімен қайта қауыштық. Ел тарихындағы осы жиырма жыл ішінде біздің ең басты байлығымыз – тіліміз бен дініміз жанданды. Ата дінімізге мемлекет тарапынан қолдау жасалып, бүгінде елімізде 2,5 мыңға жуық мешіттер бой көтерді. Әр жұмада мешіт ішіне сыймай, аулада, көшеде сап түзеп намазға тұрар халық көбейді. Бұл – дініміздің діңгегі бекіп, тамырына қан жүгіргенінің белгісі деп білем.

Бұл орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып отырған еңбегі ұшан-теңіз. Бұл күндері айт мерекелері ұлттық сипат алып, имам бұқараның ортасынан табылатын, ел-жұртпен етене жақын тұлғаға айналды. Ел тарихында тұңғыш рет қолға алынған Республикалық имамдар форумы біздің дін саласында даңғыл жол салып, осы ұлы жолда жаңылыспай онан әрі өркендеуіміз үшін айрықша мәнге ие. Мұнда көтерілер тақырып та ауқымды.

Діни басқарма бастамасымен өтетін Форум ең алдымен елдегі тату тірлік, тұтастықтың, ұлтаралық әрі конфессияаралық тұрақтылық пен жылы қатынастың сақталуын көздейді. Бейбітшілік ұғымын ту еткен үммет бірлік пен берекенің жарқын үлгісін көрсетуі тиіс екені әмбеге аян. Имамдар форумында діни диалогтың жарқын үлгісі көрсетіліп, Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сынды маңызды құжаттар қабылданады.

Қарап отырсаңыз, форумда көтерілер әрбір тақырып мәнді де маңызды. Бүгінде дамудың сан баспалдағынан өткен Діни басқарма дін жолындағы дара жолын айқындап, дін қызметкерінің алдында айқын мақсаттар қойып отыр. Жоғарыда аталған «Дін қызметкерінің этикасы» мен «Имамның тұлғалық бейнесі» осы сөзімізді растайды. 

Имамдық – күнделікті бес уақыт намазда, ас-тойларда ел алдына шығар тұлға ғана емес, елдің ауызбіршілігін, ұлт пен ұлыстың арасын жарастырушы дәнекер, онан әрі қаузар болсақ, дінаралық диалогтың, татулықтың тұрақты болуына қызмет ететін дара тұлға екені шындық. Осы орайда, қазіргі қоғамдағы имам келбетінің қандай болуы керектігі, оның мақсат-міндеттері мен жауапкершілігі осы Форум барысында айқындала түспек.

Діни басқарма көтеріп отырған бастамалардың баршасы бұқараның бірлігіне, ел мен жердің тыныштығына арналып отырғанына сенімім мол. Ендігі мақсат осы жүктелген міндет пен сенімді лайықты атқарып, асыл дін насихатын жеткізуде жан аянбай еңбек етіп, тер төгу. Әрине, бүгінгі күннің имамы еңбек етуден танбай келеді. Оны мен өз әріптестерімнің қажырлы еңбектерінен байқаймын.

Сөз соңында айтарым, қоғамда өз беделін бекітіп келе жатқан имам тұлғалық жағынан да, адамдық тұрғыда да көшбасшылық жасап, қоғамның парасатты тамыршысына айналмағы керек. Баршамыз осы мақсатқа жұмылсақ деймін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға бақ-береке дарытсын!

Мамлюк МҰСАЕВ, 

«С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: