22
Жұма,
Қараша

һижри

Тақуалықтың бұл өмірдегі сыйы

Тақуалықтың бұл өмірдегі сыйы

Иман келтіру

Жаратушы Алла адам баласының еңбегін елеусіз қалдырмайды. Адам баласының рухы уақытша мекенде тәнді қонақтауға келген. әрине, тақуалықтың сыйын, адамға берер пайдасын жазып тауысу қиын. Осы тұста Құранда аталған негізгі екеуін атайық.

Алла Тағала Құранда: «Кімде-кім тиісінше тағзым етсе және Оған қарсы келуден сақтанса, Алла оған тығырықтан шығатын жол ашып береді. Сондай-ақ, ондай пендесіне еш ойламаған жерден ризық-несібе нәсіп етеді», - деген («Талақ» сүресі, 2-3 аяттар).  Аятта екі түрлі сый берілетіні айтылған. Біріншісі: тығырыққа тірелген адамға жол ашылады, екіншісі: ойламаған жерден ризық келеді.

Имам Фахруддин әр-Рази (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Ғайып кілттері» атты тәпсірінде осы екі аятқа қатысты: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл аятты оқып: «Дүние ауыртпалығынан, өлім қайғысынан һәм қиямет өкінішінен құтылуға сеп болатын жол», - деген.

Тәпсір ілімінің ғалымдары бұл екі аят сахаба Ауф ибн Мәлікке қатысты түскенін айтады. Жорықтардың бірінде оның баласы жаудың қолына түсіп, тұтқындалады. Сөйтіп Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, басына түскен қайғысын бөліседі. Пайғамбарымыз оған: «Тақуалық етіп, сабыр ет және «Ләә хаула уә ләә қууата иллә билләһи» деген сөзді көп айт», - деп насихат етеді. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанына құлақ түріп, әлгілерді бұлжытпай орындайды. Сөйтіп, үйінде жүрген уақытта біреу есік қағады. Есікті ашса, ештеңе болмағандай өзінің ұлы тұр. Онымен бірге жүз түйе тағы бар. Сөйтсе, жаудан қашып, жүз түйені білдіртпей алып шыққан екен», - дейді. Міне, Құдайдың мейірімінен үміт үзбеген адам осындай ғажайыптарға тап болары сөзсіз.

Тақуалықтың екінші сыйы – Алла Тағала тақуа пендесіне білмегенін білдіреді. Имам Ғазали ілімді екіге бөледі: «Біріншісі: кәсіби. Яғни, адам ыждаһатына, төккен теріне сай ілімге ие болады. Бұл ілім Алланың әділдігімен беріледі. Екіншісі: уәһби, яғни күтпеген жерден сый ретінде берілген ілім. Бұл ілім Алланың кеңшілігімен, мейірімімен беріледі» Уәһби ілім де аспаннан түспесі анық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Өзінің білгенін іске асырып, амал жасаған пендесіне Алла Тағала білмегенін үйретеді», - дейді (имам Ахмад). Хал ілімінің ғалымдары осыған қатысты: «Әрбір құлшылықтың сыйы ретінде Жаратқаннан илһаммен берілетін ілім болады. Яғни, намаз бен зікірдің сыйы екі бөлек. Себебі, илһәм – ақыретке қалмайды, ол бұл дүниеде берілетін сауаптардың бірі. Сондықтан, Алла Тағала оның сауабын осы дүниеде беріп, ақыретте есепке тартады», - дейді.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: