Әрбір тіршіліктің өзіндік ажалы бар. Ешкім сол межеден артық не кем өмір сүрмейді. Пенде өзіне бұйырылған ризық несібесіне қол жеткізіп, дәм-тұзы таусылған соң, фәни өмірмен қоштасып, мәңгілік сапарына көш түзейді.
Себебі, өмірді де, өлімді де жаратушы – Алла Тағала. Алла әрбір пендеге тән өмір өлшемін нәсіп еткендіктен, кімнің қанша уақыт ғұмыр кешетіндігі біз үшін беймәлім. Ол тек бір Аллаға ғана аян.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Ажалы жеткен ешбір адамды Алла Тағала ажалын мүлде кешіктірмейді» («Мунафиқун» сүресі, 11-аят) деген. Демек, пенденің тағдырына жазылған дәм-тұзы біткенде, оны өлімнен ешқандай күш арашалап қала алмайды.
Сондықтан, ажалым келеді екен деп қара жамылмай, Әбу һурайрадан жеткен хадистегі пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін» және басқа бір хадисте «Бес нәрсені бес нәрсе көрместен бұрын олжа деп біл. Өлместен бұрын өміріңді, ауырмастан бұрын денсаулығыңды, шұғылданбастан бұрын бос уақытты, қартаймастан бұрын жастық шағыңды, кедей болмастан бұрын байлықты мүмкіншілік деп біл» (Бұхари риуаяты) дегенін назарға алып өмір сүру керек.
материал «Ислам ақидасы» кітабынан алынды,
ummet.kz