Сабыр сөзі Құран Кәрімде жетпістен астам жерде айтылған. Бұл адам өмірінде сабырдың ерекше орны бар екендігін білдіреді. Ғалымдар бұл жайында былай деп айтқан: «Кез-келген игілікті істің белгілі бір сауап мөлшері болады.
Яғни, ниеттің шынайылығына қарай он еседен жеті жүз есеге дейін сауабы еселеніп берілуі бек мүмкін. Ал сабыр етудің сауабы әлдеқайда көп болмақ. Әрине, оның белгілі бір мөлшерін кесіп айту қиын. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген: «Расында, қиындықтарға мойымай сабырлық танытқан жігерлі жандарға сый-сияпаттары, сауабы есепсіз беріледі» («Зүмәр» сүресі, 10-аят).
Ибн Ужайба (Алла оны рақымына алсын) былай деп жазады: «Сабыр – жүректі Алланың үкіміне көндіру». Адамның кемелдігіне қарай сабыр үшке бөлінеді:
Қарапайым адамдардың сабыры – құлшылыққа тағат қылып, нәпсі қалауларына тоқтау салу, шариғатқа келмейтін мінездерден арылу.
Ерекше адамдардың сабыры – нәпсі қалауларын тыю барысында жанның түрлі ахуалдарына сабыр етіп, Алладан тосатын перделермен алысу һәм жүрегін бақылау.
Кемел жандардың сабыры – Алланың құзырында тұрғандай сезімде болып, ішкі сыры мен жүрегінің һәм рухының назарын Хақтан өзгеге бұрмау.
материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,
ummet.kz