22
Жұма,
Қараша

һижри

Алланың берген нығметтерін ойлау – ғибадаттың ең жоғарысы

Алланың берген нығметтерін ойлау – ғибадаттың ең жоғарысы

Иман келтіру

Ислам діні адам баласының санасын әр түрлі жалған нанымдардан арылтып, әлемнің жаратылуы, болмыс пен өзі туралы ой жүгіртуге шақырады. Өйткені ол ақыл иесі болғандықтан, ақиқатқа ойлау арқылы қол жеткізуі керек. Сол үшін де оған еркін ойлау мүмкіндігі берілген.

Ислам діні жаратылыс жайында терең ой жүгіртуді құлшылыққа  есептейді.  Сондықтан  Құранның көптеген жерлерінде «Ойланбай ма?», «Ақыл салыпқарамайды ма?» – деген үндеулер де жиі кездеседі.

Ата бабаларымыз:

Көп ойласаң – дана боласың,

Көп ойнасаң – бала боласың.

Түйедей бойың болғанша

Түймедей ойың болсын, – деп сабақтаса, мына мақал тақырыпты одан әрі аша түседі:

Нақыл қайдан шығады ой болмаса,

Киіз қайдан шығады қой болмаса,– деп тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндеген. Тақырыпты одан әрі тарқату үшін мына бір тәмсіл әнгімеге көңіл аударсақ:

Бірде Лұқман хәкім жалғыз өзі елден жырақта отырған көрінеді. Қызметшісі жанына келіп: «Сен ұзақ уақыт бойы жалғыз өзің отырасың! Адамдармен бірге отырғаның өзің үшін жақсы болар ма еді!» – дейді.

Сонда Лұқман: «Ұзақ уақыт бойы жалғыз отыру ойлау қабілетін арттырады. Ұзақ уақыт бойы ойлану жәннат жолына жетелейді!» деген екен.

Сондай-ақ Уаһб ибн Мунаббиһ: «Адамның көп ойланған сайын білімі де артады, білімі артқан сайын ізгі амалдары артады» деген.

Омар ибн Абдулазиз: «Алланың нығметтері жайлы ойлау –  ғибадаттың ең жоғарысы» деп көкейдегісін паш етеді.

Пайғамбармыз бір күні ойдың тұңғиығына түсіп кеткен бір топтың жанына барып былай дейді:

–  Неге сөйлемейсіздер?

–  Біз Раббымыздың жаратқандары жайлы ойланып отырмыз.

–  Дұрыс,  Алланың  жаратқандары  жайлы ойланыңдар! Алланың өзі жайлы (болмысы қандай екен деп) ойланбаңдар.

Және  бір  хадисінде: «Алланың жаратқандары жайлы ойланыңдар, Оның өзі жайлы ойланбаңдар. Өйткені сендер Хақ тағаланы лайықты түрде танып, біле алмайсыңдар» деп ескерткен.

Хатем деген тағы бір кісі: «Ғибраттан білім, зікірден сағыныш, ойланудан қорқыныш туады» деген.

Ибн  Аббас:  «Жақсылық  жайлы  ойлау  адамды жақсылық жасауға ұмтылдырады. Жамандық жайлы ойлап жиіркену жамандықты тастауға жетелейді» деген.

Адам баласы асты жегеннен кейінгі оның қорытылуы, денеге  жайылып  қорекке  айналуы  секілді  істердің барлығын періштелер атқармақ. Бұл істе кейде жеті періште, кейде он періште, кейде жүз, кейде одан да көп періште өкілдік міндетін атқаруда.

Адамның жеп-ішкені аз уақыттан кейін қорек болып, қанға өтіп, содан кейін ет пен сүйекке айналады.

Ет пен сүйек болғаннан кейін, асқазандағы азық денеге толық сіңеді. Қан мен ет қалауы жоқ, күші жоқ, өздігінен еш нәрсе істей алмайтыны белгілі. Олай болса кейбір періштелер, асқазандағы асты сол жерде сақтаса, екінші бірі оны қан, ет пен сүйекке айналдырады, енді біреуі азықтың артығын сыртқа бөліп тастап отырса, енді бірі сүйек сипатындағы азықты сүйекке, ет сипатындағы азықты етке қосып отырады, енді бірі сол азықты қосқанда аз да емес, көп те емес өз мөлшерімен беріп отырады. Әр ағзаға өзіне керектісін ғана беріп отырмаса, бір аяққа аз бір аяққа көп берсе, немесе екі аяққа азық бермей, қоректің барлығын дене мен қолға бере берсе, адамның аяқтары туылғанда қалай болса, солай жетілмей қалады емес пе?! Нәзіктігіне қарай көздің қабағына, нұрлануына қарай көзге, қалыңдығына қарай балтырға, қаттылығына қарай сүйекке және салмақ пен түріне қарай бір асқазандағы азықты бөліп беру періштенің міндеті. Ағзалардың кейбіреулері үлкен, енді бірі кішкентай, енді бірі көп қорек қажет етеді.

Бұлардың барлығына теңдей бөлетін періште әділ болмаса, мұны дұрыс орындамаса, адамның барлық азғалары теңдей өспейді. Бұл істердің барлығын өздігінен болып жатыр деген адам қандай надан, білімсіз болмақ.

Негізінде адам бір көзіне азықты жеткізу үшін бір періште емес, жүздеген періштеге мұқтаж. Алайда бұлардың санын тек жаратушы Раббымыз ғана біледі. Иә, осының бәріне адам баласы ой жүгіртіп, Жаратқанға мадақ айтуы тиіс. Құранда: «Сен егер Алланың нығметтерін санамақ болсаң, санап туыса алмайсың» деп сыйға тартқан нығметтерін ұмытшақ пенделерінің есіне салуда.

материал “Үміт сәулесі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: