Алла елшісінің Харис ибн Мәлікке қойған сауалы және одан алған жауабы
Әнәстің (р.а.) әңгімесі: «Бірде Алланың елшісі мешітке кіргенде, Харис ибн Мәліктің (р.а.) еденде жатқанын көреді. Расулалла оны түртіп: «Басыңды көтер», – деді. Харис басын көтеріп: «Жолыңда әкешешем садаға, уа, Расулалла!» – деді.
Алланың елшісі: «Түнді қалай өткіздің?» – деп сұрады.
Харис: «Таңды шынайы мүмін ретінде атырдым», – деді. Хазірет Расулалла: «Әр сөздің ақиқаты бар, сен айтқан сөздің ақиқаты неде?» – деп сұрады.
Харис: «Бұдан былай дүниені қаламаймын. Тіпті күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдым. Кейде Раббымның Аршын көргендей боламын. Кейде бір жақта бір-біріне қонаққа барып жүрген жаннаттықтарды, екінші жақта ащы айқайға толы жаһаннамды көргендей боламын!» – деді.
Сонда Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла шынымен де сенің жүрегіңді нұрландырған екен. Сен Алланың мағрифатына жеткенсің, осы жолыңнан тайма», – деді».
Алла елшісінің Муаз ибн Жәбәлге қойған сауалы және одан алған жауабы
Әнәс (р.а.) былай әңгімелейді: «Муаз ибн Жәбәл Алла елшісінің қасына келгенде, Расулалла: «Муаз, таңды қалай атырдың?» – деп сұрады. Муаз: «Аллаға құлай сенген адам ретінде атырдым», – деді. Аллаһтың елшісі: «Әр сөздің бір ақиқаты бар. Бұл сөзіңнің ақиқаты не?» – деп сұрады. Муаз: «Уа, Расулалла, таң атқанда, осы кештен қалмайтындай аласұрамын, ал кеш батқанда, таңға дейін жете алмайтындаймын. Бір қадам жасасам, екінші қадамымды жасай алмайтындай күй кешемін. Кейде көзіме барлық үмбет өз пайғамбарларымен бірге тізе бүгіп тұрғандай елестейді. Кітаптарын алу үшін шақырады. Бір жақта Алланы ұмытып, пұттарына жармасқан жаһаннамдықтардың тиісті жазасын алып жатқандарды, екінші жақта жаннаттықтардың сауапқа кенелгенін көріп тұрғандаймын», – деді.
Бұны естіген Алланың елшісі: «Сен шын мағрифатқа жетіпсің, басыңа қонған осы бақты үркітіп алма, мына бағытыңнан көз жазып қалма», – деді».
Әнәс (р.а.) былай жалғастырады: «Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Сенің қасыңда біз айрықша күйге бөленеміз, тіпті айтып жеткізе алмаймыз. Ал сенің қасыңнан қалай кетеміз, солай өзгеріп шыға келеміз», – деді. Алланың елшісі: «Раббыларыңмен араларың қалай, не сезесіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Алла ашық және жасырын барлық халімізді біледі», – деді.
Алланың елшісі: «Әр адамның басында болатын бұл жағдай екіжүзділікке жатпайды. Адам өз еркінен тыс әрекеттерге жауап бермейді», – деді».
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz