Әбу Дәрданың және Ибн Мәсғудтың күнә жасаған адамға тіл тигізуге тыйым салуы
Әбу Килаба былай әңгімелейді: «Бір күні Әбу Дәрда көшеде кетіп бара жатып, былайғы жұрттың күнә істеп қойған кісіні балағаттап, жерден алып, жерге салып жатқанын көрді. Көрді де, жиналған жұртқа: «Егер сендер осы адамның құдыққа түсіп кеткенін көрсеңдер, оған қол ұшын беріп, шығарып алар ма едіңдер?» – деді. Олар: «Әрине, шығарып алар едік», – деді. Әбу Дәрда: «Олай болса, діндес бауырларыңа тіл тигізудің орнына өздеріңнің соның жағдайына түспегендеріңе Аллаға шүкіршілік етіңдер», – деді. Олар: «Сонда сен оны ақтап алмақшысың ба?» – деген еді, Әбу Дәрда: «Мен оған емес, оның істеген ісіне ашуланамын. Бұл адам жаман әдетін доғарса, ол бұрынғыша менің діндес бауырым болып қалады», – деді».
Ибн Мәсғудтың осы тақырыпқа байланысты айтқан риуаяты
Ибн Мәсғуд былай әңгімелейді: «Бір бауырыңыздың күнә істегенін көрсеңіздер, «Аллам, ел алдында оның масқарасын шығар!» – деп шайтанға көмектеспеңдер. Қайта өздеріңді ондай жағдайға түсірмесін деп, Аллаға дұға етіңдер. Өйткені Расулалланың сахабалары, біздер, қандай адам болмасын, оның жан тәсілім етер алдындағы ниетін білмейінше, ештеңе айтпайтынбыз. Тек өмірін берекелі әрі мағыналы етіп аяқтаған адам туралы біз: «Ақыретіне сақадай сай боп аттанды» дейтінбіз. Ал іліп алар бірде-бір жақсы ісі жоқ, Алла риза болар, адам сүйер бір қылығы жоқ, абыройдан жұрдай боп көз жұмған адамның өз ажалын күнәдан көз ашпай, тәубеге келмей қарсы алғаны үшін уайымдайтынбыз»
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz