Алла елшісінің үндемеуі
Әбу Мәлік әл-Әшжаи былай әңгімелейді: «Біз бала кезімізде Алла елшісінің маңынан шықпайтынбыз. Пайғамбарымыздан өткен аз сөйлеп, қысқа қайыратын адамды көрген емеспін. Сахабалардың әрненің басын бір шалған әңгімелері ұзаққа созылып кеткенде, Расулалла тек күлімсірейтін де қоятын».
Не жақсы сөз айту, не үндемеу
Үбада ибн Самит былай әңгімелейді: «Бірде Алла елшісі түйесіне мініп, сахабалармен бірге жолға шықты.Жолда келе жатып Муаз ибн Жәбәл: «Уа, Пайғамбарым, Алладан сенен бұрын жанымызды алғанын қалаймыз. Алладан сізге ұзақ ғұмыр тілейміз, бірақ жаман айтпай жақсы жоқ, дүниеден озсаң, қандай ғибадатқа көбірек мән бергеніміз дұрыс?» – деді.
Сонда Пайғамбарымыз: «Алланың жолында соғысу жақсы амалдардың бірі. Десе де адамдар үшін бұдан да жақсы амал бар», – деді. Муаз ибн Жәбәл: «Ораза мен садақа ма?» – деп сұрады. Алла елшісі: «Ораза мен садақа да жақсы амал бірақ адамдар үшін бұлардан да қайырлысы бар», – деді. Құлшылықтың қай түрі меңзелгенін ұқпаған Муаз барлық білген жақсы амалдарын шетінен тізіп шығады. Алла елшісі бәріне де «Бұдан да жақсысы бар», – деп жауап берді. Соңында Муаз: «Уа, Расулалла, адамдар үшін бұл амалдардан абзал қандай амал болуы мүмкін?» – деді. Алла елшісі Муазға аузын нұсқап: «Үндемеу. Ал сөйлесең, жақсы сөз айту», – деді. Муаз: «Сонда тілімізден де жауапқа тартыламыз ба?» – деп сұрады. Сонда ол Муазды тізесінен қағып: «Алла жақсылық берсін саған!» – деп құйма құлаққа құт боп сіңетін өсиетін былай тамамдайды: «Адамдар жаһаннамға осы тілдерінен кетеді. Кімде-кім Аллаға және Оның елшісіне иман келтірсе, я жақсы сөз айтсын, я үндемесін. Жақсы сөз айтыңдар, сонда пайдасы болады. Жаман сөз айтпаңдар, сонда жамандықтардан алыс боласыңдар», – деді».
Алла елшісінің сөйлеу ерекшелігі
Ардақты Айша анамыз (р.а.) былай әңгімелейді: «Алла елшісі түсінікті тілмен анық та қанық, әрі жатық сөйлейтін. Айтқысы келген ойын жаймен түсіндіретін. Ден қойған адам оның аузынан шыққан сөзде қанша дыбыстың барын да ажырата алар еді. Ол ешқашан асығып сөйлеген емес».
Әбу Һұрайра былай әңгімелейді: «Расулалланың: «Жауамиул – кәлиммен (Аз сөзбен көп мағына білдіретін сөздер) жіберілдім. Көз ұшынан қас дұшпанымның құтын қашыратын қабілетім бар. Ұйықтағанда төрткүл дүниенің төріне жазылған қазыналарының кілттері қолыма берілді», – деп күбірлегенін естідім»
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz