«Ғапылдық» сөздікте елемеу, көңіл бөлмеу, жаңылу, салғырттық деген мағыналарға келеді. Діни термин ретінде ғапылдық: Алланы ұмыту, діни міндеттерді орындаудағы жауапкершілігін ескермеу жағдайы. Адам баласы Раббымыздың бұйрықтары мен тыйымдарынан хабарсыз өмір сүріп, тек өз қалауы мен әуестіктерінен аспай, бұл дүниенің сынақ әрі жалған екенін ұмытуда.
Содан барып өткінші қызықшылықтар мен сауық-сайранға құмартып, нәпсінің қалауы мен құмарлықтарынан бас алмай, одан өзге мақсаттарым бар деп ойламайды. Анығында ғапылдықта өмір сүрген жандар дүние рахатының соңынан қанша жүгіргенмен, оның жалған екенін, ғазиз ғұмырын текке зая еткенін соңында барып бір-ақ түсінеді. Қатты өкінеді. Сондықтан бұндай жағдайға ұшырамас үшін ғапылдық ұйқысынан дер кезінде ояна білген дұрыс.
Ғапылдықтан тақуа жандардың өзі қатты қорыққан. Дұғаларында үнемі ғапылдықтан сақтай гөр деп тілеген. Ибн Әбул-Хауари «Ең терең ұйқы – ғапылдық ұйқысы» деген. Ғапылдық болмаса, адам нәпсіге құл болмас еді.
Жүнәйд Бағдади «Алладан ғапыл болу отқа күюден де ауыр» деген.
Әбу Жағфар Синанның айтуынша, адамның жасаған күнәсі үшін ғапылдықпен тәубе етпеуі сол күнәні жасауынан да нашар. Даранидың пікірінше, ғапылдықты жүректен сылып алып тастаудың бірден-бір жолы –Алладан қорқу. Ибн Масрук болса, ғапылдық пен надандық арасында байланыс құрып, ғапылдыққа надандық жол ашатынын түсіндірген. Аса діндар Ахмет Яссауи бабамыз да өмірімді ғапылдықта өткізіп алмадым ба деп алаңдаушылық білдірген:
Алпыс үшке жасым жетті өттім ғапыл,
Хақ әмірін мықты тұтпай, өзім жәһіл,
Ораза, намаз қаза қылып, мен кем ақыл,
Жаман іздеп жақсылардан кештім, міне.
Яғни, тақуа жандар қауіп еткен ғапылдық – адамға құлшылықты, өзінің құл екенін ұмыттыратын немесе діни міндеттерін шын ынтасын салып істеуіне кедергі келтіретін жайттар.
Ғапылдық күнделікті күнкөрісінен өзге ештеңе ойламай, көзі жұмық күйінде өмірден өтіп кету десек, осы бір кеселден арылудың жолы бар ма? Мұсылман ғалымдар бұл турасында бірқатар кеңестер берген. Ол кеңестер бойынша, ғапылдық кеселінен арылу үшін жүректі тазартып, көңіл айнасын шалған кірден, нәпсіні әуестіктен тыя білген жөн. Құлшылық атқарып, айналадағы жаратылысқа қарап, Алланы жиі еске алып, құдіреттің шеберлігін байқауға талпынған дұрыс. Кері жағдайда адам ғапылдықтан біртүрлі арыла алмайды. Адамның міндеті, Жаратушыдан ғапыл өмір сүрмеу, жаратылу себебін ұмытпау, Құран және сүннетпен жүру, әрдайым терең ойда жүріп, іштей ұжданымен есеп жүргізу.
Алланы ұмытып, адамның ғапылдыққа ұрынуы тез. Өйткені күнделікті өмірде есіл-дертімізді жаулап, көңілімізді өзіне еріксіз бұрғызатын жайттар аз емес. Әрине, қоғамның дамуы өз алдына. Дегенмен қала өміріндегі думанды кештер, көңіл көтеретін орындар, теледидардағы шоулар мен телесериалдар, фильмдер, интернеттегі керекті, керексіз сайттар мен ойындар, фильмдер, ұялы телефондағы бейнероликтер мен әуендер, уақытты көп жейтін әлеуметтік желілер, виртуалды әлем қызықтары т.б. – бәрі де кез келген уақытта адамды ғапылдыққа салуы бек мүмкін. Біле білгенге күнәлардың өзі бір сәттік ғапылдықтан туады. Сол үшін ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) «Раббым, мені бір сәтке болса да нәпсімнің айтағына ергізбе» деп дұға еткен.
Әбу Али әд-Даққақ әңгімелеуде: «Науқас бір діндар кісінің қалын сұрай бардым. Ірі шейх еді. Маңайында шәкірттері отыр екен. Қатты қартайыпты, өзі жылап отыр. «Неге жылайсыз, әлде қу дүниені қимай отырсыз ба?» дедім. «Жоға да, тәйірі, өткізіп алған намаздарымды ойлап жылап отырмын» деді. «Қалай, сіз намазды жібермей оқушы едіңіз ғой» дедім таңырқап. Сонда маған былай деді: «Осы күнге дейін намаз оқып келгенім рас. Дегенмен сол намаздарымды ғапылдықсыз атқардым дей алмаймын. Әр сәждемде ғапылдық жібердім. Енді міне ғапылдықтан көз ашпаған күйі өмірден өтіп бара жатырмын». Іле терең күрсініп, мына өлеңді оқыды: Қабірімнен тұрған күні, маһшарға баратын күнді ойладым. Тар шұңқырда қанша жататынымды ойладым. Тіршілікте қанша дәреже, құрмет көрсем де қабірде жападан жалғыз болатынымды ойладым. Ол кезде мені топырақ та босатпайды, күнәларым да жібермейді. Оның да ар жағында есеп беру барын ойға алдым. Және де амал дәптерім берілетін кездегі мүшкіл халімді. Бірақ сенен еш үміт үзген емеспін, уа, раббым! Мен секілді бір күнәкар құлыңды да кешірерсің...»
Әулие кісілердің тағы бірі Ахмед ибн Харб әсерлі сөздер айтып, ғапылдыққа ұрынбауды ескертіп, халықты ойландыратын. Бір сөзінде былай деген екен: Жер екі түрлі адамға таңғала қарайды. Біріншісі ажалды ұмытып, төсегін жұмсақ етіп, ұйқыға бас қойған адам. Жер оған өзіне тән тілмен: «Әй, адам! Бір күні уақыты келгенде мына нәзік денең ешқандай жұмсақ төсексіз менің бауырымда ұзақ жатып, шіритін болады. Осыны неге бір мезгіл ойламайсың?!» дейді. Жердің екінші таңғалатын адамы ұлтарақтай жерге бола бауырлардың бір-бірімен жауласуы. Жер өз тілімен оларға былай дейді: «Әй, адам! Екеуара таласқан мына жердің өздеріңнен бұрын қанша иелері өткенін бір мезгіл естеріңе алсаңдаршы?!»
Иә, ғапылдықтан сақтанайық, иманымызды жоғалтып алмайық, өмірге келгендегі негізгі міндетіміз – Алланы тану әрі құлшылық жасау екенін ұмытпайық!
материал «Ислами таным» кітабынан алынды,
ummet.kz