23
Сенбі,
Қараша

һижри

Насух-тәубе деген не?

Насух-тәубе деген не?

Иман келтіру

Қасиетті Құранның көптеген тұстарында тәуба туралы айтылатыны мәлім. Әркез тәуба етіп жүру қазақтың да діліне сіңген. Алайда насух-тәуба деген не? Тәубаның ол түрі несімен ерекшеленеді?

Ғалымдардың айтуынша, «Тахрим» сүресінің 8-аятында үш түрлі ұғымға басымдық берілген: иман, тәуба және насух. Мұсылмандарды тәуба етуге шақырған аятта былай делінген: «Әй, иман келтіргендер! Алла тағалаға насух тәуба жасаңдар! Осылай істегенде ғана «күнәларымызды кешіріп, Раббым (ағаштарының арасы мен бақшаларының астынан) өзендер ағып жататын жұмақтарға кіргізер» деп үміт ете аласыңдар. Сол күні Алла пайғамбарын және оның жанындағы мүминдерді ұятқа қалдырмайды. Олардың нұры алдарынан әрі оң жақтарынан шалықтап алдыға озады. Олар былай дейді: «Уа, жомарт Раббымыз! Нұрымызды бұдан да арттырып, толыстыра гөр! Кемшіліктерімізді кешір! Өйткені, Сенің барлық нәрсеге құдіретің жетеді».

Аят әуелде иман келтіргендерге қаратыла айтылған. Яғни, иман келтірген жандар Құрандағы бұйрықтарға бас иері анық. Демек, бұл тұста иманның маңызды екенін көреміз. Десек те, аңдаусызда күнә жасап қойған иманды жан сол мезет не істеу керектігін де білуі тиіс. Ол – көп кешіктірмей, «Уа, Рақымды ием, мен бейбақты кешіре гөр» деп дереу өзін де, барлық іс-әрекетін де көріп тұрған Алла тағаланы еске алып, тәуба жасауы.

Күнә – бір сәт адамның өз ерік-жігерін тежей алмай, нәпсінің қалауына жығылып, Алла тыйым салған істі жасап қоюы болса, ал тәуба – күнә жасағаннан кейінгі өкініш сезімі. Адамның өзін-өзі кінәлап, жанын қоярға жер таппай, май ішкендей мазасыздануы. Жаратушы иеден өзіне жатса-тұрса кешірім тілеп, жалбарынуы. Адам ата мен Хауа анамыз да жұмақта тыйым салынған жемісті жегеннен кейін артынша бұл істерінің дұрыс болмағанын сезіп, дереу тәубаға келген.

Тәуба – адасып барып есін жиған құлдың иесін қайта тапқаны тәрізді. Ол істеген жамандықтан жиренуді білдіреді. Бірақ қанша жамандыққа бой алдырса да пендесінің бір күні тәубаға келгеніне Алла тағала қатты қуанады. Алланың қуанышы пенденің қуанғанынан өзгеше, өзіне тән кейіпте жүзеге асатыны ақиқат.

Дегенмен хадисте пенденің тәубаға келгендегі жағдайы былайша бейнеленген: «Алла құлының тәубесіне қатты қуанады. Мәселен, бір түйе ұшы-қиырсыз шөл далада иесін тастап қашып кетеді. Суы мен азығы да сонымен бірге кеткендіктен, иесі қатты қайғырады. Әлгі кісі аласұрып түйесін әрлі-берлі іздеп шаршайды. Ақырында әлі құрып, бір ағаштың көлеңкесіне қисайып көз ілмек болады. Бір кезде көзін ашса, қасында түйесінің тұрғанын байқайды. Үстіндегі жүгі де дін аман. Сол мезет әлгі кісінің қуанғаны сонша, өз шүкіршілігін білдірмек болып, бірақ сөзінен жаңылып «Уа, раббым! Сен менің құлымсың, мен сенің раббыңмын» деп жібергенін байқамайды. Ал Алла тағаланың тәубе еткен құлына деген қуанышы бұл кісінің қуанышынан әлдеқайда жоғары» (Мүслим, Тәуба, 7).

Имам Ғазалидың айтуынша, «насух» сөзі насихат деген сөзбен түбірлес. Ол қайырымға, ықыластылыққа, өз нәпсіңді тәрбиелеуге, істелген қателіктерден саналы түрде бас тартып, екінші қайтара күнә істемеуге бекінуді білдіреді. Насух-тәуба шынайы ниеттен туатындықтан, бұл тәубеде екінші рет сол қателікке қайта ұрынбау негізге алынады.

Ғалым Замахшари насух-тәуба сөзін былай деп түсіндірген: «Өзіне тәубаға келуді насихаттағандар тым шектен шықпауды, сол күнәні түп тамырымен жоюды мақсат тұтады. Артынша тәубаға келу сол істердің күнә, нашар екенін білдіреді. Өкініш сезімі пұшайман күй кешуден туындайды. Шыққан сүттің қайта кері кірмейтініндей екінші қайта ол жамандыққа беттемеу керек. Міне, осының барлығын негізге ала отырып шынайы тәубаға келу дегенді білдіреді».

Хасан Басриден тәуба насух туралы сұралғанда, былай деп жауап берген екен: «Тәуба насухта мына төрт түрлі нәрсе маңызды:

Өкінішті жүрекпен сезіну;
Тілмен кішірім тілеу;
Дене мүшелерін күнәдан тыю;
Іштей екінші рет күнә жасамауға бекіну».

Ардақты расулымыз (с.а.с.) мұсылман үмбетіне қалай тәуба ету керектігін де үйреткен. Бір хадистерде тәуба етіп, кешірім тілер алдында екі бас намаз оқу керектігі, сәждеге жығылған қалпы «Уа, Хай әрі Қайюм (мәңгі тірі) Алла тағалам! Менің барлық жай-күйімді түзей гөр! Қас-қағым сәтке болса да мені нәпсімнің жетегіне еріп кетуден сақтай гөр!» деген дұғалар айтылуы қажеттігі ескертілген.

«Уа, Жасаған ием! Сен менің Раббымсың! Сенен басқа тәңір жоқ. Мені жаратқан өзіңсің, мен сенің құлыңмын. Иманда, құлшылықта, Саған берген сертімде тұруға күш саламын. Саналы түрде жасаған қателіктерімнің кесірінен сақтай гөр!» деген дұғаны да Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) тәуба шынайы болуы үшін үмбетіне ертелі-кеш айтып жүруді өсиет еткен.

материал «Ислами таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: