Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күнкөруге де жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған.
«Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде» (Дәйлами, (Әнастан (р.а.));
«Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күнкөріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады» (Табарани, әл-Мұғжамул-аусат, 1/38);
«Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады» (Байхақи, әс-Сүнәнул-күбра, ижара, 15); «Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, пайғамбарлармен бірге болады» (Ибн Омардан (р.а.) Кутуби ситта, 3/8); «Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес» (Табарани, Аусат. Ихия улумуддин, 2/235) «Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған. Дәуіт пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген» (Бұхари, Бую, 15) деген Расулаллаһ (с.ғ.с.) бір жолы Сағыд ибн Муазды (р.а.) кезіктіреді. Екеуі қол алысып амандасқанда, сахабасының қолы күстеніп кеткені байқалады. Себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а.) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жауапқа сүйсініп, «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады» деген еді (Әбу Дәуіт, Бую, 1).
Сондықтан мұсылман адам жұмысының беделі жоғары я төмендігіне, жеңіл я ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Біреуге жалданып, тау қопарып, тас уататын ауыр жұмыстарға жегілсе де, арқалап отын тасып, аула сыпырса да, ең бірінші кезекте нанын адал тауып жеуге ықылас танытуы тиіс. Өйткені ең бастысы адалға ниетті болғандықтан, қандай төменгі жұмысты істесе де Алла тағала оның еңбегін жоғары бағалары анық.
материал «Сенім және ақиқат» кітабынан алынды,
ummet.kz