Ең алдымен дұға еткенде Алла тағаланың қабыл ететініне шүбәсіз толық сеніммен сұрау қажет. «Маған бәрібір» немесе «Мынадай нәрсені маған бересің бе, уа, Раббым?» деген секілді түрде дұға етуге болмайды.
Өйткені, Алла тағаланың ризық қазынасы өте кең әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Қаласа, бір сәтте пақырды патша қылады. Тек дұға еткенде өте үлкен нәрселер талап етпеу шарт. Мәселен, Жаратушыдан жәннаттың орнына Фирдаусты сұрау деген секілді. Алла елшісі бұлай дұға етпеуді ескерткен.
Екіншіден, біз сұрайтын нәрселерімізді беруге Алла тағаланың құдіретінің жететініне имандай сенуіміз керек. Яғни, оның «Жәннат секілді жылы жайды бізге дайындап қоюға Оның құдіретінің жететініне иман етіп» деп Одан жәннатты сұраймыз. Сол себепті бұл тек жай ғана қажетіңді сұрау емес. Мұның астарында Ұлы Жаратушының кәміл сипаттары мен көркем есімдеріне иман етіп, оны ұлықтау жатыр. Міне, осындай кейіптегі дұға шынайы құлшылық болып саналмақ әрі ешқашан кері қайтарылмайды.
Сонымен қатар, дұға еткенде сенімсіздік танытпай, қайта табанды болу, жалықпай қайта-қайта сұрау керек. Мысалы, мешіттердің алдында қайыр сұрайтындар соншалықты жалынышты хәлге түсіп, жыламсырап жағдайын айтқан кезде адамдар оларға міндетті түрде бір нәрсе беру керек деп ойлайды. Яғни, олар жалықпастан сұрайды. Міне, біз де Раббымызға осылайша табанды түрде жалбарынуымыз қажет. Сонда ғана бізге Раббымыздың мейірімі түспек.
Мәселен, кейбір тақуа жандар былай деп дұға етеді: Жаратушыға деген шексіз сүйіспеншілікпен «Уа, Раббым! Мен өзімнің жағдайымды білемін. Амалыма қарасам маған жәннат бұйырмастай. Алайда Сен рақымшылық етсең сөзсіз болады. Егер мені жаһаннамға салсаң да Өзіңе деген сүйіспеншілігім кемімейді. Керісінше сол жердегілерге Сенің шексіз құдіретіңді түсіндірем!»
Тағы бір Хаққа ғашық пенде былай дейді: «Уа, Раббым! Мен Саған қараймын әрі Өзімнің жағдайыма қараймын. Маған күнә жараспайтынын білемін, бірақ Саған кешіру жарасады!»
Иә, мұндай дұғалар жүрекке дауа болады әрі Ұлы Жаратушы да Өзінің ұлылығына сай мұндай дұғаларды қабыл етеді.
Дұға осындай шынайы ғибадаттың рухын беретіндіктен адамдар аз болсын, көп болсын әйтеуір еш уақытта дұғадан қол үзген емес. Алла тағала сөзсіз құлдарының үнін естиді. Алайда олар кейде білместіктен өздеріне кері әсер ететін нәрселерді сұрайды. Сол себепті олардың сұрағанынан да қайырлысын береді. Ғалымдардың мысал еткеніндей, бір пенде Ұлы Жаратушыдан ұл бала сұрап жалбарынады. Алайда Жаббар ие оған әзірет Мәриям секілді игі перзент нәсіп қылады. Иә, Имран мен оның жұбайы Алладан бір ер бала сұраған. Алла тағала оларға әзірет Мәриямды сыйлады. Ал, өз кезегінде Мәриям анамыз шамамен 5-6 ғасырға жуық уақыт аралығында өмір сүрген адамдарға жарық нұр сыйлады, өйткені әзірет Исаны (а.с.) дүниеге әкелді.
материал «Құрандағы қасиетті дұғалар» кітабынан алынды,
ummet.kz