22
Жұма,
Қараша

һижри

Үлкен күпірлік пен кіші күпірлік арасында айырмашылық

Үлкен күпірлік пен кіші күпірлік арасында айырмашылық

Иман келтіру

Мұсылман қоғамын әлсіретіп, құрдымға апарар себептің бірі – бірін-бірі күпірлікпен айыптау әдеті.

Күпірлік – Аллаға және пайғамбарларына сенбеу, діннің әмірі мен тыйымдарына қарсы келу, жаратылыс ақиқатын мойындамау. Аллаға, пайғамбарына сенбеумен ғана емес, діни үкімдердің қандай да біреуіне қарсы келумен де орын алады.

«Алланың нығметіне күпірлік (мойындамау) ете ме?» Күпірліктің екі түрі бар:

Бірінші түрі: Үлкен күпірлік, ол Ислам дінінен шығарады, оның бес түрі бар:

1. Жалғанға шығару. Аллаға сенбей, қарсылық білдіріп, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оған уахи етілген Құранды өтірікке шығару. Тек өзі ғана адасып қоймай жүрген жерінде басқаларға да осы сөзін жайып жүретін адамдар. Алла Тағала ондай адамдарды ең зұлым адамдар қатарына кіргізеді:

«Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе?».

2. Тәкаппарлықтан болған күпірлік. Енді бір адамдардың күпірлік жасауының себебі – бойындағы тәкаппарлығынан арыла алмауы. Өзіне берілген азды-көпті билікке, білімге, байлыққа масаттанып, Аллаға иман келтіріп, құлшылық қылғандардан өзін жоғары ұстауында жатыр. Алла Құран Кәрімде Ібілістің Алланың рақымынан алыс болуының басты себебі – тәкаппарлығынан екенін былайша суреттейді:

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды».

3. Күмәннан туған күпірлік. Бұлтартпас дәлелдермен келген хабарларға күмәнмен қарайды. Ол үшін қияметтің орын алу, барлық адамдардың хашыр алаңында жиналуы, әр адамнан Алланың жеке-жеке есеп алуы күмәнді нәрсе. Оған осындай хабарлар жеткізілсе: «Жоқ, мүмкін емес, ақылға сыйымсыз, діндарлардың қарапайым адамдарды қорқыту үшін ойлап  шығарған айласы», – деп басын шайқайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

Ол бақшасына (күпірлікпен) өзіне зұлымдық жасаған күйде: «Әсте бұл бақшаны жойылады деп ойламаймын». Қияметтің боларын да ойламаймын, егер Раббымның құзырана қайта барсам, әрине бұдан да жақсы орын таба аламын» - деді. Оның жолдасы оған қарсы дау айтып былай деді: «Сені топырақтан, бір тамшы ұйыған қаннан жаратып, толық адам еткен Аллаға сенбейсің бе?» Ал менің жаратушым – Алла, мен жаратушы Раббыма ешбір серік қоспаймын.

4. Қарсы келу арқылы күпірлік жасау. Аллаға иман келтіру, Оның адам баласына көрсеткен қағидаттарымен жүру – оның табиғатына, өмір салтына қайшы, тіпті ол үшін материалдық тұрғыда тиімсіз де болуы мүмкін. Мекке мүшріктерінің сансыз пұттарын тастап бір Аллаға құлшылық қылмауының бір себебі – әр рудың пайда көзі болған пұттарды бір Аллаға айырбастау олар үшін материалдық тұрғыда тиімсіз болды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ал сондай қарсы болғандар ескертілген нәрседен жалтаруда».

5. Екіжүзділіктен болатын күпірлік. Енді бір адамдар бар жағдайға байланысты біресе мұсылман бетпердесін кисе, ахуалдар өзгерген кезде, мұсылмандардан күш кете бастағанда, дінсіздің бетпердесін киіп шыға келеді. Бұндай адамдар қоғамымызда да кездесіп жатады. Алла Тағала: «Міне, расында, олар иман келтіріп, кейін қарсы келгендіктерінің салдарынан жүректері бітелген. Енді олар түсінбейді».

Екінші түрі: Кіші күпірлік. Мұндай сипаттағы адамдар діннен шықпайды. Ол Құранда, хадистерде келген діннен шығармайтын күнәлар. Мысалы, қуаты төмендеу дәлелдермен келген хабарларға иланбауы. Ақырет күніне иман келтірмеу діннен шығарса, ақыреттегі болатын әлсіздеу хабарлармен келген кейбір оқиғаларға сенбеу діннен шығармаса да кіші күпірлік жасаған болады.

Құранның кейбір аятында «куфр» сөзі Алланың нығметтерін жоққа шығарған адамдар хақында келген: «Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал берді: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді. Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп жапа тарттырды».

Сол секілді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келгендей: «Мұсылманды балағаттаушы – пасық, өлтірушісі – залым», – деген. Бұл жерде «куфр» сөзі Алланың ашуына ұшыраған залым адам ретінде келтіріледі, өйткені оған Құран Кәрімнің мына аяты дәлел: Әй, мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді.

Алла Тағала кісі өлтіруші күнәһарды мүмін санатына жатқызған. Өйткені Құранда «Ей, мүміндер» деп келеді.

Үлкен күпірлік пен кіші күпірлік арасында айырмашылық бар:

1. Үлкен күпірлік жасаған адам Ислам дінінен шығады, кіші күпірлік діннен шығармайды.

2. Үлкен күпірлік жасау мәңгі тозақта қалуға жетелесе, кіші күпірлік жасаған адам мәңгі тозақта қалмайды.

3. Үлкен күпірлік барлық амалдың сауабын жояды, ал кіші күпірлік сол күпірлікке қатысы бар амалды ғана жояды.

Қазіргі кезде шариғат шарттарын ескермей бір адамның шариғатқа қайшы әрекет жасағаны үшін кәпір деп үкім бере салудан тартынбайтын топтар пайда болуда. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадисінде:

«Кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, ол оны өлтіргенмен тең» – деген. Бұлай айыптауға шариғат рұқсат бермейді.

Алла Тағала Құран аятында: «Әй, мүміндер! Алла жолында жорыққа шыққанда, әрбір жағдайдың байыбына баруға тырысыңдар (яғни кімнің мүмін және кімнің кәпір екенін анықтаңдар, әр нәрсеге жіті қарап, әр мәселенің қыр-сырына әбден қанығыңдар). Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне (олжаға) қызығып: «Сен мүмін емессің» деп айтпаңдар. Біліп қойыңдар Алланың құзырында мол әрі сан алуан олжалар бар», – деді.

Олай болса, біреуді күпірлікке шығарардың алдында ол адамның не үшін күнәлі әрекетті жасағанын зерделеу керек. Мысалы, адам Ислам негіздерін дұрыс білмегендіктен, Алланы лайықты емес заттармен сипаттауы мүмкін. Сол секілді адам қателесуі немесе ондай амалды істеуге мәжбүр болуы мүмкін. «Кәпір» деп үкім беруші адам мұның барлығын ескере білетін шариғатты терең меңгерген адам болуы ләзім.

материал «№1 дұшпан (жақсы сөйле немесе үндеме)» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: