22
Жұма,
Қараша

һижри

Алланы еске алу – жүрекке орасан зор шипа

Алланы еске алу – жүрекке орасан зор шипа

Иман келтіру

Ақыретте сыйлыққа (сауаптарға) және бақыттылыққа ие болудың жеңіл жолы бар. Өкінішке орай, көпшілік оны ұмытып қалған. Бұл – ғибадаттың ең жеңіл түрі. Ол үшін өте үлкен сыйлық беріледі, бірақ көпшілік оны қолданбайды. Бұл ғибадат – Алланы еске алып, зікір қылу. Жаратқанды еске алып, зікір қылу – жердегі пейіш. Алланы еске алу – шексіз ілімнің Иесі болған Жаратқанның алдындағы істердің ең жақсысы және ақыреттегі ұлы дәрежелерге көтерілудің басты құралы.

Алла Тағала былай дейді: «Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса, (күнделікті бес уақыт намаз һәм басқа да құлшылықтар арқылы) Алланы көп еске алыңдар, сонда (екі дүниеде де азаптан әрі қор болудан) құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10).

«Ендеше, сендер Мені әрдайым жад етіңдер (яғни әрдайым құлшылық етіп, еске алыңдар), сонда Мен де сендерді ескеремін. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпіршілік қылмаңдар (яғни алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісін істемеңдер)» («Бақара» сүресі, 152).

Алла Елшісі (с.а.с.) Алланы еске алғандардың ең жақсысы еді. Жаратушы оны Өзіне алып кеткенге шейін оның тілі әрдайым Алланы зікір ететін.

Алла Елшісі (с.а.с.) былай деп айтқан: «Кімде-кім күніне жүз мәрте: «Алладан басқа құдай жоқ, оның серігі жоқ, ол билік иесі, оған мақтаулар болсын және ол барлығына құдіретті» деп айтса, ол он құлды босатқандай сауап алады. Және оған жүз жақсы амалдың сауабы жазылып, жүз күнәсі өшіріледі. Айтқан зікірі сол күні кешке шейін шайтаннан қорғаушы қалқан болады және одан көбірек айтқаннан басқа ешкім соншалық жақсы іс жасай алмайды».

Алланы еске алу – көп жақсылықтарға жеткізетін жеңіл ғибадат. Иманды кісі әрдайым, қандай жағдайда болса да, керек болса төсекте жатып та Алланы еске алып зікір айта алады. Пенденің Алланы еске алып жатып ұйықтап кеткені және қайта оянысыменен оны еске ала бастағаны қандай әдемі!

Алланы еске алу – жүрекке орасан зор шипа. Бұл туралы барша мақұлықтың бәрін Алла куәлік етеді: «Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады» («Рағыд» сүресі, 28).

Ауру кісі Алланы еске алу арқылы көңілін сейілтеді және ауруын жеңілдетеді. Елден жырақта өмір сүргендер Алланы еске алумен жан-дүниесі жылып, құсалықтан, жалғыздықтан арылады. Ал енді кесел-кесапатқа ұшыраған кісі Алланы еске алумен дертіне дауа тауып, уайымы азаяды.

Егер сені қайғы басып, жүрегің қысылатын болса – Алланы еске ал.

Егер сен ұйқысыздықтан азап шегіп, түнде жақсы ұйықтай алмасаң – Алланы еске ал.

Егер сен бір нәрседен қорқып, жан-дүниең қайғырса – Алланы еске ал.

Егер қиыншылыққа душар болып, мақсатыңа жетер жолда тосқауылдарға ұшырасаң – Алланы еске ал.

Егер жарлы болып, қарызға батсаң, Алланы еске ал.

Егер кесел-кесапат есігіңді қағып, үйіңе келетін болса – Алланы еске ал.

Егер сен қайғылы хабар алсаң – Алланы еске ал.

Егер қиялдарың орындалмаса – Алланы еске ал.

Егер өзіңді әлсіз, бақытсыз сезінсең, Алланы еске ал.

Егер саған сынақтар бірінің артынан екіншісі келіп жатқан болса – Алланы еске ал.

Алланы еске алғандар мен еске алмағандар, тірілер мен өліктер сияқты: «Анығында, олар тірі емес өліктер, (сондықтан олардың барлығы өздеріне өмір сыйлайтын біреуге мұқтаж). Олар тіпті қашан қайта тірілетінін де білмейді» («Нахыл» сүресі, 21).

Алланы еске алу – Жаратқанның сыйлығына ие болудың ең жақсы тәсілі. Ол жүрекке бұл дүниеде тыныштық пен рақат, ал ақыретте бақыт алып келеді.

материал «Мұңайма – бақыттың бұлағы және қайғы-мұңның дауасы»

кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: