Бұған дейін де қысқаша баяндағанымыздай, иман ғимараттың тағаны немесе ағаштың тамыры тәрізді дүние. Ағаштың тамырындағы өзгеріс пен жетілу бұтағы мен жемісіне қалай әсер етсе, имандағы жоғарылау да адамның құлшылыққа деген ықыласы мен ынтасына әсер етеді.
Бұл иманның электрондық бұйымдар мен техникаларға күш беретін электр қуаты немесе денеге қозғалыс беретін рух секілді функционалдық әсері бар.
Айтқымыз келгені рухсыз, жансыз, әсерсіз, бос, жалаң иман емес. Құран мен хадистерде айтылған, әуелі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм), саңлақ сахабалардың, әулиелердің өмір бойы ұстануымен жанданған – кәміл иман.
Міне, бұл иманды Ұлы Раббымыз мыңдаған аятында бізге білдіреді. Құранның жартысы осы иманды түсіндіретін ғибрат толы аяттармен қамтылған десек те болады. Бұл иманға Раббымыздың тек бар екендігін емес, сонымен қатар есімдері мен сипаттарын әрі оның шағылыстарын білу арқылы қол жеткізуге болады.
«Алланы тануды» білдіретін мағрифатулла тек Алланың бар екендігіне сенумен келмейді. Оның бүкіл есімдері, сипаттары, болмысы және бұлардың тозаң түйіршіктерінен бастап планеталарға дейінгі барлық нәрседе, барша жаратылыста көрініс табатындығын әрдайым білумен және сенумен ғана мағрифатуллаға (Алланы тануға) қол жеткізуге болады.
Адам баласы өз болмысында, сезімдерінде, әлемдегі барлық жаратылыстан Құдайдың есім-сипаттарының шағылысын әрдайым көрумен қатар, әр мүмкіндікті пайдалана отырып, ой жүгіртіп, Раббысына деген сүйіспеншілігін, тәуекелін сәт сайын жаңартып отыруы керек.
Негізінде, Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Бір сағат тәфәккүр (терең ой) бір жылғы нәпіл ғибадаттан қайырлы» дегені осыдан болар.
Тәфәккүр – шексіз, терең, тылсым ұғым. Оны тиісінше жасау үшін белгілі бір қағидалар тізбегі, бір жүйе немесе жол көрсеткіш болу керек. Алайда жобасыз, жүйесіз, қағидасыз қандай жаратылыстың қандай бағытпен Раббымыздың қай есім және сипатын меңзеп тұрғанын біле алмаймыз ғой. Сондықтан Құранды қаншалықты көп оқып түсінсек, соншалықты иманымыз күшейеді.
Бұл еңбекті зерделі, жүйелі, қырағы оқудың және оны шынайы түрде пайдаланудың тәртібі мен тетіктері бар. Сол тетіктерге жүгінгенде ғана ол пайдалы болады.
Иман – көзқарасымызды, ойымызды, бар назарымызды басқаға емес, Аллаға бұру деген сөз. Ой-санамызды қаншалықты өзге нәрседен таза ұстап, Раббымызға бет бұрсақ, соншалықты иман күшейе түседі.
Бұл үшін Құранның иманға байланысты аяттарын терең түсіндіретін еңбектерді көп оқу керек. Жай ғана көрер көзге немесе уақыт өткізу үшін емес, зер салып оқу керек.
Иман өмірімізді жан-жақты нұрландыруын қаласақ, күн сайын тыным таппай ілім ізденуден басқа жол жоқ.
материал «Таң намазына тұрғың келсе...» алынды,
ummet.kz