Қазақ халқының ұғымында «ғайбат» деп біреудің сыртынан жамандауды айтқан. Түсіндірме сөздіктерде де «ғайбат» сөзіне «өсек-аяң, жалған сөз» деген анықтама берілген.
Ғайбат кез-келген адамды киген киімі, дене-бітімі, мінез-құлқы, туыстары, тіпті тұратын үйі және мінетін көлігіне дейін дін мен дүние істеріне қатысты мәселелерде өсектеу, яғни сыртынан айту деген сөз. Ғайбат – мүминнің ар-намысына деген шабуыл, Алланың тағдырына қарсылықтың бір түрі. Одан да сорақысы, ол адамның ең құнды байлықтарының бірі болған уақытты бос өткізуі және ысырап етуі деген сөз.
Алла расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрағанда, сахабалар: «Алла мен расулы, әрине, ең дұрысын біледі» дейді. Пайғамбарымыз «Ғайбат – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен айтуың» деген кезде сахабалар «Ал айтқан нәрсеміз бауырымыздың бойында бар болса ше?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз бұл сұраққа «Егер сен оның бойында бар нәрсені айтсаң, ғайбаттағаның. Ал егер оның бойында жоқ нәрсені айтсаң, жала жапқаның» деп жауап береді.
Ислам тәрбиесі бойынша адамның айыбын бетіне басу ұнамсыз деп саналумен қатар сыртынан айтуға да тыйым салынады. Адамдарға жаман лақап аттар тағу, кемсіту және олардың құпия жағдайларына сұғыну – исламның дұрыс санамайтын жаман әрекеттерінің бірі. Бұлардың жаман істер екендігін Хақ Тағала «Хужурат» сүресінде көрсетіп, ғайбат туралы былай деген: «...Біріңді-бірің ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әнеки, бірден жиіркендіңдер. Ендеше, Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – Тәууәб (құлдарының шынайы тәубелерін қабыл етуші), Рахим (тәубеге келіп, Өзіне бет бұрған құлдарына ерекше мейірімді)».
Бұл аяттың түсу себебі ретінде мына оқиға айтылады: Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жорыққа шыққан кезінде жағдайы нашар бір сахабаны ауқатты екі адамның қасына қосып беретін, ол әлгі екі кісіге қызмет ететін. Салман Фарисиді де осылай екі сахабаның қасына қосып береді. Ол соларға қызмет етіп, тамақтарын пісіретін. Бір күні ұйықтап қалып ештеңе пісіре алмайды. Олар оны қатық сұрап әкелуге пайғамбарымызға жібереді. Пайғамбарымыз оны Усамаға (р.а.) жібереді. Салман (р.а.) барып, Усамадан қатық сұраған кезде ол қатық жоқ екенін айтып, қолын бос қайтарады. Салман (р.а.) кері оралып, жағдайды айтқанда әлгі екі кісі Усама туралы «Онда бар болатын, бірақ сараңдығы ұстап бермеді» дейді. Сосын Салманды жейтін қорек сұратып басқаларға жібереді, бірақ Салман (р.а.) қайда барса да ештеңе ала алмай, қолы бос оралады. Сонда әлгі екі кісі Салманды «Егер Салманды Сумейха құдығына жіберсек, оның да суы тартылып кететін шығар» деп қағытады. Кейіннен бұл екі кісі расулаллаға барады. Екі дүние сардары пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға: «Мен неге сендердің ауыздарыңнан еттің қалдығын көріп тұрмын?» дегенде, олар: «Ант етеміз, біз бүгін ет те, басқа ештеңе де жеген жоқпыз» деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз: «Сендер (өздерің байқамасаңдар да) Салманның және Усаманың етін жедіңдер» деген еді.
Ғайбат сөз – аятта көрсетілгендей өлген адамның етін жеу секілді жаман әрі жиіркенішті күнә. Өлген кісі өзін қорғауға қаншалықты әлсіз болса, ғайбатталушы адам да өзінің ғайбатталғанынан хабарсыз, қорғаусыз және шарасыз. Ғайбаттаушы адам өлген адамға шабуыл жасау секілді жиіркенішті іс жасады деген сөз. Ешқандай кәміл мүмин мұндай жаман іске бармайды. Мәйітті жеу қандай лас нәрсе болса, ғайбат та жәй ғана күнә емес, ол өте жиіркенші әрекет және мұсылмандардың қоғамдық құрылымын әлсірететін апат. Бір денеде орналасқан аяқ қолды қалай қызғанбаса, оған қалайша жамандық ойламаса мүминдер де бір-бірін ғайбаттамауы керек. Әйтпесе, бауырлар арасындағы мықты байланыс әлсірейді әрі ықыласты бәсеңдететін әрекет жасалған болып саналады.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Сүләйм ибн Жабирге жасаған ұсыныстарында Ислам ахлағы туралы мынадай ескертпелерді жасайды: «Жақсылықтың ешқайсысын азсынба! Діндес бауырыңды жылы қабақпен қарсы алып, оған күліп қара! Қасыңнан кеткен кезде артынан ғайбаттама!».
Мүминнің іші мен сырты бірдей болуы тиіс. Ол адамның бетіне қарап күліп, сыртынан ғайбаттамайды. Барлық жағдайда да бауырының құқығын қорғап, оның ар-намысы мен өзінің ар-намысын тең көреді. Ахнаф ибн Қайс: «Қасымнан тұрып кеткен адамның жаман жерін айтқан емеспін» деп, бұл мәселеде мүминдерге үлгі болған.
Алла расулы мүминдерге тағы да басқа ескертпелер жасап, былай дейді: «Бір-біріңді күндеуші болмаңдар! Тұтынушыны шағыстыру мақсатында алмайтын затыңды алатындай болып, бағаны көтермеңдер! Бір-біріңмен өштесіп, кектенбеңдер! Келісілген сауданы біреу келіп бұзбасын. Ей, Алланың құлдары, бауыр болыңдар! Мұсылман мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды, менсінбей, қор санамайды, мұқтаж кезінде оны тастап кетпейді».
Осы ескертуден кейін үш рет кеудесін көрсетіп, былай деген: «Тақуалық, міне, мына жерде. Мұсылман бауырын менсінбей, оны қор санау адам үшін жеткілікті жамандық. Бір мұсылманның қанын төгу, малын алып қою, ар-намысына тиюге басқа мұсылмандарға тыйым салынады».
Мұсылмандар бір-бірінің бауыры, бір-біріне озбырлық жасамайды. Оның көзінше де, сыртынан да қорлап, мазақ етпейді, ар-намысына тимейді. Егер бұларды жасайтын болса, бұл оларға күнә ретінде жеткілікті. Өйткені, бұл қылмыстар жай қателіктер емес. Біздің мән бермей, жай нәрсе деп қарағандарымыз Алланың назарында өте үлкен іс болып жазылуы мүмкін.
Хақ Тағала «Хужурат» сүресіндегі аяттың басында мүминдерге алты түрлі тұрғыдан сұрақ қойып, былай дейді:
1. Ақылдарың жоқ па, осыншама жаман нәрсені түсінбейсіңдер ме? Ойлау, қабылдау қабілетінен айрылдыңдар ма, осыншалықты жиіркенішті әрекеттің қатерлілігін байқамайсыңдар ма?
2. Жүректеріңе не болған, осындай жиіркенішті бір күнәға оң көзбен қарайсыңдар? Осындай жиіркенішті нәрсеге қалай оң көзбен қарауға болады?
3. Жеке мәдениетіңіз осындай кесірлі істі қалай қабылдайды, қалайша қарсылық көрсетпейді?
4. Адамдық сезімдеріңіз осынша төмендегені ме, адамның мәйітін жеуді қалай қабылдайсыңдар?
5. Мейірімділік пен кішіпейілділік сияқты сезімдерің қайда? Діндес бауырларыңнан бастап басқа тұрғыдан да бауырдай болған адамның рухани құндылығын нысапсыз түрде қалай аяққа таптай аласыңдар?
6. Ар-ождандарың қайда? Жаратылыстарың бұзылған ба, бауырыңызға етін жеу сияқты ең жиіркенішті нәрсені қалай жасайсыңдар?
Міне, ғайбат айтқан адам осы сұрақтарға жауап іздеп, нәтижеде істеген ісінің қаншалықты жиіркенішті екенін аңғаруы керек.
материал Ғайбат (Басқа бәле – тілден)» кітабынан алынды,
ummet.kz