Достық – адам өмірінің өзегі. Адам баласының бойына достық пен махаббат дәнегі ана құрсағында-ақ егіледі. Жерге түскен дәннің өнуіне күннің шуағы мен топырақтың жылуы қажет.
Сол секілді әр сәбидің жүрек түпкірінде жатқан достық пен махаббат дәнегінің бүршік жарып, гүлденуіне едәуір уақыт керек. Баланың есі кіріп, сана-сезімі оянып, кемелдене бастаған шағында жүрегіндегі достық пен махаббат дәні бүршік жаруға талпынады. Ал бұл екеуінен бұрын балдырған бөбектер арасында жолдастық болады. Өйткені жолдастық – достық пен махаббаттың алғашқы баспалдағы. Жолдастық – достыққа жеткізеді, ал достық – асыл махаббатқа апарады. Достық пен жолдастық – ең көп шатастырылатын ұғымдар. Оларды кейде ажырата алмай жатамыз. Бірақ жолдастық басқа, достық басқа, кейде танысқанына бірнеше күн немесе апта болған адамдар бір-біріне «досым» деп жатады, бірақ ол достық емес жолдастық қана.
«Досым» деп айта алу үшін көптеген сыннан өтуіміз керек. Достың жолдастан айырмашылығы – жолдасыңды қатты сыйласаң, досқа ілтипат танытып, құрмет көретудің қажеті жоқ. Өйткені досыңды өзіңдей көргендіктен «өзіңнің» көңіліңді өзің аулауға қажеттілік жоқ. Достық, әуелі, жолдастықтан басталады. Жолдастық достыққа айналуы үшін сенім керек, сенім – достықты құрайтын ең басты құрам. Сенім болмаған жерде достық та баянды болмайды.
Қай қоғамда болмасын бақытты да баянды өмірдің көрінісі достарға да байланысты. Өміріміздің әр сатысында түрлі достығымыз болады. Олар кейде ұзақ, кейде қысқа болып жатады.
материал «Дос болам десең» кітабынан алынды,
ummet.kz