Әдетте ел ішінде «бұйырғаны болар» деген түсінік бар. Бұл түсінік халқымыздың кеңпейілдігі мен мұсылмандық мінезін байқатады. Бұйрықтың Жаратушыдан келетіні сөзсіз, дегенмен біле білгенге тілек тілеу, онда да өзімізге қайырлысын тілеудің күнделікті өмірімізде алар орны ерекше.
Шыны керек, кейде өмірдің қыр-сырын түсіне алмай жатамыз. Жақсылық күткен істе үмітіміз ақталмағанда, тауымыз шағылып, тауанымыз қайтады. Ондайда кейбіреулер үмітсіздікке салынады, енді біреулер қатты торығып, психологиялық ауытқушылықтарға ұрынады. Өмірден мүлдем баз кешіп кететіндер де табылады. Бақсы, балгер, құмалақшылар іздеп кететіндер де жоқ емес. Әрине, алысты болжаудың әр адамға нәсіп еместігі белгілі. Айтпағымыз, күнделікті өмірде Алладан әр істің қайырлысын ғана тілеп жүрудің мұсылмандарға берер көмегі аз емес.
Әр істің қайырлысын тілеу кең түсінікті қамтиды. Өйткені, адам жаны әр нәрсеге құмартқанымен ол қалауының өзіне қаншалықты жақсылық болып тиетінін білмейді. Айталық, байлығым болсын дегенімен ол байлықтың түбі неге апаратынын, балам болсын дегенмен ол баланың қандай болып өсетінін, пәленге үйленсем деп зарыққанымен онымен бақытты тұрмыс кешетінін-кешпейтінін біле алмайды.
Әр істің қайырлысын тілеу адамға өзінің әлжуаздығы мен дәрменсіздігін сездіреді. Шексіз құдірет иесінің кім екенін ұқтырып, Аллаға жақындата түседі. «Уа, раббым! Мен сенің әлсіз ғана құлыңмын, сен менің құдіретті ұлы иемсің. Барлық нәрсе бір өзіңе ғана аян. Бұл істің соңында мені не күтіп тұрғанын білмеймін. Егер мен үшін қайыры бар болса, осы тілегімді бере гөр!» деп тілеген адам әрдайым нағыз тәуекелге бел байлайды.
«Ойға алған ісімнің қайыры болса ғана нәсіп ете гөр» деп тілеген адам өмірдегі сәтсіздіктерге күйгелектенбейді. Күйінгеннен абайсызда Құдайға тіл тигізіп, тағдырмен ерегеспейді. Демек, қайыры жоқ, баянсыз болғандықтан нәсіп болмаған шығар деп ұйғарады. Жаратушының қалауына ерік береді. Бұл түсінік оны әрдайым Алламен байланыста ұстайды. Сондай-ақ бұл түсінікті ұстаным еткен адам жолы болмаған уақыттарда «жол ашатындарды» іздеп сабылмайды, өмірден түңілмейді, үмітсіздікке салынбайды, сабасына тез түседі, байсалды, байыпты қалпын сақтай біледі.
Қайырлысын тілеу «болса болсын, болмаса қойсын» деген пассивтікті де білдірмейді. Ол тілегінің жүзеге асуы үшін қолынан келгенін істеп, әрекетін жасайды. Бейнелеп айтсақ, өнім алу үшін жер жыртып, арық қазады, егін егеді, уақытында суғарады, еңбектенеді. Алайда, Алла қаламаса, адамның мұратына жете алмайтынын әрдайым қаперде ұстайды. Сондықтан да «Раббым, мен қолымнан келгенімді істедім, ендігісі өзіңе аманат» деп тағы да Жаратушысының құдіретіне арқа сүйейді.
Қасиетті Құранда мынандай аяттар бар:
«Сендер ұнатпаған істе жақсылық болуы мүмкін, сендер ұнатқан істе жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» (Бақара сүресі, 216).
«.. бәлкім, сендерге бір нәрсе ұнамас, алайда Алла сол істе көп қайыр болдырады» (Ниса сүресі, 19)
Иә, өмірде әр нәрсенің өз хикметі болады. Пенде ә дегенде хикметі байқалмайтын ол істерді өзінің тар танымына салып, ұнаса жақсы, ұнамаса жаман деп үстірт бағалай алмайды. Бұл тұста адамнан гөрі Жаратушының қалауы басты орында тұрады. Ал толық хикмет иесі Жаратушының аса рақымды, ерекше мейірімді екені сөзсіз. Құлдарына жамандық қаламайды. Ендеше, құл да әрдайым өзіне жақсылық тілеп, әр істің астарындағы иләхи астарды ұғуға тырысуы керек.
Сырттай қарағанда ащы дәрі ішу, ине салдыру, отаға түсу де бізге ұнамайды. Бірақ Алла тағала сол істерді адамға пайдалы етіп, емделуге қажетті еткені мәлім.
Кейде бір жаққа асығамыз, бірақ жолда күтпеген кедергі шығып, уақытында жете алмаймыз. Ал осы кезде бекерге әркімді бір кінәлап, жүйке тоздырғаннан гөрі «сірә, бұның да бір жақсылығы бар шығар. Алла мүмкін мені бір жамандықтан қақты ма екен» деп ойлаған адам өзін сабырға шақырумен қатар, анағұрлым ақылды іс жасамақ. Хадисте де жамандыққа сабыр, жақсылыққа шүкір ете білген мұсылманның екі жағдайда да сауапқа кенелетіні айтылмай ма?
Бір оқиғада кеме суға кетіп, аралда көп жыл жалғыз өмір сүрген кісі әрең деп соққан үйі аяқ астынан өртенгенде, қатты қайғырады. «Осыны да көп көрдің бе?» деп Құдайға тіл тигізеді. Алайда, алыстағы бір кеменің жағадан әлдеқандай аспанға будақтаған қою түтінді көріп, сол жаққа қарай бұрылғанын, дәл сол мезет үйінің өртенгені оның аралдан аман-есен еліне оралуына септігін тигізетінін ол білмеген-ді.
Қазақ «Дауыл болмай, жауын болмас. Жауын болмай, қауын болмас» деп мақалдайды. Демек, дауыл тұрды деп қорқыныш етудің қажеті жоқ. Дауылдың артынан келетін берекетті жауынды да ескерген жөн.
Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бір істе шешім қабылдай алмай қиналған сахабаларына «Истихара» намазын оқып, Алладан қайырлысын тілеуді өсиеттеген. Өзі де дұғасында «Бұдан кейінгі өмір сүруім мен үшін қайырлы болса ғана, өмір сүргіз» деп тілеген. Өйткені, бүгінге дейін үлгілі өмір сүріп келген адамның қалған өмірін де дәл солай абыройлы күйде өткізе алатынына еш кепілдік жоқ. Құранда өздеріне ұрпақ тілеген пайғамбарлардың дұғасына қарағанымызда, «қайырлы, ізгі ұрпақ бере гөр» деп тілегенін көреміз.
Тақырыпқа сай мына бір әңгімені де келтіре кетейік.
Бір патшаның ақылды уәзірі қандай іске тап келсе де «түбінде бір қайыры бар шығар» деуді өзіне әдет етіпті. Бір жолы патша аңға шығарда мылтығын оқтап отырып, аңдаусызда атылып кетіп, қолын жарақаттайды. Қасына келген уәзірі оны жұбатып, «Хан ием, жабырқамаңыз, бұның да бір қайыры бар шығар» дейді. Ашуланған хан дереу оны зынданға тастатады. Сөйтіп қалған уәзірлерін ертіп аңға шығады. Хан аңда жүріп, аңдаусызда жабайы тайпа адамдарының қолына түсіп қалады. Тайпа адамдары өз дәстүріне сай он екі мүшесі сау адамдарды ғана таңдайды екен. Уәзірлерді тегіс байлап-матап, қолы жарақаттанған ханды ғана кері қайтарады. Хан аман-есен елін тауып, болған оқиғаны әңгімелеп, зынданға тастатқаны үшін уәзірінен кешірім сұрайды. Саусағы жарақаттанғаны үшін жаны аман қалғанын, бұл істің қайырын енді түсінгенін айтады. Сонда уәзірі байсалды қалпын бұзбастан «Хан ием, кешірім сұрамасаңыз да болады, – дейді, – өйткені мені сол уақыттарда зынданда ұстағаныңыздың да қайыры бар екен. Егер зынданға тастатпағаныңызда мен де сіздермен бірге аңға шыққан болар едім. Онда аман қайта алмас едім?!»…
Иә, ойға алған әр ісіңнің берекесі мен қайырын тілеп, қайырсыз істерден аулақ жүру – үлгілі мұсылмандықтың белгісі. Ата-бабаларымыздың өсиеттерінде де бұл ой кездеседі. Мәселен, Әсет Найманбайұлы бір өлеңінде осыған көңіл аудартып былай деген екен:
Байдың малы – бір боран, батыр – оқтық,
Мал мен басқа бола ма көңіл мастық.
Әр істі қайырымен Хақтан сұра,
Біреуге қылма жаман, назары аштық…
материал «Ислами таным» кітабынан алынды,
ummet.kz