22
Жұма,
Қараша

һижри

Саналы түрде иман етудің маңызы

Саналы түрде иман етудің маңызы

Иман келтіру

Саналы түрде сенуді білдіретін иман – санамен саралап, сезіммен қуаттап, зерттеп, іздену нәтижесінде Ұлы Жаратушының бар және бір екендігіне толық көз жеткізу. Ақыл – иман үшін қажетті шарт. Ақыл болмай, шынайы иманға жету мүмкін емес. Ақли дəлелдерге сүйеніп жеткен объективті нақты мəліметтер арқылы иманға жету – зерттеуге əрі ізденіске негізделген иманның (тахқиқи иман) талабы. Сондай-ақ, Алланың жер бетіне жіберген діні – Ислам дінін барлық жағынан шынайы деп қабылдай отырып иман ету.

Океанолог профессор Шрейдер: «Әлемде болып жатқан оқиғалар шын мәнінде 1400 жыл бұрын Құранда айтылғандарды айғақтайды, ал оны ғалымдар енді ғана ашып жатыр. Мұны әлемдегі ғалымдарға жеткізуді өте маңызды деп ойлаймын», – деген. XVI ғасырда өмір сүрген Алжир адмиралы Саид Али өзінің «Мират ал-Мамалик» атты еңбегінде Парсы шығанағында орын алған оқиға туралы айтады. Тұзды теңіздің астыңғы қабатында тұщы суға тап болып, ол суды бүкіл кемедегілердің ішкендігін тілге тиек етеді.

Басқа бір зерттеушілер теңіздердің ерекше қасиетіне байланысты 1962 жылы Қызыл теңіз бен Үнді мұхитының сулары бір-бірімен араласпайтынын жаңалық ретінде ашқан болатын. Мұндай жағдай Атлант мұхитынынан да байқалған. Бұл екі су шоғыры Гибралтар бұғазында мыңдаған жылдардан бері кездеседі. Дүние жүзіне белгілі француз мұхитшысы (океанограф) Жак Кусто бұл жаңалықты ашқанда, «теңіз бен мұхитта мен білмейтін жұмбақ сыр жоқ» деп ойлайтын. Ол Ақтеңіз бен Атлант мұхитының басқаша химиялық және биологиялық қасиеттерге ие екенін байқайды. Гибралтар бұғазында теңіз астын зерттеу барысында оңтүстік пен солтүстік жағалауында ащы мен тұщы екі су шоғырларының бір-бірімен соқтығысып жатқанына куә болған еді. Алайда, ашылған бұл ғылыми жаңалық 14 ғасыр бұрын Құранда жазылған болатын. Онда: «Ол – Алла, бірі шөлдегеннің шөлін қандыратын тұщы, енді бірі тұзды да ащы қос теңізді бір-бірімен тоғыссын деп қоя берді» («Фурқан» сүресі, 53-аят).

«(Бір-бірімен тоғысса да, тоғыспаса да) екі теңіз (суы) бірдей болмайды: Мынаның суы ішуге жарамды тұщы, ал ананың суы тұзды да, ащы» («Фатыр» сүресі, 12-аят).

«Ол екі теңізді бір-бірімен тоғыссын, деп, қоя берді, сөйтіп, екі (алып) су түйісті. Алайда араларында өткел бермес бөгет бар, сулары бір-бірімен араласпайды. Ендеше, (ей, жындар мен адамдар) Раббыларыңның қай нығметін жоққа шығара аласыңдар?» – деп келеді («Рахман» сүресі, 19,20,21-аяттар).

Бұны оқыған Жак Кусто: «Бұл мен үшін төбеден жай түскендей болды. Мен Құранның аудармасын көргенде: «Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Алланың хақ сөзі», – деген болатын. Бұл шынайы иманға жету үшін нақты дәлел болып саналмақ.

Абай хакім:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас, – деп тоқсан ауыз сөзді тобықтай етіп, Құранның хақ екендігін жеткізген.

Иә, бір-бірімен қабысып жатса да, сулары араласпайтын теңіздердің аятта айтылған ерекшелігі осылайша мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерінен табылған еді. Ғасырлар бойы бір-бірімен түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әртүрлі болуы – екі теңіздің суларын бір-біріне араластырмай, ортада көрінбейтін бір қабырға бардай боп тұрады.

Шынымен-ақ, физика ғылымы, су асты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер әлі адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін дәуірде Құранның бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы ойланған адамға көп нәрсенің бетін ашары сөзсіз.

материал «Аллаға иман» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: