22
Жұма,
Қараша

һижри

Иманның ұлылығы неде?

Иманның ұлылығы неде?

Иман келтіру

Жүрекпен сеніп «Лә илаһа иллаллаһ»,– дегендерді Алла елшісінің жәннатпен сүйіншілеуі

Рифаатул-Жүһәни былай баяндайды: «Бірде Алланың елшісімен бірге бірнеше сахаба Қадид деген елді мекенге сапар шектік. Қадидке жеткенде, арамыздан кейбіреулер отбасыларына оралғысы келетін тілектерін жұқалап жеткізді. Расулалла орнынан тұрып, Аллаға шүкіршілік етті, сөйтті де: «Алланың Пайғамбарын жалғыз тастап, отбасы ошақ қасына оралғысы келетін, сондай-ақ, жау жағына өткісі келгендер бар ма тағы арамызда?» – деді.

Пайғамбарымыз осылай деуі мұң екен, жыламаған адам қалмады. Біреуі ортаға шығып: «Мына сөздерді естігенше өлгеніміз артық. Алланың елшісінен рұқсат сұрағанымыз әбестік болатын шығар!», – деді. Сонда Алланың елшісі: «Мен Алланың алдында Алладан басқа илаһтың жоқтығына және менің Оның елшісі екендігіме шын жүректен сеніп, тура жолда өмір сүріп, дүниеден озғандардың міндетті түрде жаннатқа кіретіндігіне куә боламын. Раббым маған үмбетімнен жетпіс мың адам есеп берместен, азап тартпастан жәннатқа кіреді деп уәде берді. Жаннатқа кіретін сол адамдардың ішінде сендердің салиқалы аталарың, әйелдерің және ұрпақтарың болып, өз орындарына орналасады деп үміт етемін», – деді».

Кәлима айтқандардың жаһаннамнан шығатындықтары туралы сүйінші

Әбу Мұса (р.а.) былай әңгімелейді: Бірде Алланың елшісі: «Жаһаннамда мәңгі қалатын адамдар мен кейбір мұсылмандар кездесіп қалады. Сонда кәпірлер: «Сендер мұсылман емессіңдер ме?» – деп сұрайды. Мұсылмандар: «Иә», – дейді. Кәпірлер: «Мұсылман болып, жаһаннамда қалғандарың қалай?» – деп сұрайды. Сонда мұсылмандар: «Біздің күнәларымыз бар, сол күнәларымыздың жазасын өтеуге келдік», – дейді. Сосын Алла олардың жаһаннамдағы осы әңгімелерін естіп, мұсылмандарды тозақтан шығаруды әмір етеді. Кәпірлер мұсылмандардың тозақтан шығарылғанын көріп: «Әттең, біз де мұсылман болғанымызда ғой!» – дейді» Алла елшісі осыны айтып, мына аятты оқыды: «Алиф, ләм, ра. Бұлар – Кітаптың және ап-анық Құранның аяттары. Кәпірлер сол күні мұсылман болуды қатты қалайды» (Хижр, 15/1-2).

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: