22
Жұма,
Қараша

һижри

Жұмысшының ақысын маңдай тері кеппей тұрып беру мәселесі

Жұмысшының ақысын маңдай тері кеппей тұрып беру мәселесі

Иман келтіру

«Жұмысшының ақысын маңдай тері кеппей тұрып беріңдер».
(Ибн Мәжә, «Рубғун» 4; Табарани, «Әл Муғжәмус сағир» 1/43; Бәйхақи, «Сунәнул Кубра» 6/120)

Хадиске түсіндірме:

Кез келген бір кісінің жұмысын белгілі бір ақыға келісіп атқарып беруді мойнына алған кісіні «жұмыскер» дейді. Атқаратын жұмысты мойнына алған кісі сол жұмысқа қатысты жасалған келісімшарт арқылы бойындағы бар күш-қуаты мен табан ақы, маңдай терін белгілі бір мерзімге жалға берген болып саналады. Байырғы заманда адам саны мен әлеуметтік қажеттіліктердің де шектеулі болуына байланысты әрбір кісі өз жұмысын өзі тындырып, басқа адамдардың жәрдемдеріне бүгінгідей кіріптар болмайтын. Дегенмен, ай аунап, жыл жылжып дегендей небір замандардың өтуімен мәдениеттер де, адамдардың қажеттіліктері де көбейіп, адамдар өз қажеттіліктерін қамтамасыз ету барысында басқалардың көмегіне иек артуына тура келетін болды. Сөйтіп, қоғамда «жұмысшылар» деген топ пайда болып, олардың еңбегін ақша беріп пайдаға жарату кең етек алып кетті. Ислам дінінде келісімшартпен біреуге жалданып жұмыс істеп, маңдай терімен нәпақа табатындарды өз алдына бір бөлек топ деп қарамайды. Себебі, қолдағы қаражатпен қоса, талап пен қажырлы еңбектің де маңызы зор. Міне, сондықтан, бүгін қарапайым жұмысшы болып тер төгіп жүрген кісі, ертең-ақ, еңбек-қаражат серіктестігін дөңгелетіп, немесе егін шаруашылығындағы серіктестік сынды сауда көздері арқылы толағай табыстарға кенелген кәсіпкер болып шыға келуі ғажап емес.

Ислам дінінде мамандандырып барып жұмыс тапсыру – қоғам мүшелерінен талап етілетін нәрсе. Алайда бұл бірнеше адамдардың атқаруымен жүзеге асса, бұл істің жауапкершілігі қоғамдағы басқа жандардың мойнынан түседі. Дінімізде жұмысшының ақысы атқарған істеріне қарай беріледі. Құран кәрімде баяндалғандай, Мұса пайғамбар мен Қызыр жолаушылап келе жатқанда, қарындары шұрылдап, жолшыбай кездескен бір ауылға ат басын тіреп, құдайы қонақ болуды ұйғарады. Алайда ол ауылдың халқы арып-ашып келе жатқан қос жолаушыны құрметтеп қарсы алудан қашады. Қарсы алғаны былай тұрсын, бір жұтым су да татырмайды. Ақыры, еш шара болмағандықтан, екеуі қимай-қимай ол мекенді тастап тағы да жол жүруге ыңғайлана бергенде, әзірет Қызыр құлауға айналған ескі бір дуалды көреді де, әлгіні дереу барып түзеп, құламастай етіп тұрғызып қояды. Мұның басы-қасында жүрген Мұса пайғамбар: «Қаласаң, міндетті түрде бұл ісің үшін ақы алатын едің ғой!» – дейді. Міне, бұл аяттан дінімізде атқарған ісі үшін ақы талап етудің рұқсаттығы, берілетін ақының мөлшерін істі бастамас бұрын анықтап алу, сонымен қатар, іс беруші адамның рұқсатынсыз бір істі алдын-ала атқарып тастап, оның ақысын талап етудің болмайтындығы түсінілген. Сонымен қатар, Құранның тағы бір аятында «адам баласына тек істеген ісінің ғана қарымы берілетіндігі» айтылған. Сондай-ақ, Шұғайып пайғамбардың қойларын суғаруға көмектескен әзірет Мұсаға белгілі бір мөлшерде ақы ұсынғанына қарап, асыл дінімізде адал еңбекке және еңбек ақысына аса мән берілетіндігін байқауға болады.

Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынастар келісімшарт арқылы жүзеге асатындықтан, екі тарапқа да біршама құқықтар мен міндеттер жүктеледі. Жалпы алғанда, жұмысшының міндеттері мыналар:

а) Келісімшартта жұмысшыға берілетін істің көлемі нақты көрсетілуі керек. Атқарылатын жұмыстың анық көрсетілмеуі түсініспеушілікке, тіпті араздыққа жол ашуы мүмкін болғандықтан, бұл мәселені әу баста нақтылап алу керек. Бұл келісімшарт белгілі бір шарттардың аясында немесе жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен қоғамдық түсініктеріне сай жүзеге асырылады.
Бұған қоса, жұмысшының жалақы мөлшері нақты тағайындалуы қажет. Өйткені, жалақыны іс бас-талмай жатып анықтап алмаған жағдайда әртүрлі түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін. Сол себепті, Алла елшісі: «Жұмысшы жалдаған кісі, оған беретін жалақысын алдын-ала білдірсін», – деп, жалақының алдын-ала тағайындалу керектігін шегелеп айтқан.

Ислам дінінде жұмыс түрлері мен белгілі мамандықтарға берілетін жалақы мәселесінде арнайы әрі нақты үкім берілмеген. «Ең жақсы табыс – адамның маңдай терімен және адал жолмен сауда-саттық арқылы тапқан табысы», сондай-ақ «ешкім өз еңбегімен тауып жеген наннан артық ас жеген емес, шүбәсіз, Алланың пайғамбары әзірет Дәуіт те сауыт жасап, өз еңбегімен күнелтетін» деп келетін хадистер арқылы жұмысшы ақысының адал табыс екені білдіріліп, жұмысшыға жалақысының толық әрі уақытылы төлену керектігіне баса назар аударылған. Сондай-ақ, басқа бір хадисте «Кімде-кім біздің қандай да бір ісімізді атқаруға тағайындалатын болса, сол тағайындалған адамдардың ішінде үйі жоқтары үй алсын, бойдақтары үйленсін, қызметшісі болмаса, қызметші алып, көлігі жоқтар көлік иеленсін. Ал, кімде-кім бұларды місе тұтпай, көбірек дүние жиғысы келсе, онда ол нағыз айлакер-арам, болмаса ұры-қарының нақ өзі» – делінген. Хадистерде жалданып жұмыс жасайтын адамның өмір салтындағы белгілі бір өлшемге ишарат жасалып тұрғандығын ұғынамыз. Сонымен қатар, барлық жұмыс түрлері мен мамандықтар үшін бірдей еңбек ету және қабілеттің де бірдей болуы міндетті болмағандықтан, берілетін жалақының да тең дәрежеде болуы міндетті емес.

ә) Жұмысшының жалақысы мүмкін болғанша кешіктірілмей, уақытылы берілуі тиіс. Тақырыбымызға арқау болған жоғарыдағы хадисте айтылғандай, жұмысшының ақысын мейлінше маңдай тері құрғамай тұрып берген жөн. Осы тақырыпқа қатысты бір құдси хадисте біреуге жұмысын істетіп алып, ақысын бермеген кісінің ісін қиямет күні Алла Тағаланың өзі қарайтындығы айтылған.

б) Жұмысшыға шамасынан тыс ауыр міндет жүктемеу керек. Өйткені, Құранда «Алла ешкімге шамасынан тыс міндет жүктемейді» – делінген. Пайғамбарымыз да «Қызметшілеріңе шамасы жететін істі ғана тапсырыңдар. Егер ауыр міндет жүктейтін болсаңдар, өздерің де бір жағына шығысыңдар», – деп, жұмысшылардың құқығын қорғауға баса назар аударған.

Жұмыс уақытын тым ұзартып жіберу де жұмысшыға шамасынан артық міндет жүктегенмен тең. Негізінде, ұзақ уақыт жұмыс істеу себебінен туындаған шаршап-шалдығу процесі өнімді жұмысқа тұсау болатындығы анықталған. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.
в) Жұмысшыға құлшылық жасауға мүмкіндік беріліп, әлеуметтік қоғамдағы құқығы қалай сақталатын болса, рухани құқының да аяқ асты болмауына назар аударған жөн. Намаз оқуына, әсіресе, жұма және айт намаздары сынды, барша мұсылмандар жұмыла атқаратын құлшылықтарын орындауға мүмкіншілік беруі керек. Жұма намазы мен бес уақыт намаздың парыздарының өтелуі құқықтық тұрғыдан алғанда «Алла Тағаланың хақысы» болып есептелетіндіктен, жұмыс беруші кісі қарамағындағы жұмысшыларға тым болмағанда аталмыш намаздардың парыздарын орындауға мүмкіндік беруі керек. Тіпті келісімшартта жұмысшының құқына кереғар баптар болған күннің өзінде оған бағынуға міндетті емес. Өйткені, бұл жағдайда келісімшарт дұрыс болғанымен, ондағы шарт шариғи тұрғыдан дұрыс болмайды. Бұл аталғандар тек парыз намаздарына қатысты. Ал, нәпіл намаздарға келсек, олар бұл үкімнің аясына кірмейді. Негізінде, Алла Тағаланың хақысы бүкіл нәрседен жоғары тұруға тиіс. Сондықтан жұмыс беруші өзі намаз оқымаса да, қол астындағы жұмысшының намаз оқуына жағдай жасауға міндетті.

Жұмыс беруші жұмысшыларына тым болмаса жұма құтбасын тыңдап, екі рәкат парыз намазды оқып алуына мүмкіндік бергені жақсы. Егер де жұма намазын зауыт немесе фабрика сынды жұмыс орнында оқу мүмкіндігі болса, ондағы шағын намазхананың есігі баршаға ашық екені жария етіліп, сол жерге келіп жұма құлшылығын атқарғысы келетін мұсылмандарға бөгет жасалмауы тиіс. Дегенмен, жұмыс беруші техникалық талаптарға сай міндетті түрде қызмет орнында болуы тиіс жұмыскерлерді, мысалы, тәулік бойы тоқтамай істейтін өндірістік мекемелерде немесе станок басында тұратын жұмысшыларды жұма намазына жібермеуіне болады. Мұндай зәру жағдайда жұмысшылар кезектесіп, бесін намазын оқиды.

Бұл жерде мына мәселеге баса назар аударған жөн. Жұма намазын оқуға міндетті болған кісілердің себепсізден-себепсіз намазды тәрк етіп, күйбең тіршілікке алдануы дұрыс емес. Себебі, Құранда мұндай қылықтың құпталмайтынына ескерту жасаған аят бар. Ол аятта: «Уа, иман еткендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тыңдап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы» – делінген.

Осы аятқа сүйене отырып ғалымдарымыз құтба оқылардың алдындағы екінші азан айтылып жатқан кезде жұма намазына баруға шама-шарқы жете тұра кешігіп, сауда-саттығын қыз-қыз қайнатып жатқан адамның саудасының шариғат тұрғысынан дұрыс сауда болмайтындығын айтады. Ханафи ғалымдары бойынша бұлай жасау харамға жақын мәкрүһ болып саналса, көпшілік фиқһ ғұламаларының көзқарастарында харам болып табылады.

г) Жұмысшыға өзінің негізгі қажеттіліктерін өтеп алуға және бір уақыт бел шешіп тынығып алуына мүмкіндік беру керек. Жұмыстың өнімді, әрі табысты болуы үшін бұл мәселеге ерекше мән берген жөн. Демалыс уақыты келісімшартта көрсетілген болса, оған бағыну керек. Ал, ондай шарт болмай, қоғамда демалыс күндері қалай қалыптасқан болса, сол негізге алынады.

ғ) Жұмыс беруші келісімшартта көрсетілген жалақыдан бөлек жұмысшыларды ас-ауқат, киім-кешек және баспанамен қамтамасыз етуге, әрі оларға басқа да әлеуметтік жәрдемдер көрсетуге міндетті емес. Ал, егер аталмыш жәрдем түрлері келісімшартта көрсетілсе, немесе әдет-ғұрыпта бар болса, оны қалай да орындау қажет. Осыған байланысты ардақты пайғамбарымыз: «Олар – Алла Тағала сендерге «басқарыңдар» деп берген бауырларың. Оларға өздерің жеген тамақтан жегізіп, өздерің киген киімді кигізіңдер. Сондай-ақ оларға атқара алатын істі ғана тапсырыңдар...» – деп айтқан.

д) Жұмысшы артық жұмыс істеген жағдайда оған қосымша ақы төленуі тиіс. Өйткені, Алла елшісі: «Оларға артық міндет жүктейтін болсаңдар, жәрдем беріңдер», – деп бұйырған.

е) Жұмысшы еңбек келісімшартын өз қалауымен немесе қандай да бір орынды себеппен бұзуға құқылы.
ж) Жұмыс беруші қол астындағы жұмысшыларға жақсы қарап, олардың ар-намысы мен көңіліне дақ салмауы керек. Пайғамбарымыз бұл мәселеге қатысты: «Қызметшілеріңе жұмсақ болыңдар, сонда Алла Тағала да сендерге мейіріммен қарайды», – деген.

Тақырыбымызды жұмыс берушінің қарамағындағы жұмысшылардың құқығын аяқ асты етпеуіне қатысты айтылған мына бір құдси хадиспен аяқтайық. Ардақты пайғамбарымыз бағзы заманда тау жылжытып, тас көшірген бір дауылда жолдан адасып қалған үш кісі жайлы айтады. Үшеуі жар жағалап келе жатып, бір үңгірдің ішін паналап отырғанда, үңгірдің аузын бір үлкен тас бітеп, қамалып қалады. Тасты ары-бері қозғауға талпынып көрген үшеуінің әл-дәрмені таусылғаннан кейін, араларынан біреуі Алла Тағалаға былай деп жалбарынады: «Уа, Жаратқан Ием! Кезінде мен біраз жұмысшы жалдап, олардың ақысын толық әрі уақытылы беріп отырған едім. Алайда жұмысшылардың біреуі ақысын алмастан кетіп қалды. Ақыры, ол кешіккен соң, жалақысын сауда айналымына салып жібердім. Оның азғантай жалақысы уақыт өте келе едәуір өсті. Күндердің күнінде әлгі қызметші қайта келіп, бұрын тастап кеткен жалақысын сұрады. Сонда оған: «Мына келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой және оны бағып-қағып қарап жүрген қызметшілер сенің жалақың арқылы келген дәулет», – дедім. Сонда ол маған сенерін де, сенбесін де білмей аңтарылып: «Мені мазақ қылып тұрсың ба?!» – деді. Мен оған: «Жоқ, ешкім сені мазақтап тұрған жоқ», – деп мән-жайды ұғындырдым да, бар мал-мүлкін алдына салып бердім. Уа, Раббым! Сол істі тек қана Өзіңнің разылығыңа бөлену үшін істеген болсам, бізді қараңғы қапас болған мына үңгірден құтқара көр!» Солай деуі мұң екен, үңгірдің аузындағы тас жылжып, қамалып қалған үшеуі аман-есен сыртқа шығады».

материал «Кәсіпкерге арналған 33 хадис» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: