Абдуллаһ ибн Омардың әкесінің досы болған бір бәдәуиге көрсеткен қамқорлығы
Абдуллаһ ибн Динар Ибн Омарға (р.а.) қатысты мынадай оқиғаны еске түсіреді: «Ибн Омар Меккеге жол жүрерде басына әдемілеп сәлдесін орап, түйесіне мінетін де, есекті жетекке алып жүретін. Жолда бірінен жалыққанда екіншісіне ауысып мінетін.
Кезекті сапардың бірінде Ибн Омар жолай бір бәдәуиге кезігіп қалады. Сәлемдескен сауқыт сұрасқан соң әлгі бәдәуиден: «Сен пәленшенің баласы емессің бе?» – деп сұрады. Бәдәуи: «Иә, мен нақ сол кісінің баласымын», – деді. Ибн Омар: «Мынаған жол жүргенде мінерсің, ал мынаны басыңа орарсың», – деп, астындағы қосарға алған есегі мен басындағы сәлдесін бәдәуиге сыйлайды. Серіктері Ибн Омарға: «Аллаһ сені жарылқасын!
Мына жомарттығыңа жол болсын?!» – деп, осынау мәрттігінің мәнісін таңдана сұрасты. Сонда Ибн Омар: «Расулалланың «Ең ізгі амалдардың бірі – әкесі өмірден озған соң оның достары мен жақындарына қамқорлық жасау», – дегенін естіген едім. Жаңағы бәдәуидің әкесі хазірет Омардың ажырамас досы болатын», – деді»
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz