22
Жұма,
Қараша

һижри

Түнгі сәт – Алла үшін құнды, пенде үшін зор мүмкіншілік

Түнгі сәт – Алла үшін құнды, пенде үшін зор мүмкіншілік

Иман келтіру

Кейбіреулер түнді қараңғылық, тіршіліктің тоқтауы, тіршіліктің өлімі деп ойлайды. Енді біреулер үшін түн – аспан кереметтерін, Алланың құдіретін көрсететін Жаратушының көркем (жәмил) сипатының көрінісі.

Бірде Амр ибн Ас (радиаллаһу анһ) Пайғамбарымызға келіп: «Бір уақыттан екінші бір уақыттың Аллаға жақындық тұрғысынан айырмашылығы, абзалдығы бар ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Иә, бар. Түннің ортасында пенде Аллаға өте жақын болады», – деп, түнгі уақыттың маңыздылығын білдірген.

«Түн» сөзі Құранда 114 мәрте қайталанған. Бұл сөздің мұнша қайталануы да түннің маңыздылығын арттыра түспек. Олай болуы орынды, себебі Алланың қасиетті сөзі болған Құран кәрім аспан әлеміне түнде түскен. Құранда: «Анық Кітапқа ант болсын, біз бұны берекелі түнде түсірдік» («Духан», 2-3). Сонымен қатар періштелердің, оның ішінде, Жәбірейіл періште түнде жер бетіне түседі. Бұл жайлы «Қадір» сүресіндегі 4-аятта: «Періштелер және Рух (Жәбірейіл) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» деп қадір түнінде түскендігі айтылған.

Сондай-ақ Алла елшісі жаннат пен тозақты көріп, аспан әлемін аралап Алланың құзырына түнде көтерілген. Бұл сира кітаптарында «исра және миғраж» деген атпен ұзағынан түсіндіріледі.

Сонымен қатар Құранда аталып өткен көптеген қауымға Алланың азабы түнде келген. Бұл жайлы «Ағраф» (4-аят), «Һуд» (81-аят), «Хижр» (15-аят), «Әнбия» (42-аят), «Қамар» (38-аят) секілді сүрелерде баяндалады.

Алланың мейірімі, рахметі түсіп, дұға-тілектер қабыл болып, күнәлар кешірілетін уақыт – түн. Алла елшісі бір хадисінде былай дейді: «Әрбір түннің үште бірінде Раббымыз (рахметімен, мейірімімен), жер аспанына түсіп былай дейді: «Кім маған дұға етеді, мен оның дұғасын қабыл етейін! Кім менен не сұрайды, мен соны оған нәсіп етейін! Кім менен күнәсіне кешірім тілейді, мен оны кешірейін!» Осылайша таң шапағы атқанға дейін жалғасады».

Шах Уалиуллаһ жоғарыдағы хадисті былайша түсіндіреді: «Бұл жерде Алланың дүние аспанына түсуі астарлы мағынада айтылған. Түнгі уақытта адамның көңіл тыныштығын бұзатын дүние тіршілігі тоқтап, жүрек риядан, дүниеге қызықтыратын нәрселерден таза болады. Адамның руханияты Алланың рахметін, мейірімін алатындай күйде болады. Сондықтан Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алланың пендеге ең жақын уақыты түннің үштен бір бөлігі», – деген. Пенде дұға-тілегін Аллаға жақын сәтінде тілесе, құлшылық етсе, оның қабыл болу мүмкіншілігі де арта түспек. Сондықтан тарихта қаншама тақуа құлдар түнгі уақытын намаз оқумен өткізген. Олай болса дүниеден көңіл таза болған түнгі сәт Алла үшін құнды, пенде үшін қажетін сұрайтын зор мүмкіншілік.

материал «Қабірді нұрға бөлейтін құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: